Фото:gov.kz
«QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясының хабарлауынша, жобалардың ішінде сұйық азот, натрий пиросульфиті, химиялық реагенттер өндірістері бар. Шығарылады деп жоспарланған өнімдердің шамамен 70 % - ы еліміздің ішкі қажеттіліктеріне бағытталады.
Айта кетейік, биылғы жылы осы салада Қазақстанда 2 химиялық кәсіпорын іске қосылған. Атап айтсақ, Маңғыстау облысында аммоний сульфатын өндіру және Алматыда тұрмыстық химия және жеке гигиена құралдарын шығару кәсіпорындары. Аталған жобаларға 4,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 36 жаңа жұмыс орындары құрылған.
«Жүзеге асыру сатысында құны 790 млрд теңгені құрайтын тағы 22 жоба бар. Олардың ішінде жасыл сутегі, уран тотығы, литий карбонаты, поливинилхлорид, аммоний паравольфраматы және басқа да химиялық өнімдер өндірісі бар. Бұл нысандардың ашылуы 4700 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 45% - дан астамын жақын және алыс шетелдерге экспорттау жоспарланды. Алдағы уақытта салада құны 13,4 трлн теңге болатын 26 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 62 жоба пысықталып жатыр. Отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп полиэтилен, калий тыңайтқыштары, аммиак селитрасы, натрий цианиді және химия өнеркәсібінің басқа да өнімдерін өндіруді іске қосу жоспарланды», деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жалпы химия өнеркәсібі портфелінде барлығы 94 жоба бар. Олардың құны 14,2 трлн теңгеден асады. Аталған жобаларды толық іске асыру кезінде 31,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.