Ақ тұрымтайдың – сыртқы жүні ақ сұр, бауыры шұбар, тұрпаты басқа түрлерден үлкендеу болады. Құба тұрымтайдың сыртқы жүні қызғылт құбалау, бауыр жүні құла шұбар болады. Қызыл шұбар тұрымтайдың сыртқы жүндері қызғылт, бауыр жүні қызыл шұбар келеді. Тұрымтайдың кішкенесі – осы қызыл шұбары. Бірақ кішкене болса да өте ұшқыр келеді. Тұрымтай қартайғанда түсі өзгеріп, көк болып кетеді. Көгершіннен сәл-ақ үлкен, шағын құс. Тұрымтайдың бітімі сұлу, көзі мөлдір.
Қазақ құсбегілері оны тез көндіккіштігі үшін көбінесе ұядан алып, баулып, баптайтын болған. Кәнігі құсбегілер тұрымтайды да қырғи сияқты бауырын оң қолдың алақанына жатқыза, уыстай ұстап, нысана еткен құсына тас сияқты лақтырады. Мұны құсбегілер тілінде «мүскектеп салу» дейді. Бұл құстың басқаларда бола бермейтін бір қасиеті – иесіне ерекше үйірсек.
Шәулі тұрымтайдың арқасы көкшіл сұр, мойнының артқы жағында қоңыр қызғылт дақтары бар, бауыры сарғыштау, құйрығының ұшында жалпақ қара жолағы болады. Ұябасарының арқасы қоңыр сұр, бауыры ақшыл түсті, денесінде жолағы бар. Жағалтайдан айырмашылығы – мұртшасы жоқ, қанаты қырғидікінен ұзын әрі үшкір.
Жуықта жарық көрген «Қазақстан құстары» атты далалық анықтағышта елімізде тұрымтайдың 10 түршесінің үш түрі тұрақты өмір сүретіні айтылыпты. Бұлар еліміздің таулы өңірлерін мекендейді. Шәулісінің қанат ұзындығы 180–235 мм, салмағы 160–215 г, ал ұябасарында тиісінше 200–260 мм және 216–300 г.
Тұрымтай – жыл құсы. Наурыз – мамыр айларында ұшып келіп, ағаш басына немесе жерге ұя салып, 4-5 жұмыртқа басады. Бұл істі бір айдай ұябасары атқарады. Балапандарын дала тышқаны сияқты ұсақ жәндіктермен немесе бөдене, бұлдырық, тарғақ, қызғыш сияқты құстарды аулау арқылы асырайды.