Елімізге АЭС салу қаншалықты қажет? Оның халық үшін маңыздылығы неде? Қауіпсіздігі қалай болады? Қазіргі таңда халықтың көкейінде АЭС-ке қатысты осындай сан сауал тұрғаны рас. 2021 жылдан бері пікірталас тудырып жүрген АЭС мәселесі аталған референдумнан кейін нақты шешімін табары анық.
Қазіргі таңда өзектілігі артып отырған атом электр стансасына қатысты Алматы қаласындағы «АлматыБасЖоспар» ғылыми зерттеу институтының ғимаратында он тоғызыншы жария талқылау өтті. Сала мамандары, сарапшылар, экологтер, мемлекеттік және азаматтық сектор өкілдері қатысқан іс-шара барысында атом саласын дамытудың өзекті мәселелері мен АЭС салу мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Іс-шараны ұйымдастырушы әрі модераторы Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Жапаров ашты. Басқосу кезінде энергетика саласының қазіргі жағдайы, ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі атом энергетикасының рөлі, оның қоршаған ортаға әсері мен әлеуметтік қырлары кеңінен сөз болды.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева еліміздегі атом электр стансасын салуға күмәнмен қарайтын жұртшылықтың оның нақты экономикалық пайдасынан хабарсыздығын, қазіргі күні ішінара сезіліп жүрген энергия тапшылығы мен оған тәуелділіктен арылу үшін АЭС-тің қажеттілігін жиынға қатысушыларға барынша түсіндіріп өтті.
«Өткен жылы Үлкен аулында болдым. Осы елді мекенде алғашқы қоғамдық талқылау өтіп, жергілікті халықтың пікірі тыңдалды. Тұрғындар атом электр стансасының құрылысын біраз жылдан бері күтіп отыр. Ал атом энергетикасына келсек, оны әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қолданатын «жасыл» технологиялар дер едім», дейді Бану Нұрғазиева.
Кейінгі кездері елімізде энергияға деген сұраныстың артуы уақыт өткен сайын артпаса, азаймай отыр. Өйткені табиғи өсім мен экономиканың дамуы энергияға деген тұтынушылықты ұлғайтып, жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші нысандардың тозуы өзге энергия көздерін табуды керек етіп тұрғаны рас.
Жария талқылау кезінде сонымен қатар көпшіліктің көкейінде жүрген су мәселесі де талқыланып, бұл тұрғыдан «Қазақстандық атом электр стансалары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин халық арасында АЭС-тің Балқаш көліне кері әсері туралы алыпқашпа сөздің қисынсыз екенін, атом электр стансасына қажетті су мөлшері көл бетіндегі табиғи буланудың 0,3 пайызымен бірдей деңгейде тұрғанын айтып өтті.
«1979 жылы Три-мил-Айленд АЭС-інде, 1986 жылы Чернобыльдегі АЭС-те болған жарылыс бүкіл саланы түбегейлі қайта қарауға мәжбүр етті. Аталған оқиғалардан кейін қауіпсіздік мәселелері бірінші орынға қойылып, қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған атом электр стансаларын жаңғыртуға және реактор қондырғыларының жобаларына елеулі өзгерістер әкелді. Нәтижесінде, техникалық-экономикалық көрсеткіштері жақсартылған реакторлардың үшінші буыны пайда болды», дейді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков.
Бүгінде еліміздің атом өнеркәсібінде 20 мыңнан аса адам жұмыс істесе, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персоналды құрайды.
Ондаған жыл бойы табысты істерімен танылған Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында атом электр стансасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемдік деңгейде қарастырылып жүр. Мәселен, отандық мамандар Жапония мен Франция секілді елдерде инновациялық атом электр стансалары жобаларына қатысып келеді.
Осы ретте Ядролық физика институтының басшысы Саябек Сахиев Қазақстанда салынуы мүмкін атом реакторына ұқсас реактор аталған институттың базасында көп жыл бойы жұмыс істейтіндігін, бір кездері институт жанында 3 мыңға жуық адам болса, бүгіндері 15 мыңнан асып отырғанын жеткізді. Институт мамандары 50 тұрғынға арнайы сенсорлар таратып, нәтижесінде, ешқандай маңызды өзгерістер тіркелмегендігін айтып өтті. Сарапшылар «АЭС құрылысына қарсы болсақ, онда еліміз энергетика саласында еш нәтижеге қол жеткізе алмайды» деген ойда.
Еліміздің еңбек сіңірген энергетигі Бақытжан Жақсалиев: «Еліміздің қолданыстағы энергетикалық кешендері мемлекетті электр энергиямен толық қамтамасыз етпейді, электр энергиясының тұрақты өндірісі ғана қазіргі қажеттіліктерді қанағаттандырып отыр. Сонымен қатар атом электр стансасының жобасын іске асыру тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендетуге әкелетін экологиялық таза энергия құрудың алғашқы қадамы», деген пікірін білдірді.
Сарапшылар «Атом энергетикасы – электр энергиясының тұрақты көзін қамтамасыз етуші ғана емес, экономиканың сабақтас салаларын дамытудағы қуатты катализаторы» деген ойларын да ашық айтып отыр. Олардың пікірі АЭС үзіліссіз толық қуатта жұмыс істейтін тұрақты және сенімді энергия көзі дегенге саяды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, алғашқы атом электр стансалары отыз жылға есептелгенімен, әлі де елу жыл көлемінде сенімді жұмыс істеп отырғандығын, кейінгі 3+ буынды стансалар алпыс жылға қолданысқа енсе, жиырма жылға кепілді ұзарту мүмкіндігі бар көрінеді. Тіпті 9 балға дейін сейсмикалық тұрақтылығы да қарастырылған.
«Елімізде сақтандырғыш ретінде жұмыс істейтін пассивті қауіпсіздік жүйелері қолданылады. Егер келеңсіз жағдай туындаса, онда реактор жай ажыратылып, адамның қатысуын талап етпестен қауіпсіз күйге ауыстырылады. Қазіргі таңда жаңа қауіпсіздік жүйелері әзірленіп жатыр. Соның арқасында атом стансасының құрылысы айтарлықтай қымбаттаған. Өйткені қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көп қаражат жұмсалады», дейді Қазақстан ядролық физика институтының бөлім басшысы Сергей Кислицын.
АЭС елдің электр энергетикасында тұрақты, үздіксіз жұмыс істейін энергия көзі болса, жел энергиясы желге, күн энергиясы күнге тәуелді. Ал атом электр стансасы тұрақты тиімділікпен жұмыс істеп, 100 жыл бойы желдің күшіне, күн белсенділігіне тәуелді емес энергия алудың тұрақты әдісі деуге болады. Мұндай энергия көздері – экономиканың негізі, ықпалы да зор.
Тәуелсіз сарапшы Телман Шуриевтің айтуынша, АЭС салудың экономикалық тиімді тұстары құрылыс кезеңінде 8 мың адамға дейін, ал пайдалану кезеңінде 2 мыңға дейін білікті маман жұмыспен қамтамасыз етіліп, экономиканың аралас салаларында 10-нан аса жұмыс орнын құрады. Ядролық мамандықтар бойынша шамамен 300 адамды немесе АЭС өнеркәсіптік-өндірістік қызметкерлердің 20 пайызын құрайды. Сарапшы жергілікті өнеркәсіп пен импортты алмастыратын өндірістер дамып, инвестициялық тартымдылықты ұлғайтуда, өңір мен елдің ғылыми-техникалық жоғары білікті кадрлар әлеуетін арттыруға мүмкіндіктің бар екенін жеткізді.
«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС ақпарында АЭС құрылысы бүкіл жұмыс істеп тұрған уақыт ішінде салық түсімдері 2,5-3,0 млрд-тан аса соманы құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында жергілікті бизнесті қолдау шамамен 2,5-3,5 млрд долларды құрайтыны айтылған. Бұл қаржы ел экономикасын көтеруге ықпал етері сөзсіз.
Сондай-ақ АЭС салу өте қымбат жоба әрі оны жүзеге асыруға көп уақыт кетеді деген пікірлер де жоқ емес. Алайда Қазақстан ядролық физика институтының бөлім басшысы Сергей Кислицын: «Егер ұзақ мерзіммен салыстыратын болсақ, бір электр стансасына 20 жыл көлемінде күніне қаншама тонна шикізат кетсе, АЭС құрылысы соншалықты қымбат жоба емес екенін байқаймыз. Әрине, мұнда бірреттік инвестициялар аса үлкен, бірақ уран отыны көмірден әлдеқайда арзан болып тұрғанда, ұзақмерзімді жоспарда бейбіт атомды пайдалану тиімдірек», дейді.