Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен осы палатаның соңғы жалпы отырысы депутаттарды марапаттаудан басталды. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының “Содружество” орденімен Мәжіліс депутаттары Ұзаққали Елеубаев, Сатыбалды Ибрагимов, Гүлжан Қарағұсова, Владимир Нехорошев және Кенжеғали Сағадиев марапатталды. Сондай-ақ ТМД ПАА Кеңесінің Құрмет грамотасына Мәжіліс депутаттары Бекен Әлімжанов, Берік Бекжанов, Қылышбай Бисенов және Рамазан Сәрпеков ие болды. Депутаттарды марапаттарымен құттықтаймыз.
“Егемен-ақпарат”.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР ТАҒЫЛЫМЫ
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінде “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы секторын 2007-2011 жылдары дамытуға бағытталған тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында отандық және халықаралық тәжірибелер ескеріле отырып әзірленген болатын.
Заң жобасының негізгі мақсаты өмірді жинақтық сақтандыруды және сақтандыру нарығы инфрақұрылымдарын одан әрі дамыту шараларын қабылдау, сақтандыру делдалдығы қызметінің негізгі құқықтарын бекіту, сақтандыру статистикасының толыққанды базасын қалыптастыру арқылы тариф саясатының мәселелерін шешу болып табылады.
Заң жобасымен Азаматтық және Салық кодекстеріне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ “Сақтандыру қызметі туралы”, “Сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қоры туралы”, “Көлік құралдары иелерін міндетті сақтандырудың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі туралы”, “Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы” заңдарға түзетулер енгізілетін болады.
Заң жобасы палатаның қарауына жіберілетін болды.
КӨШПЕЛІ ОТЫРЫС КӨКЖИЕГІ
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов бастаған көшпелі отырыс Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде өткізілді. Алдымен палата депутаттары республикалық “Казгеоинформ” геологиялық зерттеу орталығы мен республикалық Эталон орталығына саяхат жасап, жұмыстарымен танысты.
Көшпелі отырыс Эталон орталығының отырыс залында жалғасты. Онда Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов қысқаша сөз сөйледі.
“KAZNEX ІNVEST” экспорт пен инвестициялар бойынша ұлттық агенттік” АҚ басқарма төрағасы Ерлан Арынов пен “Ұлттық инновациялық қор” АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әуелбек Тоғжанов баяндама жасады.
Талқылау мен пікір алмасудан кейін Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау қорытынды сөз сөйледі, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.