Көрменің ашылу салтанатына Алматы және Прага қалаларының, Чехияның мемлекеттік, қоғамдық және мәдени топтарының, Прагада аккредиттелген дипломатиялық корпустың, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылар алдында Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Алматы қаласы мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Әсия Ақанова, Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова және Прага қаласы музейінің директоры Иво Мацек құттықтау сөз сөйледі.
Б.Дүйсенбаев өз сөзінде елдер мен халықтар арасындағы достық қатынастарды дамытудағы мәдени дипломатияның маңыздылығын атап өтті. Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының, Прага қаласы мэриясының және Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігінің қолдауы арқасында жүзеге асырылған бұл мәдени жоба екі ел халықтарын жақындастыру жолындағы кезекті қадам болды. Сондай-ақ дипломат қонақтарды 8–13 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары туралы хабардар ете отыра, оларды көшпелілердің дәстүрлері мен мәдениетін өз көзімен көру үшін осы ерекше іс-шараға қатысуға шақырды.
Бағдарламаның мәдени бөлігінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері өнер көрсетіп, танымал халық әуендері мен белгілі қазақ композиторларының шығармалары орындалды. Сонымен қатар іс-шара қонақтарына дәстүрлі қазақ тағамдары – құрт, ірімшік, жент, қазы ұсынылды.
31 тамызға дейін жалғасатын көрмеде Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің қорынан 220-дан астам экспонат ұсынылған. Экспозицияның негізінде қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, салт-дәстүрі, қолданбалы өнері туралы баяндайтын этнографиялық артефактілер, қазақ халық музыкалық аспаптары, сондай-ақ Алматы қаласының тарихы мен қазіргі өмірі туралы баяндайтын фотосуреттер бар.
Осы көрме арқылы Прага тұрғындары, сондай-ақ Чехия астанасының қонақтары қазақтардың тарихына көз жіберіп, мәдениетімен, тұрмысымен таныса алады. «Уақыт керуені» көрмесі – Қазақстан мен Чехияның мәдениетаралық диалогін жалғастырып, келушілерге дарқан қазақтың көшпелі өркениетінің бай мұрасын паш етері сөзсіз.