Спорт • 17 Тамыз, 2024

Балуандар бәсекеге дайын

134 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде күллі әлем жұртшылығы 8-13 қыркүйек аралығын­да Астанада алауы тұтанатын V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын тағатсыздана күтіп отыр. Бірнеше спорт түрін қамтитын дүбірлі додаданың аса тартысты өтетініне қылаудай да күмән жоқ. Себебі ұйымдастырушылар тарапынан дайындық барысы қарқынды және қатысушы командалардың барлығы да көшпелілердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін көрсететін жауапты жарысқа қызу даярланып жатыр.

Балуандар бәсекеге дайын

Жақында қазақ күресінен өте­тін жарыста Қазақстанның ұлттық командасы қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Ерлер арасында Бекжан Төлепов (55 кг, Жетісу облысы), Мейіржан Берекетов (60 кг, СҚО), Дидар Тұқышев (66 кг, Абай облысы), Жұмажан Қожамбеков (74 кг, Шымкент қаласы), Ерсін Сейітқа­зынов (82 кг, Абай облысы), Ерасыл Жанатаев (90 кг, Алматы қаласы), Ерсұл­тан Мұзаппаров (100 кг, Шымкент қаласы) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг, Маңғыстау облысы) сияқты саңлақтар сайысқа түседі. Осы жігіт­тердің барлығы – түрлі турнирлерге қатысып, жеңіс тұғырына көтерілгендер. Солардың арасынан Ерсұлтан Мұзаппаров пен Нұрдәулет Жарылғаповты бөле-жара атап өтуге болады. Олар – республикалық және халықаралық жарыстарда дараланған әккі спортшылар. Ерсұлтан мен Нұрдәулет еліміздің беткеұстар балуандары ретінде «Қазақстан барысы» деп аталатын мәртебелі турнирде күш сынасып, әр жылдары өзде­рінің айшықты өнерімен сан мың көрерменді қуантты. «Қара бура» атанған Н. Жарылғапов 2021 жылы аталған жарыстың қола жүл­дегері атанып, әлем чемпиона­тында топ жарды. Дзюдо мен қазақ күресін қатар алып жүрген Е.Мұзап­паров күш атасы Қажымұқан Мұңайт­пасовтың мемориалында бас жүлдені олжалады. Олардың бас­­қа да толып жатқан атақтары бар.

Әйелдер бәсекесінде Айжан Жылқыбаева (48 кг, Түркістан облысы), Назерке Азаматова (52 кг, Ақтө­бе облысы), Рауза Нұрмахаметова (56 кг, Жамбыл облысы), Бақыт Құсақбаева (60 кг, Ақтөбе облысы), Зари­на Сарипова (65 кг, Абай облысы), Роза Нысантайқызы (70 кг, Абай облысы), Зәмзәгүл Файзолланова (77 кг, Шымкент қаласы) және Әлбина Бахиева (+77 кг, Шымкент қаласы) бақ сынайды. Өздеріңіз байқағандай, бұл бұрымдыларымыздың дені – дзюдо мен самбоның қас ше­бері. Араларында аралас жекпе-жектен дүбірлі додаларға қатысып жүрген Зәмзәгүл есімді қазақтың қайсар қызы да бар. Қазіргі кезде осы аруларымыздың барлығы да қазақ күресіне мықтап ден қойған сыңайлы.

Қазақ елінің балуандары V Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындарына тыңғылықты даярланып жатыр. Жыл басынан бері екі рет Алматыда, одан бөлек Грузия мен Қырғызстанда оқу-жаттығу жиын­дары ұйымдастырылды. Күні кеше ғана олар Ақмола облысының Шучье қаласында дайындық жұ­мыс­тарын пысықтап қайтты. Осы жиын барысында іріктеу сайыста­ры өтіп, аталған жарыста ел намысын қорғайтын балуандар анықталды. Ал соңғы оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкем­піров атындағы жекпе-жек сарайын­да ұйымдастыру көзделіп отыр.

Қазақ күресінен Қазақстан ұлт­тық құрамасының бас бапкері Ғани Келдіқұлов: «Біздің спортшылар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында физикалық тұр­ғыдан да, тәжірибе жағынан да то­лықтай дайын. Бұған дейін олар орта тау бөктерінде жалпы дене дайындықтарын қалпына келтіріп, шетелдік балуандармен тәжірибе алмасты. Ал соңғы оқу-жаттығу жиынында салмақ қуу және қалыпқа келу жұмыстарына басымдық беріледі. Осындай ірі жарыс жерлестерімізге үлкен жауап­кершілік жүктеп отыр. Сол себепті де сенім артқан спортшылар алдағы маңызды жарыста ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салатынына сенімдімін», деп өз ойымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарына 89 мемлекеттен келген 2 мыңнан аса спортшы қатысады. Астанада­ғы жарыстың бағдарламасына 21 спорт түрі кірсе, соның 12-сі – төл өнеріміз.