Қоғам • 13 Тамыз, 2024

Кедергісіз қозғалысқа қолайлы ғимараттар

52 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бастап мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары барлық өңірде 1 701 тексеру жүргізді. Мұның 528-і – профилактикалық бақылау аясында, 270-і – жоспардан тыс, 973-і прокуратураның талабы бойынша іске асырылды.

Кедергісіз қозғалысқа қолайлы ғимараттар

Фото: mms-pandus.ru

Мәселен, Еңбек және әлеу­мет­тік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша де­пар­­таменті кресло-арбамен қозғалатын азаматтың өтініші негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша кафе-барға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектісі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ анықталған бұзушы­лық­тарды жою туралы нұсқама ен­гізілді.

Сонымен қатар өңірлердегі әлеуметтік инспекторлар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының бейімделу іс-шараларын жүргізуде оң динамика байқалатынын алға тартып отыр. Осындай қолайлы жағдайға Өскемен қаласындағы бірінші топ мүгедектігі бар баланың анасы Маржан Сұлтанғазина ризашылығын білдірді.

«Мүгедектігі бар адамдар үшін барлық қажетті жағдайлар жаса­лып жатыр. Кәсіпкерлердің қарамағындағы нысандардың барынша қолжетімді болуын назарында ұстауы қуантады. Бұл ретте мемлекеттік мекемелер де шағымдар мен ұсыныстарды ескере отырып, ғимараттарды жаңғыртудан өткізіп жатыр. Мысалы, №1 қалалық емханада, «DEVAL» корей оңалту орталығында, «Үлбі» қалалық аумақтық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүгедектігі бар адамдар үшін толық жағдай қарастырылған. Жалпы, облыс бойынша инфра­құрылым нысандарының қол­жетімділігі мәселелері шеші­ліп келеді деуге болады», деді М.Сұлтанғазина.

Осы орайда былтыр 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс күші­не енген кезден бастап елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілгенін атап өткен жөн. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қор­ғау, арнаулы әлеуметтік қыз­меттер көрсету, әлеуметтік қам­сыздандыру саласындағы заң­наманың сақталуын бақы­лау­ды жүзеге асыру кіреді.