Сайынның «Жабайы алмасы» көп оқырманға таныс. Шығармада сұрапыл соғыс жылдарындағы тылдағы ауыр тіршілік қаз-қалпында суреттеледі. Кейіпкерлер қандай қиыншылықтарға, тағдырдың талқысына түссе де, адамдық бейнені, адамгершілік қасиетті жоғалтпауға, өмірге деген үміттен түңілмеуге, тағдыр тауқыметіне мойымауға, адалдық пен әділдікті баян етіп, адал жанын, таза ниетін сақтауға тырысады.
Жаңа жобаның продюсері – Назгүл Қарабалина, қоюшы-режиссері – Айдын Сахаман, сценарий авторы – Қанат Рамазан. Актерлік құрамға келсек, Қанатты – Заңғар Миятұлы, Назираны – Жәнел Атамбекова, Бағиланы – Назгүл Қарабалина, Зибаш – Мадина Келгенбай, Нұрсұлуды – Мадина Құлсейітова, Бүбінайды – Зәуре Көпжасарова, Байдалыны Омар Қиқым ойнайды.
«Үлкен шығарманы алты серияға сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан кей сюжеттерді сценарийде қамти алмадық. Яғни 70-80 пайызы кітаптан алынса, 20-30 пайызы – сценарий авторының еңбегі. Соғыс кезінде болғандықтан оқиға уақытын ауыстыруға тура келді. Шығармада көп сюжет жазда болса, сериалда қыста суреттеледі. Актерлік құрам театрлардан жинақталды. Бәрі – елге белгілі, танылған өнер адамдары. Сол кездегі қазақ даласын түсіру, шынайылықтан алыстамау оңай емес. Алматы маңындағы Ақөзек деген ауыл таңдап алынды. Суретшілер сол заманға сай етіп, декорацияларын жасады, реквизиттер іздеп, костюмдерді лайықтап тігу біраз уақыт пен күш-қуатты қажет етеді. Қазір жазғы түсірілім жұмыстарын аяқтадық. Ең негізгі қыста болатын түсірілімге дайындалып жатырмыз», дейді режиссер Айдын Сахаман.