Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Биылғы 1 шілдедегі дерекке сүйенсек, ерікті қоныс аудару аясында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін біраз өңірге 4 869 адам көшіп барды. Бұл қоныстанушылардың 1 891-і шет мемлекеттерден келген қандастарымыз екенін атап өткен жөн. Барлық қоныс аударушыға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы бағыттағы іс-шараны әрі қарай қарқынды жалғастырып, жыл соңына дейін 9 483 адамды көшіру жоспарланып отыр.
Жұмыс күші тапшы өңірлерге орналасу көрсеткішін келтірсек, Павлодар облысына – 2 036 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 1 163 адам, Қостанай облысына – 540 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 402 адам, Абай облысына – 362 адам, Ақмола облысына – 285 адам, Қарағанды облысына – 43 адам, Ұлытау облысына 38 адам қоныс аударды.
Ал қоныстандыру аймақтарына көшкен қандастарымыздың үлес салмағына тоқталсақ, Өзбекстаннан – 631 адам, Моңғолиядан – 616 адам, ҚХР-дан – 472 адам, Ресейден – 110 адам және басқа елдерден 62 адам келген.
Сонымен, 1 491 еңбекке қабілетті қоныс аударушы мен 944 қандастың 1 288-і жұмысқа орналастырылды, 111 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 1 адам бизнес ашу үшін грант алды. Қоныс аударған азаматтар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салаларына жұмысқа тұрды.
Осындай ниетпен жаңа жерден орын тепкен отандасымыздың бірі – Көпбаев отбасы. Абай еліне қоныс аударған олар өмірінде оң өзгерістер болып жатқанын жеткізді.
«Біз өңірлік қоныс аудару квотасына 2024 жылы қосылдық. Жетісу облысының Талдықорған қаласынан Абай облысының Аягөз қаласына көшіп келдік», деді Рауан Көпбаев.
Рауан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген. Жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін ол мемлекеттік мекемеге бас бухгалтер болып жұмысқа орналасты.
Рауанның жұбайы бұрын «Бастау мектебі» ЖШС-де офис-менеджер болып жұмыс істеген екен, ал қазір декреттік демалыста. Ол «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтіп, өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғады. Өз ісін ашуды көздеген Көпбаев отбасы жазда жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант иегері атанып, 1 млн 476 мың 800 теңге көлемінде қаржы алды.
«Біз көптен бері бөдене өсіру кәсібін жолға қоюды ойластырып жүргенбіз. Енді міне, ойымыз жүзеге асқалы отыр. Бөлінген қаражатқа инкубатор, брудер, ауа баптағыш, тоңазытқыш, мұздатқыш және желдету жүйесін сатып алғалы отырмыз. Біз мемлекет тарапынан осындай қолдау шаралары көрсетіліп жатқанына дән ризамыз», деп Рауан ағынан жарылды.
Ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың бірқатар шарасы ұсынылады. Атап айтсақ, бұл – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бірреттік субсидия; отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау; қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдама; жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу; экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұған қоса өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.