Спорт • 15 Тамыз, 2024

Еркін күресте есеміз кетіп жүр

158 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Париж Олимпиадасында еркін күрестен Қазақстанның ұлттық құрамасына бірде-бір жүлде бұйырмағаны, әрине, өкінішті. Сенім артқан төрт балуан бастапқы бәсекелерінде жеңілістің кермек дәмін татып, елге еңсесі түскен күйде оралды. Бірақ одан жарыстың қызығы мен шыжығы еш кеміген жоқ. Барша жанкүйер әлемнің әр қиырынан келген сақа спортшылар мен дарынды жастардың «жан алысып, жан беріскен» айқастарын тамашалап, солардың өрелі өнерінен керемет әсер алды.

Еркін күресте есеміз кетіп жүр

Елдің күткені – «Эл-класико»

Футболдан Испанияның қос гранды – Каталонияның «Барселонасы» мен Мадридтің «Реалы» арасындағы бәсеке «Эль-класико» деп аталатынын көрермендердің бәрі біледі. Бітіспес қарсыластардың Ла Лигадағы тарты­сын төрткүл дүние жұртшылығы әр жыл сайын тағатсыздана күтеді. Күрестің де «Эл-класикосы» бар. Жер-жаһан жанкүйерлері Парижде 86 кг салмақ дәрежесіндегі Дэвид Тэйлор (АҚШ) мен Хасан Язданидің (Иран) және 97 кг салмақтағы Абдулрашид Садуллаев (Ресей) пен Кайл Снайдердің (АҚШ) «жан алысып, жан беріскен» айқасын көрсек деп ерекше құштарланды. Бірақ ғаламдық додада аталған арыстандар­дың жолы қиыспады. Оның түрлі себебі бар. Мәселен, 33 жастағы Тэйлор АҚШ-тағы ішкі бәсекелестікке шыдамады. Атағы алысқа жайылған апайтөс іріктеу турнирінде ойда-жоқта өзінен тоғыз жас кіші, кадеттер мен жастар арасындағы әлем біріншілігінің (U-23) жеңімпазы Аарон Брукске есе жіберді. Саяси жағдайға байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Ресей спортшыларының басым бөлігін төртжылдықтың басты жарысынан шеттеткені белгілі. Солардың арасында атағынан ат үркетін, Олимпия мен Еуропа ойындарының екі дүркін жеңімпазы, әлемнің бес және Еуропаның төрт дүркін чемпионы 28 жастағы Абдулрашид Садуллаев та бар. Сол сәтте Яздани мен Снайдердің чемпиондық атаққа таласу үшін енді еш кедергі жоқтай көрінді.

Кей жағдайда жорамалдың жоққа шығып жататыны белгілі ғой. Бұл жолы дәп солай болды. Ақтық сынға дейін алқынбай жеткен Хасан Яздани шешуші тұста Болгарияның туы астында күш сынасып жүрген дағыстандық Магомед Рамазановпен белдесті. Бұл бәсекенің фавориті Парсы елінің пехлеваны еді. Алайда сын сағатта оның иығы шығып кетті. Бәсеке барысында бірнеше рет дәрігердің көмегіне жүгінген батыр ұл соңына дейін айқасуға бел буды. Жарақаты жанына батса да, бас жүлде үшін барын салып, еш аянбай айқасты. Бірақ ойна­ма­лы иық Язданидің еркін көсілуіне мүмкін­дік бермеді. Жеңіс Рамазановтың енші­сін­де кетті. Есеп – 7:1.

Финалда авар ұлының азаматтық та­нытқанын атап өткен жөн. Рамазановта жаралы жолбарыстың жарақатын асқындырамын деген ниет те болған жоқ. Ол арамза әрекетке бармады. Айқын басымдықпен ұтуға болатын тұста болгариялық тартынып күресті. Тау ұлының атағы жер жарған қарсыласының жігерін жасытқысы келмегені сырт көзге анық байқалды. Оны Язданидің өзі де аңғарды. Міне, мәрттік деген осы емес пе! Бәсеке аяқталған тұста Хасан Магомедті құшағына қысып, маңдайынан сүйді. Міне, қос елдің батырлары бір-бірін осылай құрметтеді. Нәтижесінде Магомед Рамазанов алтын алса, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Хасан Яздани ғаламдық додада қатарынан екінші рет күміспен күптелді. Грекиялық Дәурен Круглиев пен Аарон Брукс қола медаль еншіледі.

Рио-де-Жанейрода алтын алып, Токио­да күміске қол созған Кайл Снай­дер әлем (3+2+2) мен Панамерика чемпионаттарында (7+0+0) жеті және Әлем кубогі (2+1+0) мен Панамерика ойындарында (3+0+0) үш реттен жеңіс тұғыры­ның ең биік сатысына көтерілген. Былтыр Белградтағы дүниежүзілік додада АҚШ-тың апайтөсі Бахрейннің туы астында күрескен 20 жастағы авар ұлтының өкілі Ахмед Тажудиновтен ойда-жоқта ұтылды. Онымен қоймай Ахмед өзінің даңқы алысқа жайылған қандасы әрі ұстазы Абдулрашид Садуллаевқа да сан соқтырды. Сена өзенінің жағалауында қос дүлдүлдің жолы қайта қиысты. Бұл бәсекеде де Таджудиновтың мысы басым болды – 6:4. Финалда ол грузиялық Гиви Мачарашвилиді бір жарым минутқа жеткізбей, қос жауырынымен жерге қадады. Ирандық Әмір Әли Азарпира мен беларусьтік Магомедхан Магомедов үшінші орынға тұрақтады.

 

Жеңіс тұғырындағы жампоздар

Аталған жарыстағы 65 кг салмақ дәрежесінің басты фаворитін атауға дуалы ауыз мамандардың өздерінің жүрегі дауаламады. Бас жүлдеден дәмелілер арасында әзербайжандық Гаджи Әлиев, мажарстандық Исмаил Мусукаев, америкалық Зеин Ризерфорд, қырғызстандық Ерназар Ахматалиев, моңғолиялық Төмер Очир Тұлға, армениялық Вазген Теванян, кубалық Александр Вальдес, пуэрторикалық Себастьян Ривера және албаниялық Ислам Дудаев сынды кілең ығай мен сығайлар болды. Алайда Сена жағалауында сол дүлдүлдердің бірде-біреуіне алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырмады. Көпшілікке есімі беймәлім Котаро Киёока олардың барлығының «аузын ұрып» кетті.

23 жастағы Жапонияның балуаны бұ­ған дейін ресми халықаралық жарыстарда жүлде алмаған. Тіптен Азия деңгейін­де дараланған кезі де есте жоқ. Котаро­ның бір ғана ерлігі – аталған мемлекеттің ішкі біріншілігінде Токио Олимпиадасы мен Будапештегі әлем чемпионатында топ жарған атақты Такуто Отогуроны «топ еткізуі». Францияның бас шаһарында барлық қарсыласын ұпай санымен ұтқан Киёока ақтық сынға дейін жетті. Ал оның финалдағы қарсыласы атақты Рахман Амузад еді. Иранның дүлдүлі өз кезегінде Зеин Ризерфорд (8:0), Ислам Дудаев (11:0) және Исмаил Мусукаевтың (10:0) тас-талқанын шығарды. Финалда екеуі жолықты. Бәсекені қарқынды бастаған Котаро Киёока Амузадқа адым аштырмады. Оны әп-сәтте жығып алды да, кілемнің үстінде шыр айналдырды. Енді оған бір әдіс жасаса да жеткілікті еді. Масқара болып ұтылуға шақ қалған ирандықты төрешінің ысқырығы құтқарды. Бірінші кезең 9:1 есебімен аяқталды. Үзілістен кейін Рахман қанша талпынса да, жапон жігіті оған ештеңе істетпеді – 10:3. Қола медальды Себастьян Ривера мен Ислам Дудаев иемденді.

57 кг салмақтағы Рэй Хигути Рио-де-Жанейродағы күмісін Парижде алтынға алмастырды. Жапонияның жұлдызы финалда америкалық Спенсер Лиге сан соқтырды. Үшінші орында – үнділік Аман Аман мен өзбекстандық Уломжон Абдуллаев. 74 кг салмақта Разамбек Жамалов жеңімпаз атанды. Дағыстан спорт­­шысының Өзбекстан азаматтығын ал­­ғанына жарты жылдай ғана уақыт болды. Көршілеріміз дұрыс таңдау жаса­ған екен. Сол легионер Францияның астанасында өзбектің әнұранын шырқатты. Финалда Жамалов жапониялық Даити Такатаниді тізе бүктірді. Америкалық Кайл Дэйк пен албаниялық Чермен Валиев қолаға қол созды.

Алыптардың айқасы Гено Пет­риашвилидің жеңісімен аяқталды. Гру­зияның тау тұлғасы уақыт озған сайын Олимпиададағы көрсеткішін жақсартып келеді. 2016 жылы ол қола алса, 2021 жылы оны күміске алмастырды. Міне, енді орда бұзар 30 жасында алтын тұғырдан қол бұлғады. Финалда Гено Токиода күміс алып, әлем чемпионатын екі рет ұтқан ирандық Әмір Хуссейн Заремен күш сынасты. Бұл айқасты көрген де арманда, көрмеген де арманда. Бірінші кезеңді Петриашвили 10:1 есебімен өз пайдасына шешті. Таза ұту үшін оған бір ғана ұпай жетпей тұрды. Үзілістен кейін 23 жастағы Әмір Хуссейн қарқынын күрт күшейтіп, бірден сегіз ұпай олжалады. Абырой болғанда Грузия балуаны осы сәл ғана басымдығын сақтап қалды. Есеп – 10:9. Гено Петриашвили чемпион атанса, Парсының пехлеваны күмісті қана­ғат тұтты. Қола медаль әзербайжандық Георгий Мешвилдишвили мен түркиялық Таха Ақгүлдің мойындарында жарқырады.

 

Дәурен бізге бөтен емес

86 кг салмақта сайысқа түскен гре­киялық Дәурен Круглиевтің қола медаль олжалағанын жоғарыда айттық. Оның тек Иранның даңқты балуаны Хасан Язданиге әлі жетпеді. Өзге белдесулерде пуэрторикалық Итан Рамос (Пан­американың екі дүркін жүлдегері), аустралиялық Джейден Лоуренс (Мұхит жағалауы елдері біріншілігінің бес дүр­кін жеңімпазы) пен Сан-Мариноның туы астында өнер көрсететін АҚШ-тың апай­төсі Майлс Аминнен (Олимпиада мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы) басым түсті. Дәуреннің бұл табысына гректер мен дағыстандықтар­дан бөлек, қазақ жанкүйерлері де қуанды.

пр

Ежелгі Эллада елінің өкілі жайында бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Оның бөле ағасы Магомед Круглиев ұзақ жылдар бойы халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыройлы қорғады. 2005 жылы Будапештегі әлем чемпионатында Круглиев қола медаль иеленді, 1996–2006 жылдар аралығында өткен Азия ойындары (1 күміс, 2 қола) мен құрлық чемпионаттарында (1 күміс, ­2 қола) үш реттен жеңіс тұғырына кө­теріл­ді, 1997 жылы Шығыс Азия ойында­рын­­да бас жүлдені олжалады. Магомед әлі ­де біздің елде тұрып жатыр. Биыл ердің ­жасы 50-ге толған танымал спортшы Ақтауда жаттықтырушы болып еңбек етеді.

1992 жылдың 12 шілдесінде Круглиевтер отбасында шыр етіп дүниеге нәресте келді. Отбасы мүшелері кеңесе келе, оның атын Магомед қойсын деген ұйғарымға келді. Сол уақытта республика деңгейінде танылып үлгерген бозбала оған өзінің жеке жаттықтырушысы Дәурен Атамқұловтың есімін беруді құп көрді. Сол Дәурен бүгін төрткүл дүниеге танылды. Әуелі Ресейдің, кейіннен Грекияның намысын қорғаған ол 2017–2024 жылдар аралығында Еуропа ойындарын – бір, Әлем кубогін – екі және құрлық чемпионатын үш реттен ұтты. Басқа да көптеген халықаралық турнирде топ жарды. Міне, енді Олимпия ойындарында олжаға кенелді.

Жалпы, Круглиевтерді балуандар әулеті деп айтсақ, еш қателеспейміз. Мәселен, Магомедтің ұлы Кәмилдің де есімі Қазақстанда құрметпен аталады. Ол – кадеттер арасындағы әлем біріншілігі­нің қола жүлдегері, жасөспірімдер мен жас­тар арасындағы әлем (U-20) және Азия (U-17, U-20) чемпионы. 97 кг салмақ дәрежесінде күресетін Круглиев былтыр Қазақстан чемпионатында қола медаль еншіледі. Қазір ол 19 жаста. Осы спорт түрінің басы-қасында жүрген мамандар келешекте Кәмил Әлішер Ерғали мен Ризабек Айтмұханға лайықты қарсылас болады деп топшылайды. Әрине, оған қуанамыз. Өйткені бәсекелестік болған жерде нәтиженің де болатыны белгілі.

 

«Кірмелерге» күні қараған командалар

Кейбір мемлекеттің мерейін үстем еткен легионерлер екені рас. Әңгімемізді чемпиондардан бастайық. Күрес түрлерінен Өзбекстанға жалғыз алтынды сыйға тартқан Разамбек Жамалов (74 кг) Дағыстанның Хасавюрт қаласындағы ағайынды Бувайсар мен Адам Сайтиевтердің мектебінде шыңдалған. Магомед Рамазанов (74 кг) – авар. Ол да Хасавюрттен. Бұл балуан 2008 жылы Бейжіңде Тәжікстан құрамасының қоржынына күміс медаль салған өзінің қандасы Юсуп Абдусаламовтың қол ас­тын­да жаттығады. Алты құрлықтағы дү­лей күш иелерінің барлығын да жыққан Ахмед Тажудинов (97 кг) Дағыстандағы Гер­биль деп аталатын шағын ғана ауылда дү­ниеге келді. Өзінің отандасы, ұстазы әрі бә­се­келесі Абулрашид Садуллаевтың залында даярланған авар ұлтының 20 жастағы арыстан жүректі жігіті осы табыстарымен ғана шектеліп қалмайтыны анық.

Албания тарихындағы Олимпиаданың тұңғыш жүлдегерлері Чермен Валиев (65 кг) пен Ислам Дудаев та (74 кг) – легионерлер. Алғашқысы – шешен, екіншісі – осетин. Әзербайжанның туын биікте желбіреткен қос апайтөс Магомедхан Магомедов (97 кг) – Дағыстаннан, Георгий Мешвилдишвили (125 кг) – Грузиядан. Грекияның мерейін үстем еткен Дәурен Круглиевтің (86 кг) лезгин екенін жоғарыда айттық. Міне, Қап тауы қырандарының қаншалықты қарулы екенін осы мәліметтердің өзі-ақ аңғартып тұр.

 

Мансабын аяқтаған марғасқалар

Грек-рим күресінен жарыс аяқтал­ғаннан кейін даңқы жер жарған 42 жас­тағы кубалық Михаин Лопес (130 кг) пен 33 жастағы украиналық Жан Беленюк­тің (87 кг) бозкілеммен қош айтысқаны жайында біз бұған дейін жазғанбыз. Көп ұзамай олардың қатарына 35 жас­тағы әзербайжандық Сабах Шариати (130 кг) мен 40 жастағы өзбекстандық Руслан Ассакалов (97 кг) қосылды. Олардың екеуі де осы жарыстың жеңіс тұғырына сы­нық сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орын­ды қанағат тұтты.

Еркін күрестен бәсекелер аяқталған бетте аса ауыр салмақта айқасқан түр­киялық Таха Ақгүл мен қырғызстандық Айаал Лазаревтің үлкен спорттан қол үз­гені белгілі болды. Анадолыдан келген арыстанның бағындырмаған белесі жоқ. Ақгүл Олимпия ойындарында – үш (1 ал­тын+0 күміс+2 қола) және әлем чем­пионатында сегіз рет (3+2+3) жеңіс тұғырына көтерілді. 10 рет Еуропа чем­пионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, бас жүлдені қанжығасына бай­лады. Дүниежүзілік универсиада мен Еуропа ойындарын бір-бір реттен топ жарды. Ондай бақ екінің бірі­­не бұйырмайтыны белгілі. Сол себепті де ­­34 жас­тағы Таха Түркия халқының алдында өз парызын толығымен өтеді деп ­нық сеніммен айтуға болады.

38 жастағы Айаал Лазарев Якутияда дүниеге келгенімен, Қырғызстанның даң­қын арттыру үшін көп еңбек сіңірді. Иә, Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында оған жүлделі орындардың бұйырмағаны рас. Десек те 125 кг салмақ­та айқасқан Айаал 2010–2024 жылдар аралығында Әлем кубогі мен Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азия чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 3 қоланы еншіледі. Үш Олимпиадаға қатысты. Бірақ үшеуінде де жолы болмады. Бұл жолы қола медаль үшін тартыста Таха Ақгүлге жол берді. Сөйтіп, екі бірдей мықты балуан бір мезетте бозкілеммен қош айтысты.

 

Жүлде бұйырған жоқ

Отандық еркін күрес шеберлері күні бүгінге дейін Олимпия ойындарында ­2 кү­міс пен 4 қолаға қол жеткізді. Бар­лығы – 6 медаль. Алаш жұртына алғашқы жүлдені Мәулен Мамыров сыйлады. Аса жеңіл салмақта күрескен алтын асықтай ұлымыз 1996 жылы алыстағы Атлантада қола медальді мойнында жарқыратты. 2000 жылы Сиднейде Ислам Байрамуков пен 2004 жылы Афинада Геннадий Лалиев күміспен күптелді. 2008 жылы Бейжіңде Марид Муталимов, 2012 жылы Лондонда Ақжүрек Таңатаров және 2021 жылы Токиода Нұрислам Санаев үздік үштікті түйіндеді.

Жоғарыда есімі аталған балуандар­дың тең жартысы легионер екенін де жоққа шығармаймыз. Лалиев – осетин, Муталимов – құмық, Санаев – тыва. Арзан жолмен абыройға кенелуді мақсат тұтқан мамандар оларды елге әкелді. Ал дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтеріле алмай кеткен «келімсектердің» қатары тіптен қалың. Спорттың бұл түрінде біз үнемі легионерлерге басымдық беріп келгеніміз белгілі. Өзгеге келгенде қашанда құшағын кең жайып, үнемі еміреніп тұратын атқамінер азаматтар өз ұлдарымызды өзекке тебуден тартынбады. Егер жалған сөйлесем, әділетсіздік­тің азабын молынан татқан Нұржан Қатаев, Ақжүрек Таңатаров, Дәулет Ниязбе­ков, Дәурен Жұмағазиев, тағы бас­қа белді балуандардан мәселенің мән-жа­йын анықтаса болады.

Былтыр Белградта 86 кг салмақ дәре­жесінде күш сынасқан 19 жастағы Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның еркін күрес тарихындағы теңдессіз оқиға! Бұған дейін бірде-бір отандасымыз төрткүл дүниенің дүлдүл­дері жиналған дүбірлі додада бас жүлдеге қол жеткізе алмаған. Ризабектің жеңісі біз­дің жігіттерді жігерлендіреді, олардың бойындағы жеңіске деген құштарлықты арттырып, намысын қамшылайды деп ойладық. Бірақ әлі ештеңе өзгермеген екен. Парижде өнер көрсеткен төрт балуа­нымыздың бәрі де бастапқы бәсекелерін­де ұтылды.

 

Жапондар жарады, АҚШ алтынсыз қалды

Еркін күрес шеберлерінің сайысын­да Жапония құрамасының қарқыны күш­ті болды. Олар 2 алтын мен 1 күмісті олжалап, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші және үшінші орында – Грузия мен Өзбекстан. Қап тауы қырандарының 1 алтыны мен 1 күмісі, ала тақиялы ағайындарымыздың 1 алтыны мен 1 қоласы бар. Бесінші сатыға Болгария мен Бахрейиннің балуандары жайғасты. Бұл елдің беткеұстарлары бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілді. Одан кейінгі сатыларға Иран (0+3+1), АҚШ (0+1+2), Албания мен Әзербайжан (0+0+2), Үндістан, Пуэрто-Рико, Грекия,Түркия (0+0+1) тұрақтады.