Экономика • Кеше

Транзиттік дәліздің мүмкіндігі мол

71 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір еліміз батыс пен шығыс арасын жалғайтын сауда жолының жүру уақытын қысқартуды кешенді түрде қарастырып жатыр. Таяуда Құрық теңіз порты мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) байланыстыратын жол күрделі жөндеуден өтті. Республикалық маңызы зор магистральдің ұзындығы 64 шақырым болады. Жол пайдалануға берілгеннен кейін барлық транзиттік жүк Құрық портына тікелей барады.

Транзиттік дәліздің мүмкіндігі мол

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жүк ағыны артады

Бұрын жүк тасымалдаушылар Ақтау қаласының ішімен жүруге мәжбүр болса, енді теңіз айлағына Жетібай ауылы арқылы кесіп өтеді. Сөйтіп, уақыт үнемдейді.

Еліміз ашық теңізбен шектеспесе де жер кіндігі – Еуразия кеңістігінде, өте қолайлы аумақта орналасқан. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда айналымы су жолдары арқылы айлап сапарласа, құрғақ жолмен қазақ жерін кесіп өтіп, діттеген нүктеге 12-13 күнде жетеді. Бәрінен уақыт қым­бат, қазіргідей кезеңде қай­сы бағыт­тың  тиімді боларын шарта­раптағы барлық ел көріп-біліп отыр. Демек, тран­зитті үйлестіру, ұштастыру ісі оңалса, экономиканың бір тармағы мейлінше өрістей түсері анық.

«Күре жол пайдалануға бе­рілгеннен кейін Транскаспий халықаралық транзиттік дә­лізіне еліміздің аумағы бо­йынша шығу уақыты 2 сағатқа қысқарады. Жол құрылысына отандық мате­риал­дар қолда­нылды. Жаңар­ған магистральде мамандар темір­жол арқылы өтетін өткел, 3 мал айдау өткелі, жолды уақтылы күтіп-ұстау­ға мүмкіндік беретін база мен 18 су өткізу құбыры орнатылған», дей­ді Көлік ми­нистрі Марат Қарабаев.

«Kazlogistics» бас директорының мінде­тін атқарушы Талғат Лесов те жуырда кәрі түбекке ат басын тіреді. Ақтау мен Құрық порттарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Құрық порты мен «Саржа жүк терминалы» ЖШС қызметін көзден кешірді. «Құрық транзит» ЖШС өкілдерімен кездесіп, порт инфрақұрылымын жаңғыртып, жүк ағынын арттыруды, халықаралық тасымал жағдайын жақсартуды талқылады. Одан кейін «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ мен «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС-на ат ба­сын бұрып, жүк жеткізу тізбегін оңтай­ландыруды, инновациялық технология енгізуді, порттың экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірлескен жобаның мүмкіндігіне назар аударды. Сөйтіп, теңіздегі жүк айлақтарында жүргізіліп жатқан жұмыс­ты тағы бір пысықтады.

 

Көлік әлеуеті артады

Жаңа Транскаспий бағыттарын дамыту шарасы мемлекет басшыларының деңгейінде шешімін тауып жатыр. Есте болса, Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «China-Europe Trans-Caspian Express» жаңа жобасын телекөпір арқылы салтанатты түрде іске қосқан еді. Бұған қарап Орта дәліздің әлеуеті ай санап арта беретініне көз жетеді.

Жоба Еуразия кеңістігіндегі мультимо­дальді көлік байланыстарын жақсартуға арналған. Оның ішінде «Орта дәліз» аталып кеткен Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін кең пайдалануға бағыт­талған. Осы дәліз арқылы Қытай темір­жол­дары бұдан былай да Әзербайжанға тұрақ­ты жүк тасымалдау қызметін ұйымдастырып отыр. «Қорғас» шекара өткелінен өткен жүк Қазақстан теміржолымен Каспий теңізіндегі Ақтау портына және кемеге тиелгеннен кейін Баку портына жүзіп барады. Сианьнан жүкті жеткізу шамамен 12 күнде жүзеге асырылады. Жаңа қызмет Қытай мен ТХКБ желісі бойындағы елдер арасындағы сауданың дамуын жылдамдатады.

«Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 млн тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ портта жүзеге асырылған жобаның нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші транс­шекаралық теміржол құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді», деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде ҚХР төрағасы Транскаспий дәлізі үшінші трансшекаралық теміржол құрылысын жеделдететіндерін айтты.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясын­дағы ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Қысқа мерзімде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрия­ландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысты ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының жол карта­сын іске асырамыз. Транскаспий халық­ара­лық көлік бағдары мен елдер арасындағы үшінші трансшекаралық теміржол құры­лысын тездетеміз. Сонымен қатар негізгі минералдық ресурстар, баламалы энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифрландыру сала­ларындағы дамудың жаңа бағыттарын бірге ілгерілетуге ниеттіміз», деді Си Цзиньпин.

 

Дамудың соны үрдістері

«Контейнерлік тасымалдың инновация­лық үрдістері және мультимодальді стра­тегия­лары» атты дөңгелек үстелде Транс­каспий халықаралық көлік бағдары бойын­ша жүк ағынын ұлғайту мен тиімді­лі­гін арттыру үшін порттар арасында опера­циялық тәжі­рибе алмасу әңгіме өзегіне айналды. Жиын­ға елдегі теңіз порттарының өкіл­дері, экс­порттаушылар, жүк иелері, бейінді ми­нистрліктер, қауымдастықтар мен басқа да ішкі экономикалық қызмет қа­тысушылары, сондай-ақ «Kazlogistics» ҚКО бас директорының міндетін атқарушы Талғат Лесов қатысып, саладағы сұраулы мә­се­лелерге назар аударды.

Іс-шарада өңірлік сауда мен экономикалық дамуда Транскаспий халықаралық көлік бағдары маңызының зор екеніне мән берілді. Осы бағдарды логистикалық тиімділік пен экономикалық өсімді арттыру үшін қолдануға ниет танытқандар болды. Негізі бұл бағдардың дамуына елімізде мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп отыр. Парламент Сенаты «Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Келісімнің мақсаты – бағдар бойынша мультимодальді тасымалдауды дамыту үшін автомобиль, теңіз және теміржол көлік түрлерінің басымдығын тиімді пайдалануға жәрдемдесу. Келісім Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі дамуын­ жақсартуға жол ашады.

Терең өңделген өнімдердің экспортын арттыра бастаған біздің ел үшін бұл шара­ның игілігі мол. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта теміржол көлігімен тасы­мал­данатын шикізаттық емес экспорт көлемі ұлғайды. Алты айда шикізаттық емес жүк экс­портының көлемі шамамен 10 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Атап айтқанда, химиялық және минералды тыңайтқыштар 11%-ға, түсті металдар 9%-ға, қара металдар 15%-ға және бидай ұны, тұз, өсімдік майы 11%-ға артқан. Сонымен қатар ҚХР бағытында жал­пы экспорт көлемі күн санап ұлғайып бара жатыр. Мысалы, биылғы жарты жылдың ішін­де өсім 19%-ды немесе 6,8 млн тоннаны құрады.

Осы жетістіктерді дұрыс реттеп отыру үшін мемлекеттік органдар деңгейінде арнайы штаб құрылып, жұмыс істеп тұр. Штабтардың отырысы жоспарлы түрде апта сайын өткізіледі. Онда барлық мәселе тез арада қаралып, оң шешімін табады.

 

Жаңа бағыт

Таяуда алғашқы контейнерлік пойыз Қа­зақ­стан арқылы Ираннан Қытайға «Солтүстік – Оңтүстік дәлізі» арқылы өтеді. Сөйтіп, Априн құрғақ порты мен теміржол терминалында Қытай – Иран  – Еуропа теміржол дәлі­зінің бірін­ші кезеңі іске қосылды. Пайдалы қазба­лар тиелген пойыз Инчебурунға барып, Түрік­менстанды кесіп өтіп, біздің елдің Алтынкөл стансасына, одан әрі Қытайдың Иу қаласына жетеді. Пойыз 10 297 шақырымды бағындырады. Жол екі аптаға созылады, бұл – жүкті теңіз арқылы жеткізуге кететін уақыттың жартысына жуығы.

Еліміздің Ирандағы елшісі Асхат Оразбай алдағы уақытта бұл теміржол бағыты Түркия­мен, Еуроодақпен жалғасады деген үміт барын айтты. Бұған дейін Ресей, Қазақстан, Түрікменстан және Иран «Солтүстік – Оң­түстік» халықаралық көлік дәлізі шығыс бағытының әлеуетін синхронды дамытудың 2024–2025 жылдарға арналған жол картасына қол қойған еді. Ашхабад былтыр жыл аяғында Түрікменстан – Иран экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 17-отырысы барысында Тегеранды «Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран» көлік-транзиттік дәлізі бойынша тасымалдауды жандандыруға шақырды.

Одан сәл бұрын Түрікменстанның көлік және теміржол ведомствосының өкілдері Қазақстан, Өзбекстан, Иран және Түркиядан келген әріптестерімен бірге келіссөз жүргі­зіп, соның аясында елімізде жаңа көліктік-транзиттік дәлізді қалыптастыру туралы келісім жобасы әзірленді. Қытайдың Иран арқылы ЕО-ға баруы талқыланды.