Өнеркәсіп және құрылыс, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Энергетика, Көлік министрліктерінің басшылары мен бірқатар облыс әкімдері су тасқыны салдарын жою жұмыстарының барысы туралы баяндады. Апатты деп танылған 8 650 үйдің иесіне қайталама нарықтан үй сатып алынып немесе жаңасы салынып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2 569 жаңа үй салынып жатыр, олардың 619-ы толықтай дайын. 2 431 үйдің іргетасы тұрғызылды, 2 207 үйдің қабырғасы қаланды, 2 007 нысанның шатыры жабылды.
Жөнделуге тиіс 9 189 нысанның 8 939-ында (97%) жұмыстар аяқталған. Сатып алуға жоспарланған 6 081 үй мен пәтердің бүгінде 4 918-і (81%) сатып алынды.
Премьер-министр су тасқыны салдарын жою және азаматтардың мүлкін қалпына келтіруде белсенді жұмыс жүргізілсе де, бекітілген кестелерден кешігу фактілері бар екеніне тоқталды.
«Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккендерді уақтылы тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеті мерзімінде орындалуға тиіс. Республикалық штаб қажетті шешімдерді қабылдады, қаржы толық көлемде бөлінді. Барлық ресурсты жұмылдырып, жұмысты жандандыру қажет», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысына әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндалды. Су тасқыны салдарынан еліміздің 6 өңірінде 11 мыңға жуық бала оқитын 40 білім ұйымы зардап шекті. Бұл бағытта да қалпына келтіру жұмыстары белсенді атқарылып жатыр.
Ақтөбе облысында 8 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет резервінен 6 жаңа білім мекемесінің құрылысына 6,2 млрд теңге бөлінді. Атырау облысындағы 6 нысанда жөндеу жұмыстары 50%-ға аяқталды. Сонымен қатар балабақша мен мектеп құрылысы басталды.
Батыс Қазақстан облысында 4 нысанның ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облысында су басқан 5 білім ұйымының 3-еуі оқу жылын бастауға дайын. Ақмола және Қостанай облыстарындағы білім мекемелерінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған өңірлерде 6 нысан зақымданған, солардың біреуі бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынады.
Өңірлерде 8 медицина мекемесі зардап шекті. Үш нысанның құрылысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Тағы үш нысан ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді, ал біреуінің орнына жаңа ғимарат салу жоспарланған.
Бүгінгі таңда республикалық магистралдардың 102 учаскесінде жұмыс толығымен аяқталды. Газ тасымалдау инфрақұрылымы нысандары штаттық режімде жұмыс істейді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, барлық жұмыс аяқталғанға дейін құрылыс нысандарында үйлестіру мен бақылауды күшейту тапсырылды.