Білім • Бүгін, 11:18

Магистратураның грант конкурсына құжат қабылдау басталды

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеудің нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Магистратураның грант конкурсына құжат қабылдау басталды

Фото: Freepik

Министрліктің хабарлауынша, ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.

«Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады», делінген хабарламада.

Айта кетейік, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді 39 мыңнан астам адам тапсырған. Олардың 43%-ы шекті балл жинаған. Орташа көрсеткіш – 75 , ал ең жоғары балл – 132 балл болды.

Биыл елімізде магистратурада оқуға 13 мың грант бөлінді.

«Тестілеу қорытындысы бойынша 149 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 101 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 41 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кешенді тестілеуге кіргізудің үш деңгейлі жүйесінің арқасында 3 бөгде тұлға анықталды. Сондай-ақ тестілеу бейнежазбаларын қайта тексеру нәтижесінде 4 адамның балы жойылды. Атап өтсек, ереже бұзушылық өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылы – 281) шамамен екі есеге азайды», деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Грант конкурсына қатысу үшін үміткерлер келесі құжаттарды тапсыру қажет:

  • жеке куәліктің көшірмесі;
  • жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
  • КТ сертификаты; халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда).

Құжаттарды оқу орнына қабылдау комиссияларына офлайн, сондай-ақ виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн тапсыруға болады.