Аймақтар • 16 Тамыз, 2024

Ел күткен емхана

53 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда былтырдан бері шалғай ауылдарға за­манауи емхана салу мәсе­лесі күн тәртібінен түс­кен емес. Ендігі кезек Сар­қан ауданына қарасты Чер­касск ауылына келді. Бұл елді мекен өңірдегі ірі ауылдардың қатарына жа­тады. Деген­мен емха­наның ескілігі елді біраз әбі­герге салған. Әртүрлі этнос өкілдері мекен ете­тін аяулы топырақ ескі заманда даңқы асқақ­таған. Кейін ел тарап, ежелгі қалпын бұзып ал­ды. Сонда да халықтың саны азайған жоқ.

Ел күткен емхана

Черкасск ауылының тұр­­ғын­­дары көптен күткен жаңа дәрі­герлік амбулатория қол­да­ныс­қа берілді. Бұрын бейім­дел­ген ғимаратта отырған медицина мекемесі енді қажетті жағ­дай­лары жасалған жаңа орында ауыл­дың 2 500-ге жуық халқына қыз­мет көрсетеді. Облыс­ әкімі бас­пасөз қызметінің мәлі­­метін­ше, бұл нысанға 70 млн қаржы жұмсалған.

Ғимараттың ашылу салтанатына Черкасск ауылдық округінің әкімі Мақсат Айтжанов пен Сарқан аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Біржан Уаханов қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.

чс

Жалпы, блокті-модульді құ­рылысты «ШеберМеталл» ЖШС 2023 жылдың қарашасында бас­тап, осы жылдың шілдесінде аумағы 240 шаршы метрлік жаңа амбулаторияны пайдалануға берді. Бұған дейін ауылдық дәрі­герлік амбулатория мек­теп­­тің бастауыш сыныбына арнал­ған ескі тұрғынжайында, яғни са­ни­тарлық нормаға сай емес бе­йімделген ғимаратта отыр­ған еді.

Аталған ауылда 2 448 адам тұрады. Жаңа ғимаратта халық­қа сапалы меди­циналық қыз­мет көрсе­туге барлық жағдай жасал­ған. Дәрігерлік амбулатория жалпы күніне 60 адамды қабыл­дауға қауқарлы. Сол сияқты 5 адамға лайықталған күндізгі ста­­ционар да қа­рас­ты­рылған. Мұнда 3 дәрігер, 9 орта буын қызметкер, 1 кіші буынды және 2 басқа да қызметкер жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары үшін педиатриялық, терапевтік, аку­шерлік, стоматологиялық кө­мек көрсетіледі. Ғимаратта дәрі­герге дейінгі қаралу кабинеті, сау балалардың кабинеті, екпе, процедура, дезинфекция, зертхана бөлмелері, арнайы дәрігер­лер кабинеттері бар. Сол сияқ­ты қажетті құрал-жабдықтар, со­ның ішінде стерильді құрал­дар­ға арналған уфо камера, зертха­налық талдауларға қажетті аппараттар толықтай орнатылған.

«Аурудың алдын алу, нау­­қас­­тың диагнозын дөп тауып, уақы­­тында ем-шара қолда­нып, халықты дәрігерлік тексеріс­тен өткізіп тұру – біздің басты міндетіміз. Мұнда тұрғындар аудандық емханаға бармай-ақ анализ тапсырып, осы жерден қорытындысын ала алады. Жаңа заманғы технологияға сай жабдықталған амбулаторияда арнайы талдама кабинеті бар. Осындай қажетті мүмкіндік­тер жасалған, материалдық-техни­калық базасы бар жаңа ғимарат медициналық қызмет көрсету сапасының артуына ықпал етеді деп сенеміз», дейді амбулатория меңгерушісі Сәлима
Өтеулинова.

Жетісуда әлі ондаған ауыл өз кезегін күтіп отыр. Келер жылы тағы осындай нысандар алыстағы елді мекеннің қуа­ны­шын еселейді.

 

Жетісу облысы