Жоба • 17 Тамыз, 2024

Акселератор – орнықты дамудың тиімді тетігі

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытында жұмысын бастаған Акселератордың «SDG IMPACT REPORT 2024» жария есебі көпшілікке таныстырылды. Бұл – Сенаттың Жобалық кеңсесі, Maqsut Narikbayev University және Ақмола облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы.

Акселератор – орнықты дамудың тиімді тетігі

Жоба аясында заңнаманы жетілдіру және өңірлерді орнықты дамыту жөніндегі практикалық шешімдер мен ұсыныстар топтамасы қарастырылды. Сараптамалық зерттеулерді талқылауға Парламент Сена­тының төрағасы Мәулен Әшімбаев, халық­аралық ұйымдардың Қазақстандағы өкілдік­терінің басшылары және зерттеу инсти­туттарының сарапшылары қатысты.

Мәулен Әшімбаев Сенаттың Қоғамдық Жобалық кеңсесі мен Maqsut Narikbayev University бірлесіп іске асырған Акселератор бірегей бастама екенін және ол елдің орнықты дамуына қатысты жаңа идеялар мен нақты ұсыныстар әзірлеуді көздейтінін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарға Мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шіл­денің аяғында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті. Атал­ған құжатта айқындалған тәсілдер негі­зі­нен ұлттық және өңірлік деңгейде Орнық­ты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдетуге арналған. Бұл ретте Акселератор Орнық­ты даму мақсаттарына түрлі бағытта қол жеткізудің тиімді тетігі екенін атап өткен жөн», деді Палата спикері.

Көпшілікке таныстырылған «SDG IMPACT REPORT 2024» жария есебі – Аксе­лератордың 100 күнге жалғасқан жұмы­сының нақты нәтижесі. Есепте заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар және Ақмо­ла облысында іске асырылған қанатқақты жобалар мен бастамалар жөнінде жобалық құ­­жаттама қамтылған. Атап айтқанда, зерт­­теу топтары денсаулық сақтау, білім, эко­­н­о­микалық өсу, қалалардың тұрақты дамуы және тағы басқа салаларда сын-қатер тудыруы мүмкін жағдайларды талдады. Жарияланған есеп ұсынылған бас­тамаларды Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат­тар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссиямен бірлесіп жүзеге асыру барысында да айрықша мәнге ие.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоғамдық институттардағы сарапшыларды орнықты даму күн тәртібін іске асыруға жұмылдыру аса маңызды екенін және бұл бастамаға Талдау мектебі мен Сарапшылар клубы сияқты Сенат жанындағы жобалардың түлектері де қатысқанын атап өтті.

«Алдымен Орнықты даму мақсаттарының өңірлік деңгейде іске асырылуы өте маңызды. Акселератор жұмысының аяқталуына қара­мастан, облыс әкімдігін және команда мү­шелерін жобалардың іске асырылу тиім­ділігіне жүйелі түрде мониторинг жүргі­зіп тұруға шақырамын. Іс-шараның қоры­тындысы бойынша қажет болған жағдайда тиісті өзгерістер енгіземіз немесе жаңа заң­дар әзірлейміз. Мұндай жоба еліміздің басқа өңірлерінде де көптеген идея  ауқымын кеңей­туге мүмкіндік береді. Сенат алдағы кезең­де де сындарлы бастамаларға жүйелі қол­дау көрсетуге дайын», деп Мәулен Әшім­баев жобаға қатысушыларға, волонтер-зерт­теу­шілерге және сарапшыларға алғыс білдірді.

Іс-шараға Президенттің ғылым және инновация мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закария, Ақмола облысының басшылығы, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, Парла­мент депутаттары және тағы басқа сарапшылар қатысты.