Жоба • 13 Тамыз, 2024

Жас буынға қамқорлық

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде ұлттық жастар онкүндігі қорытындыланды. Мерекелік бағдарлама әр өңірде ашық аспан астындағы «Жастармен бірге» концертімен түйінделді. Республика бойынша 3-12 тамыз аралығында барлығы 5 мыңнан астам іс-шара өткізілді.

Жас буынға қамқорлық

Бүгінде 14 пен 35 аралы­ғын­да­ғы ел жастары 5,7 млн-ды құрайды. Жыл басынан бері 20 мыңнан астам азамат кәсіби бағдар беру жұмыстарымен қамтылды. 130 мыңнан астам жас буын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың бағыттары бо­йынша консультациялық көмек алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масымен 2023-2029 жылдарға арналған мемле­кет­тік жастар саясатының тұжы­рым­да­масына тиісті өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жастардың бас ауруына айналған баспана мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Биыл наурыз айында «9-20-25 Отау» жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Бүгінде бағдарлама игілігімен 16 747 жас отбасы үйлі болуға ниеттенген. Сондай-ақ 18 жастан 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін отандастарымыз үшін еліміздің 16 өңірінде жылдық кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесі – 5%, бастапқы жарнасы – 10% және мерзімі 25 жылға дейінгі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары іске асырылды.

Одан қалды «Жұмыс істеп жүр­ген жастарға сатып алу құ­қығынсыз жалға берілетін тұр­ғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрыққа өзге­ріс енгізілді. Қағидада жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жыл сайынғы жинақтау шегін енгізу көзделді.

Шығармашылық және бел­сенді жастарды қолдауға қа­тысты «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының қағидаларына толық­тырулар енгізілді. Бірін­шіден, сыйлықақы мөлшері 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Екіншіден, «Қоғамдық қызмет» жаңа аталымы қосылды.

Жастар саясатының негізгі бағыттары – жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелерін шешу, бизнес-бастамаларды қолдау, сондай-ақ білім мен мәдениет деңгейін көтеру де жүйелі жүзеге асырылып келеді.

«Zhas project» жобасы аясында биыл ауыл жастары арасында 280 грант бөлініп, бизнес-жобаларын іске асыру үшін NEET санатына қолдау көрсетілді.

Бұған қоса «Тәуелсіздік ұр­пақтары» жобасы биыл да жал­ғасты. Жеңім­паздарға 3 млн теңге көлемінде 30 грант бөлу көзделген. Бастысы  волонтерлік саланы қолдау мақсатында «Волонтерлік» бағыт қосылды.