Спорт • 16 Тамыз, 2024

Мейрамбек Ахметов: Күрес шыңына ниеті түзу, табанды шәкірт жетеді

211 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мейрамбек Ахметов – грек-рим күресінен әлемнің 2 дүркін чемпионы, Токио олимпиадасының күміс, Париж олимпиадасының қола жүлдегері Ақжол Махмұдовтың, Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының күміс медалисі Қанатбек Бегалиевтің, тағы басқа белді балуандардың ұстазы, Токио олимпиадасында қазылық қылған халықаралық дәрежедегі төреші.

Мейрамбек Ахметов: Күрес шыңына ниеті түзу, табанды шәкірт жетеді

– Ассалаумағалейкум, Мейрамбек замандас! Ақжол Махмұдовтай грек-рим кү­ресінен қырғыздан шыққан тұң­ғыш әлем чемпионының жеке бапкері екеніңізді естіп, марқайып қалдық. Елдегі бауырларыңыз біле жүрсін, әуелі ата жұртыңыз, түп негізіңіз, әке-ше­шеңіз туралы айтсаңыз.

– Көп рахмет! Ата жұртым – Жамбыл облысының Қордай ауданы. Әкем Жәнел Ахметұлы Қордайдан, анам Мәйке Мұхимова Шу ауданынан. Екеуі де қазақ. Ол кісілер өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Бішкекке көшіп келді. Содан бері қырғыз жерінде тұрып жатырмыз. Қордайдағы ағайын-туғандарымызбен араласып тұрамыз.

– Бәрекелді, енді әңгіме арнасын спортқа бұрсақ. Мәке, бапкерлік тура­лы түйіндеп айтып көрсеңіз. Бұл өзі кә­сіп пе, мамандық па, әлде басқалай қырлары бар ма?

– Жаттықтырушылардың бәрі бірдей мықты маман емес. Нағыз бапкерлік қасиет Алладан беріледі. Залда жаттығу жасатқанның бәрін бапкер деуге келмейді. Бапкер ең әуелі баланы дұрыс тәрбиелей білуі керек. Ол үшін өзі тәрбиелі болуға міндетті. Шәкірттеріңе керек жерінде әкесіндей қамқор бол. Ең алдымен күресті сүюге тәрбиеле, кішкентайынан ойлы, сапалы күреске баулы. Бапкердің ниеті таза болса, бала оны сезеді. Ал күрес шыңына ниеті түзу, жүрегі таза, тәрбие көрген ойлы әрі табанды шәкірт қана жетеді. Сондықтан қарамағымдағы балаларға ең әуелі адамшылығыңды сақта, кісіге жамандық жасама, тек жақсылық қыл дегенді айтудан жалыққан емеспін. Чем­пион шәкірттеріме кеудеңді көтерме, көпшілік қандай қарапайым болса, сен одан өткен қарапайым бол деймін. Жұрт суретке түсейік десе, қасына тұра қал, ертең ол «чемпион менімен құшақтасып суретке түсті» деп марқайып жүреді. Жақсылық­қа бейім адам ғана – нағыз чемпион деген ұстанымды шәкірттерім де ұстанса деймін.

– Әйгілі футбол бапкері Валерий Лобановскийдің: «Бапкер өмір бойы оқып, ізденуі керек. Ізденісті тоқтатқан бапкер – бапкер емес» деген сөзіне қалай қарайсыз?

– Кәсібін шынайы сүйген адам ғана үлкен жеңістердің дәмін татады. Жоспарлы, жүйелі жұмыс қана жақсы нәтиже бермек. Бапкер үнемі ізденіс үстінде болғаны абзал. Робот тәрізді сезімсіз, ізденіссіз тірліктен ештеңе шықпайды. Бүгінгі жаттығуда мынаны істедік, енді мына нәрсені қоссақ қалай болады, тағы нені ұмыттым деп талмай ізденген, ерінбей еңбектенген адам ғана түбі мақсатына жетеді.

Балаларды үнемі қызықтырып, елі­тіп отыру оңай емес. Олар күнделікті жат­тығуда белгілі жүктемені қиналмай атқарып, ләззат алуы керек. Үйге рахат сезіммен қайтқан бала келесі жаттығуға асы­ғып тұрады. Мұндай жағдайда шәкірт­терің де риза, өзің де риза боласың. Ал ізденісін тоқтатқан жаттықтырушы күрес залында мұндай атмосфера қалыптастыра алмайды.

– Шәкірттері дүйім елді мойын­дат­қан бапкерлерді сұрапыл сабыр иелері деп жатады. Бұған не айтар едіңіз?

– Бір кісі жақсы тренер болу үшін адам өте төзімді, өте сабырлы болуы керек депті. Бұған алып-қосарым жоқ.

– Сіздің ұстаздарыңыз туралы біле отырсақ.

п

– Жас кезімде еркін күрестен КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, кеңес құрамасының бапкері болған Александр Ремезовтің жаттығуына жиі барып тұрдым. Әлем, Еуропа және КСРО чемпиондарын баптаған Александр Иванұлының жаттығу үдерісі нақты жос­пармен қызықты өтуші еді. Ол кісінің шәкірті, білікті бапкер Жеңіс Донбаевтың да машықтары көңілге қонымды болатын. Жеңіс Донбаев – еркін күрестен әлем чемпионатының қола медалисі, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы Кенжебек Өмірәлиевтің, Азия ойындарының жүлдегерлері Мақсат Бобурбеков пен Нурдин Донбаевтың, тағы басқа белді балуандардың бап­кері, кеңес одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Жеңіс аға сауатты, ізденімпаз маман. Жаттығу үдерісін жүйелі жоспармен тартымды қылып атқаратын. Осындай ұстаздардан үйрене жүріп, өзім де талмай іздендім.

– Шәкірттеріңіздің нәтижелеріне, әңгімеңізге қарағанда жаттығу үдері­сін жоспармен, белгілі жүйемен атқара­тын тәріздісіз.

– Саналы адам уақытын босқа өт­кізбеуге тырысады. Мектепте жақсы оқыдым. Білімді болуға талпындым. Әсіресе гуманитарлық пәндерге көңілім бұрып тұратын. Математиканы таза төртке оқыдым. Қазіргі бапкерлердің көбі оқуға, білімге жете мән бермейді. Көбі физкультура институтында жарытып оқымай, базалық білімін шала қалыптастырып жаттықтырушы болады. Кейбіреулер кезінде жақсы кү­рескен шығар, бірақ әрі қарай ізден­бе­сең, оқымасаң жақсы бапкер бола алмайсың. Білікті бапкер болу үшін әуелі өзіңнің деңгейіңді жан-жақты көтеруің керек. Мысалы, шәкірттерің жа­­мырап сұрақ қояды. Білім-білігің жет­­песе, жауабың шикі болады. Әр ба­ланың табиғаты әртүрлі. Бірі күшті, бірі се­зімтал, енді бірі жылдам, бірі баяу де­гендей. Әрқайсысының бейіміне қарай жат­тығу әдістемесін ыңғайлауға тиіссің. Бі­рінің әдістемесі екіншісіне сай келмейді. Ал баланың іргетасын дұрыс қа­лыптастырудың маңызы өте зор. Сосын күрес техникасын, одан әрі әдіс, оған жалғастыра комбинация үйретесің. Сонда бала сатылап жетіліп, ойланып күресуге дағдыланады.

Балаларды бас-көз жоқ жарысқа са­луға болмайды. Оларды өз деңгейіндегі бәсекеге дайын болғанда, құлшынысы оянғанда ғана апару керек. Әйтпесе, мінезі, күресі әлі қалыптасып үлгермеген шәкірт мұқалып, жасып қалуы мүмкін. Ондай баланың қалпына келуі қиынға соғады. Сосын шәкіртіңнің қимылы көңіліңе қонбай тұрса да, оны бір мезгіл қайрап, бірде мақтап отыру қажет. Бұл олардың құлшынысын күшейтіп, жігерін жани түседі.

– Мәке, енді әңгіме арнасын Ақжолға бұрайық. Оны алғаш көргендегі сезімі­ңіз есіңізде ме?

– Есімде. Ақжол маған 2013 жылы 14 жасында келді. Салмағы 38 кило. Арық, сұңғақ бала. Көзіне қарап, ойлы екенін білдім. Күресті ішімен сезетінін аңғардым. Алғашқы жаттығуларда-ақ сезімтал, табанды қасиетін байқатты.

– Күресіне қарасаң, кішкентайынан қара жұмысқа жегілген ауыл баласы тәрізді. Күрес техникасы мен күші қатар жетілгенін айтып отырмын.

– Әкесі Махамаджан отбасын асырау үшін тандыр нан пісірді. Ақжол кішкентайынан нанды велосипедпен Бішкектің әр қиырындағы сауда орындарына таратуға жәрдемдесті. Сабағы мен жаттығуы болса да, ерінбей, аянбай әкесінің қолғанатына айналды. Сөйтіп жүріп бір тиынның қадірін білді, ширады, пісті, бейнетпен есейді.

– Қарамағыңызда бала көп. Бәрі чем­пион болғысы келеді. Бәріне бір­дей тең қарау, көңіл бөлу тым ауыр емес пе?

– Әрине, оңай емес. Бірақ Ақжол секілді ерекше дарынды балаға көбірек көңіл бөлу қажет. Басқалардан ерекшелеп жатпай-ақ оның кемшілігін түзеп, қателігін көрсетіп отырдым. Үнемі назарда ұстадым. Зорықтырмай, үлкен балалармен белдестірмей, салмақ «қуғыз­бай», жарақатқа ұрындырмай баптауға тырыстым. Жасөспірім шағында жарысқа сағындырып барып қана салдым. Сағын сындырмадым. Әуелі деңгейі орташа жарыстарға қостым. Ол қарсыластарын жығып, кәдімгідей қуанатын. Құдды әлем чемпионы болғандай күй кешетін. Осындай жеңістер арқылы оның бойында жеңімпаздық рух қалыптасты.

– Оқуы, мінезі қалай еді? Зерек бала ма?

– Мектепте 4 пен 5-ке оқыды. Сабырлы, адамгершілігі мол, мейірімді жігіт. Қолы ашық, жігіттермен дәмге барғанда тарылмай, өзі төлеп жібереді.

– Өте батыл, еркін күреседі. Мұндай деңгейге қалай жетті?

– Ақжолды кішкентайынан кілемде өзін еркін сезінуге, еркін қимылдауға баулыдым. Күреске қатты толқып, тырысып шықсаң, тез шаршайсың. Ондай кезде әдісің сәтті шықпайды, қимылың үйлеспей қояды. Нағыз бабыңа енгенде санаң тұнық, ойың ұшқыр, он екі мүшең ұстарадай қылпылдап тұрады. Жүрекке тау қопаратындай алапат сенім ұялайды. Сонда ғана сұрапыл қуатпен қарсыласыңды сең соққандай қыласың.

– Небір талантты жігіттер жаттығу­дың тартпасын сәл босатып жіберіп, опық жеп жатады...

– Мен осы жасыма дейін Ақжол секілді бейнетқор спортшыны көрген емеспін. Ол жаттығудан кейін өз еркімен 1-1,5 сағат тер төгеді. Кейде зорығып қалмасын деп залдан қуып шығамын.

Иә, кей бала керемет талантты, бірақ жалқаулық жолын байлайды. Кей бала еңбекқор, бірақ дарыны кем. Еңбекқор спортшы біраз жерге барады, әйтсе де, табиғи талантсыз үлкен жеңістерге жету өте қиын. Ал Ақжол талантты, еңбекқор, ойлы әрі жүректі балуан. Алла Тағала оның бір басына чемпионға тән қасиеттің бәрін бере салған.

– Ақжолдың күресіне көзің тояды. Жұлқынып, жұтынып тұрады. Өзі­не бек сенімді. Опырып, жапырып күреседі. Сіз жүйелі, жоспарлы жат­тығуға қоса спорттық режімге де қатты мән беретін тәріздісіз.

 – Режімсіз түк те шықпайды. Мәселен, таңғы жаттығуда балуандар біраз энергия жұмсайды. Сол энергияны кешкі машыққа дейін орнына келтіру керек. Түскі құнарлы астың жөні бөлек. Сосын түстен кейінгі екі сағаттай ұйқының маңызы зор. Мен шәкірттерімді осы тәртіпке дағдыландырдым. Көп бапкер бұған жете мән бермейді. Жұмсаған қуатты жастайынан, дәл уақытында қалпына келтірмесе, спортшы есейгенде үлкен майдандарға шыдамайды. Кей балуанның белдесудің соңғы жағында зорығып, тұралап қалатыны содан.

– Спортшы үшін дұрыс тамақ­танудың маңызы зор екенін білеміз...

– Иә, жүйелі жаттығып, керісінше, дұрыс тамақтанбасаң – организм әлсі­рей береді. Ақжол негізінен буға піскен тамақ ішеді. Қуырылған тамаққа тыйым салдым. Табиғи шырын ішеді. Негізгі ас мәзірі қой мен тауық еті, сосын балық. Тәтті тағамдарға шектеу қойдық. Себебі тәттіден салмағы өсіп кетеді.

– Ақжол түрегеп тұрып та, партерде жатып та қарсыластарын шыдатпайды. Әдістері сан алуан. Кейінгі 3-4 жылда грек-рим күресі бойынша дүние жүзіндегі ең әдісқой балуанның бірі әрі бірегейі Ақжол боп тұр. Мұндай деңгейге қалай жеттіңіздер?

– Егер сенің оңтайлы бір әдісің болса, қарсыласыңа сол әдістің жолын жабу аса қиынға соқпайды. Ал иін қандырып жасайтын 5-6 әдісіңе қарсыласың тосқауыл қоя алмайды. Біріне түспесе, екіншісіне түседі. Екіншісіне тұтылмаса, үшінші қармаққа бәрібір ілігеді.

Жоғарыда айттым ғой, Ақжолды кішкентайынан зорықтырмай, денсау­лығын және бабын сақтай отырып шың­дадым деп. Іздене келе бірнеше әдісті біріне-бірін жалғастыра қас-қағымда сапалы жасайтын дәрежеге жеткіздік. Мысалы, Ақжол етпетінен созылып жатқан қарсыласына бас жағынан келіп мойны мен қолтықтан ораған бойы шалқалай бере кеудесінен асыра лақтыруға шебер. Бұған алапат күш керек. Сосын жамбасқа салуға, қолтыққа кіріп иықтан асыра тастауға (кочерга), партерде кері жұлқып лақтыруға шебер. Тағы біраз әдісі бар. Бұл әдістерді автоматты жағдайға жеткізу үшін жаттығу үстінде әртүрлі комбинациямен кемі 200 реттен жасаймыз. Жаттығу соңынан Ақжол тағы 200 мәрте қайталап шығады.

– Мәке, талай жылғы еңбек ақталып, Ақжол Махмұдов 2022, 2023 жылдары 77 кило салмақта қатарынан екі рет дүние жүзі­нің чемпионы атанды. Осы екі чем­пионатта да Ақжол кейбіреулер құ­сап кілемде ырғасып, тіресіп жүріп алмай, қарсыластарын ес жиғызбай, ұмар-жұмарын шығарды. Жиырма екінің финалында мажар Золтан Левайды сұмдық қуатпен шалқалай бере иықтан асыра орай тастағанын, әрі қарай оны есін жиғызбай серейген қалпында басынан асыра кілемге атып ұрғанын ұмыта қойған жоқпыз. Мұндай тәуекелді жүрегінің түгі бар, бабы кемеліне жеткен балуан қана жа­сай алады. Осы сәттегі сіздің бал-бұл жан­ған жүзіңіз де жадымызда. Осы керемет жеңістің Ақжол екеуіңізге ортақ еке­нін дәп сол мезет жан жүрегімізбен сезінген едік.

– Рахмет!

– Мәке, Ақжолдан басқа әлемдік аренада олжаға кенелген шәкірттеріңіз бар шығар?

– Аллаға шүкір, бар. Төл шәкіртім – Қанатбек Бегалиев 66 кило салмақта 2006 жылғы әлем чемпионатының, 2008 жылғы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері. 2007 жылғы Азия чемпионы. Қанат осы белестерге жеткенде «бұл кездейсоқ жеңіс» деп, кейбіреулер менің бапкерлік білігіме күмән келтіріп, намысыма тиді. Мен одан сайын ширығып, қамшыны баса түстім.

Көп ұзамай, 2011 жылы шәкіртім Арсен Ерәлиев Азия чемпионатын ұтты. Ол Лондон олимпиадасында 8-орын­ға, Рио-де-Жанейро олимпиадасында 5-орынға табан тіреді. Қаныбек Жолшыбеков атты шәкіртім жастар және студенттер арасындағы әлем чемпионы, ересектер бәсекесінде Азия ойындарының 2 мәрте күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Дамирбек Асылбекұлы Азия чемпионатының күміс, қола медальдарын жеңіп алды.

– Бәрекелді! Өзіндік мектебі қалып­тасқан, өзіндік қолтаңбасы бар әлем­дік деңгейдегі бапкер екенсіз. Қуа­ныштымыз. Ел жақтан Отаныңызға қайтыңыз деген ұсыныс түскен жоқ па?

– Біраз жыл бұрын Дәулет Тұрлыханов Алматыға шақырды. Иә, Қазақстанда күрестің дәстүрлі мектебі бар, соған сай бәсеке де күшті. Сырттан барып сыйысып, орнығып кете аламын ба деп біраз ойландым. Қысқасы, қабырғаммен кеңесе келе Бішкекте қалғанды жөн көрдім.

– Мәке, әңгімеңізге көп рахмет! Ақ­жол шәкіртіңіздің Париж олим­пиа­дасындағы қола медалі құтты болсын! Қырғыз жерінде сіз секілді әлемдік деңгейдегі қазақ бапкерінің жүргені бізге де абырой. Еңбегіңіз жана берсін! Аман болыңыз!

– Көп рахмет! Елге дұғай-дұғай сәлем айтыңыз.

 

Әңгімелескен –

Қыдырбек Рысбек,

журналист