Облыс балық шаруашылығын республикалық деңгейде дамыту бойынша көшбасшылар санатында. Мемлекет тарапынан да балық шаруашылығының дамуына субсидия ретінде қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде, азыққа, шабаққа, дәрі-дәрмекке және инвестициялық салымдар үшін субсидиялауға жыл сайын қыруар қаражат бөлінеді.
«Мысалы, былтыр балық шаруашылығын субсидиялауға 150 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат толығымен игеріліп, биылға арналған акваөсіру өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруда, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялау көлемі 300 млн теңге болып бекітілді. Қазіргі уақытта «Kezekte» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Balyqsy» сервисі арқылы түскен 46 өтінім бойынша 116,4 млн теңге төленді. Биыл балық шаруашылығына инвестициялық салымдарды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, қазір өтінімдер қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алатыны, сондай-ақ техниканы лизингке ресімдеуге болатыны айтылды.
Өңірде балық шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген кәсіпкер Марлен Тұрсынәлі жуырда Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік өзенінің бойынан екінші шаруашылығын ашып, суы тұнық бассейнге алғашқы шабақтарды жіберді. Шамамен 1 млн доллар көлемінде инвестиция салынған жобаның жылдық қуаттылығы 500 тонна болмақ. Осылайша, кәсіп иесі тау қойнауындағы бассейнде форель тұқымын өсіруге бел байлап отыр. «Aller Aqua Polska» компаниясымен тікелей байланыс жасап, жеті балық шаруашылығын ашқан «TMT Group» ЖШС басшысы Марлен Тұрсынәлі балықта береке барын айтады.
«Ағынды судың арнасында өсетін балықтың дәмді болатынын тұтынушылар біледі. Балықтың адам организміне пайдасы өте зор. Балық тағамдарының құрамы микроэлементтер мен дәруменге бай әрі берекелі болады. Сондықтан балық пен теңіз өнімдеріне сұраныс артпаса, кеміген емес», дейді ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкер.
Есік өзенінің бойынан ашылған балық шаруашылығына жіберілген үш айлық шабақтар алты айдан соң салмағы 300-400 гр балық болып, байлық көзіне айналмақ.
Алматы облысы