Медицина • 16 Тамыз, 2024

Обырды емдейтін отандық дәрі

210 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар әзірлеп жатқан обырға қарсы дәрі клиникалық сынақтың бірінші кезеңінен сәтті өтті. 1 шілдеден сынақтың екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Назарбаев университетінде өткен баспасөз жиынында айтылды.

Обырды емдейтін отандық дәрі

Осыған дейін жарияланған «Ауыр дертке дауа дәрі» атты мақаламызда (2024 жылдың 8 ақпа­нындағы нөмірінде жария­­ланған) ке­ңінен ақпарат бергеніміздей, әлемдік деңгей­дегі ғалым, белгілі биолог Дос Сарбасов обырға қарсы дәрі ойлап тапқан. Осы жерде оқырманға түсінікті болу үшін бірден ашып айту керек, бұл препарат жаман аурудың барлық түріне арналмаған. Тек қатерлі ісіктің КRАS-мутантты түрлерін емдеу­ге бағытталған. Осыған дейін іргелі ғылыммен айналысып келген ғалым аталған дәрінің теориялық негізін, обырды түбегейлі жеңудің жолын, соған сүйеніп жасалған препаратты алыстағы АҚШ-та жүрген жылдары ойлап тауып, патент алып қойған. 27 жылдан кейін, анығы 2019 жылы елге оралған Д.Сарбасов бір топ командасымен бірге енді қолданбалы ғылыммен, яғни аталған препаратты іс жүзінде әзірлеп, өндіріске енгізу жолында еңбек етіп жатыр. Үш жылдан бергі жұмыстың нә­тижесінде клиникалық сы­нақтың алғашқы кезеңі ойда­ғыдай өтті.

«Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп, кли­ни­калық сынақтарды өткізу­ді жалғастырып жатырмыз. Ғалымдар атқарып жат­қан қазіргі шаруа әзірленген өнімнің тиімділігін арттыру үшін препараттың қандай дозасын егу керегін анықтауға бағытталып отыр. Дәрінің әсерін дәл көру үшін қатерлі ісіктің соңғы сатысында жүрген науқастар таңдалды. Себебі қазір медицинада бірінші және екінші кезеңдердегі пациенттер емделе алады. Ал сынаққа қатысып жатқан па­­циент­­тердің ісігі, дәрінің жағ­дайы тұрақталды. Бірақ бұл нәтиже бізге жеткіліксіз. Себе­бі алдымен тышқандарға зерттеу жүргізгенімізде біз қа­тер­лі ісікті толығымен жо­йып жібере алғанбыз. Дәл сол нәти­жеге адамдарға арналған кли­ни­ка­лық зерттеулер кезінде де қол жеткізуіміз керек. Сонда ғана өнімді толық өндіріске енгізуге болады. Әзірге біз тек бір ғана медициналық ұйыммен жұмыс істеп жатырмыз. Жоғарыда аталған институт – еліміздегі қатерлі ісікті емдейтін алдыңғы қатарлы медициналық мекеме. Ал кейінгі клиникалық кезеңдерде мыңдаған адамға сынап көру үшін бірнеше мүдделі ұйыммен жұмыс істеуге тура келеді», деді профессор Д.Сарбасов.

ва

Оның айтуынша, қазіргі медицинада обырды емдеу мақсатында қолданылатын химиялық терапия әдісінің кері әсерлері көп. Ал қазір дайындалып жатқан дәрі­нің әсері химиялық тера­пия әдісінің адамға зиян әсер­­лерімен салыстыруға да келмейді. Өйткені перапарат С дәруменіне негізделген, ал оның ағзаға еш зияны жоқ. Осыған дейінгі аталған отандық өнім туралы көлемді материалымызда оқырмандарымызға түсіндіргеніміздей, бұл дәрі С дәруменінің жоғары доза­дағы D-формасының (D-VC) шағын концентрациядағы мышьякпен (arsenic trioxide, ATO – күшәла, элементтердің периодтық жүйесінің V тобындағы химиялық элемент) қосындысына негізделген. Көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар KRAS-мутантты ісік жасушаларының өсуін тоқтату үшін тотығу стресін қолдан жасады. Ал тотығу стресі туындаған кезде обыр жасушалары өз жасушаларын өлтіретін көптеген радикал шығарады. Кейінгі 3 жыл ішінде зерттеудің сенімділігін дәлелдеп, 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министр­лігінен клиникалық сынақтар өткізуге грант алған болатын. Сынақтар соның негізінде жүргізіліп жатыр.

«Клиникалық сынақ Денсау­лық сақтау министр­лігіне қарасты ұйым­­ның, яғни әлгінде айтқан инс­титуттың қатаң бақы­лауы­мен жүргізіліп жатыр. Біз бі­рін­ші препараттың аз дозасын (0,13 грамм) сынауға рұқсат алдық. Ал препараттың тиімділігіне сынақтың екінші кезеңін жүргізгенде 0,15 грамм ешқандай тиімділік көрсеткен жоқ. Өйткені доза тым аз болды. Бірақ бастысы дәрігерлер препараттың ешқандай уыт­ты­лығы, кері әсері, зияны жоқ екенін түсінді. Бізге де ең керегі – осы. Кейін біз дозаны 0,3 грамға көбейттік. Негізі бұл да айтарлықтай жоғары емес, орташа доза. Оны қолданған 6 пациенттің бәрінің жағдайы тұрақтанды, яғни қатерлі ісік өскен жоқ. Бір науқастың қатерлі ісігі керісінше 30 па­йызға кішірейіп, оң әсер берді. Бірақ бұл соңғы нәтиже емес. Қазір біз адам көтере алатын максималды дозаны анықтауымыз керек. Сөйтіп, обыр жасушасын түбірімен өлтіруге қол жеткізу қажет», деді ғалым Д.Сарбасов.