Жуырда Шымкентте сол жапондық бастаманың негізінде «Бір ауыл – бір өнім» атты іс-шара ұйымдастырылып, жобаға қатысушы кәсіпкерлер өз өнімдерін арнайы өткен жәрмеңкеде жұртшылыққа таныстырды. Игі іске мұрындық болған мекеме – аймақтық кәсіпкерлер палатасы. Нақтылай түссек, жалпы жәрмеңкеге 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың мәлімдеуінше, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы тек шаһардың өзінде емес, республика көлемінде жүзеге асырылып келеді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті шикізаттан өнім өндіруді, сол аймақтың өзінде кәсіпкерлік саласын дамытуды көздейді. Жоба тұжырымдамасы мынадай: аз да болса саз болсын, сондықтан бәсекеге қабілетті сапалы бір ғана өнім өндірілуі шарт.
«Бұл жоба ХХ ғасырдың 70-жылдары Жапонияда басталған. Сол кезеңде Күншығыс елінің елді мекен тұрғындары немесе белді бір кәсіпкері бәсекеге қабілетті бір өнім жасап, соны ішкі нарыққа шығаратын. Сол арқылы табысқа кенеліп әрі бизнес саласының қыр-сырына қанығатын. Жапондықтардың еңбекқорлығына бұл жоба тағы да қосымша үстеме қосып берді. Сонымен бірге олардың өрлеу сатысының ең бір сәтті кезеңдерінде осы жобаның қатарласа жүруінде де бір мән жатыр. Яғни халқының әлеуетінің күшеюіне «Бір ауыл – бір өнім» бастамасы қатты әсер еткен. Аталған жоба жай ғана қағазға белгі соғу үшін өткізілетін іс-шара емес. Оның артында үлкен келешек жатыр. Бір ауыл бір өнім шығаруды үйренсе, ертең ол соның табыс көзі, пайда түсіретін бизнесі болады. Әрі өңірдің қуаты артса, тұтас еліміздің экономикасы күшейеді. Қазіргі таңда бұл жоба әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылып келеді. Ал елімізде жобаға 2022 жылдан бері Ұлттық экономика министрлігі қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жоба аясында іс-шараны ұйымдастыру, жәрмеңкелердің өтуіне мұрындық болу міндеті жүктелген. Ең бастысы, «Бір ауыл – бір өнім» бастамасына жергілікті әкімдік пен іскер әйелдер кеңесі де тиісті дәрежеде қолдау көрсетіп отыр. Жалпы, айта кету керек, жобаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің барлық өкілі мен іскерлік қабілеті бар кез келген тұрғын қатыса алады», дейді С.Адамбекова.
Кәсіпкерлікті дамытуда Шымкент қаласы әкімдігінің де алатын орны ерекше. Жергілікті атқарушы биліктің өндіріс, бизнес саласына жауапты басқармалары өңірлік кәсіпкерлер палатасымен осы күнде өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізеді. Бизнес жүргізу ісінде орын алған кемшіліктерді анықтау мен олардың салдарын жою, түрлі кедергі мен қиындықтың алдын алу мен кәсіпкерлікке нұқсан келтіретін жағдаяттарды болдырмау мақсатында іске асырылатын профилактикалық іс-шаралар жергілікті әкімдіктің мамандарымен бірлесіп атқарылады. Мәселен, палатада өтетін өңірлік кеңестердің отырысына міндетті түрде қалалық әкімдіктің тиісті сала өкілдері маман ретінде шақырылады. Өйткені кәсіпкерліктің дамуына бірінші кезекте жергілікті атқарушы билік көбірек мүдделі. Олай дейтініміз, Президенттің Жолдауда айтылған өнеркәсіп, бизнес саласын өркендетуге қатысты тапсырмаларын орындау – ең алдымен Үкімет пен осы өңірлік атқарушы биліктің мойнындағы парыз. Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына барынша көңіл бөліп отыр. Әсіресе инвесторлар тарту мен жергілікті кәсіпкерлерге осындай «Бір ауыл – бір өнім» секілді жобалар арқылы қолдау көрсетуде ешнәрседен аянып жатқан жоқ. Ал көпшілік аталған жобаның жергілікті кәсіпкерлікті өрге сүйрейтініне сеніммен қарай бастады.
Осы орайда «Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесіне қатысушылардың өнімдеріне бірқатар талап қойылды. Атап айтқанда: өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалуға тиіс. Өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек. Мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігі ескерілуі қажет. Ең соңғысы жергілікті шикізатпен бірге материал жасауға керек болатын қосымша заттарды қолданса болады. Мәселен, ауылда сойылған мал терісі – былғарыдан сөмке, аяқкиім, әмиян жасаса, бұл бұйымдардың ажырамас бөлігі болып саналған ілгек, сырма секілді материалдарды немесе басқа да әшекей заттарды қолдануға мүмкіндік бар.
Шымкент заманауи мегаполис болғанымен, іргесіндегі ауылдарда халық әлі де егін салып, мал ұстайды. Кезінде Түркістан облысының аудандарынан қосылған жерлер бүгінде Шымқаланың ауыл шаруашылығы саласы үшін жайылым мен егіс даласының негізгі қоры болып есептеледі. Ендігі жерде осы мүмкіндікті барынша пайдалану ісі алға шығып отыр. Яғни төрт түлік малдың жүні мен терісін қоқысқа тастамай кәдеге жаратып, пайдалы бір қолөнер бұйымдарын жасаса, сөйтіп оны саудаға шығарып, сатылуын жолға қойса, ауыл тұрғындары үшін одан асқан табыс көзі болмаса керек-ті. Сол секілді егін шаруашылығында да шағын ғана көкөніс, жеміс-жидектер өңдейтін цех болса, соның өзінен бюджеттің табысын көбейтуге мүмкіндік мол. Жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы кездесетін қиындық шеңберін үзіп, ауылда кәсіпкерліктің жандануына тыңнан түрен салмақшы.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына іскер азаматтар, яғни «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылар қандай көмек жағынан иек арта алады? Палата бұл тұрғыдан бизнес өкілдеріне көрме, жәрмеңкелерге қатысуға, өнімдердің тауар белгісі мен логотиптерін жасауға, маркетинг негіздерін оқытуға, бизнесті дамытуға, бухгалтерлік есепті жүргізуге, қалай оңтайландыру керектігіне, ішкі және сыртқы нарыққа өнімдерін сатуға, грант, лизинг, жеңілдетілген несие секілді мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауларға қол жеткізуге, басқа да түрлі түсіндіру жұмыстары, кеңес берумен жәрдемдеседі.
Жәрмеңкеде арнайы комиссия мүшелері қатысушылардың өнімдерін жан-жақты бағалады. Ал оның қорытындысы алдағы уақытта белгілі болып, нәтижесіне қарай үздіктер іріктеліп алынады. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар алқасы барлық қатысушыға жобаға қатысып, соның аясында өз өнімдерін жұртшылыққа таныстырып, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хаттармен марапаттады.
ШЫМКЕНТ