Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Министрліктің хабарлауынша, аталған комитет өкілдері жолаушылар пойызына кезекті тексеру жұмыстарын жүргізген.
«Бұл жолғы нысан «Түрксіб-Астана» ЖШС қызмет көрсететін Қостанай – Алматы бағытындағы №43/44 әлеуметтік маңызы бар жолаушылар пойызы. Тексеру барысында 14 түрлі заң бұзушылықтар анықталды. Жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы келбетінің нормаларына сәйкес келмеуі, кондиционерлері қарастырылған бірақ сол желдеткіші істен шыққан вагондардың қатынауы және санитарлық талаптарға сай келмеуі негізгі заң бұзушылықтар ретінде тіркелді», деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Тексеріс жұмыстарының нәтижелері бойынша тиісті акт жасалған. Өз кезегінде тасымалдаушы компанияға 10 күнтізбелік күн ішінде тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою және олардың одан әрі орын алуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылған.
Айта кетейік, елімізде әлеуметтік маңызы бар тұрақты 110 пойыз қатынайды. Жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптарын қатаң сақтау комитет назарында. Жаз соңына дейін жауапты комитет қызметкерлері кесте бойынша қалған жолаушылар пойыздарына да тексеру жұмыстарын жүргізеді.