«Batyrlar» – Әскери патриоттық және іздестіру қозғалысы республикалық қауымдастығының жанынан былтыр ашылған орталық. Мұндағы сабақтарға негізінен аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан, болашақта Қарулы Күштердің, құқықтық тәртіп және қауіпсіздік органдарының офицері болғысы келетін жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысады. Бұл орайда «Арыстан» арнайы мақсаттағы қызметі мен ҰҚК Шекара қызметі бірінші болып өздерінің кадрлық резервін құруға қызығушылық танытып, орталықтың жұмысына белсене араласып отыр.
Әскери патриоттық және іздестіру қозғалысы республикалық қауымдастығының төрағасы Аманжол Оразбаевтың айтуынша, былтыр қаңтар айында бірнеше запастағы офицер бірігіп республикалық әскери патриоттық және іздестіру қауымдастығын құрған. Ал әкімшілік қоғамдастықтың бастамасын құп алып, бұрынғы мектептің бос тұрған ғимаратын он жылға беріпті. «Запастағы офицерлер ұйымдаса келіп, еліміздегі Қарулы Күштер мен күштік құрылымдардың барлығына хат жазып, өз қалашықтарын ашуға ұсыныс хат жібердік. Өйткені әрбір құрылымның өз қалашығы болғаны болашақта білікті кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Мәселен, орталыққа келетін балалар қазірден бастап болашағын әскери қызметпен байланыстырып отыр. Ал олар өздері арман еткен саласының қыр-сырымен ертерек танысып, теориялық және тактикалық дайындықты ерте бастаса, өз ісін шын сүйетін отаншыл офицерлерді тәрбиелеуге жол ашады», дейді қауымдастық басшысы.
Орталықтың ұсынысын алғаш болып құп алған ҰҚК Шекара қызметі кәсіби мерекелері қарсаңында оқулық орнына арналған қалашықты ашты. Бұл жерде болашақ шекарашылар жау шебіне тосқауыл болудың әдіс-тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік алады. Ең бастысы, Астананың маңайынан шықпай-ақ шекара шебіндегі қызметпен тәжірибе жүзінде таныса алады.
«Алдағы уақытта еліміздегі басқа күштік құрылымдар да шекарашылардың дәстүрін үлгі етеріне сенім мол. Олардың да қалашық ашуы үшін жер беруге дайынбыз. Болашақ жауынгерлер әскери қызметті тек теориялық тұрғыдан емес, тәжірибе жүзінде көруге тиіс. Қазірдің өзінде орталыққа Астананың әр жерінен жүзге жуық бала келіп жүр», дейді А.Оразбаев.
Қауымдастық басшысы қазір балалардың орталыққа қатынауын жеңілдететін мектеп автобусы ауадай қажет екенін жеткізді. Қысы ұзақ болатындықтан балаларды қалаға дейін жеткізу, олардың аман-есен үйіне оралғаны уайымға айналатын кездері көп болады. Себебі орталыққа келетін балалардың арасында Қосшыда тұратындары да бар.
«Олар аптасына кемінде үш рет – сағат үштен кешкі жетіге дейін жаттығудан өтеді. Біздің нұсқаушылар – күштік құрылымдарда қызмет ететін әскери адамдар. Мысалы, «Арыстан» арнайы қызметімен меморандумға отырдық. Қазір ай сайын арнаулы қызметтің жігіттері балалармен жаттығу өткізеді. Ату, тактикалық, саптық дайындық және көлік жүргізу сабақтары ата-бабаларымыздың қаһармандық тарихын зерттеумен, сондай-ақ қоян-қолтық, тактикалық медицина және жауынгерлік дрондарды қолдану секілді әскери өмірге қажет күнделікті сабақтарды өткізеді. Элиталық арнайы жасақтың тәжірибелі жауынгерлері тәрбиеленушілерімен қуана айналысып, жасөспірімдер алдында үлкен қызығушылық танытып келеді», дейді ол. Айтпақшы, биыл қаладағы қоғамдық көліктердің бірінде жолаушылардың біріне орталықтың тәрбиеленушілері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ажалдан аман алып қалғанын да айта кеткен жөн. Адам өміріне араша болған жасөспірімдер сол кезде орталықта үйренген тактикалық медицинаның қажетке жарағанын жеткізді. Солардың бірі – Айдина Нұрғали.
Оның айтуынша, орталық туралы ол достарынан естіп-білген. Отбасында өмірін әскери қызметпен байланыстырған ешкім жоқ. Алайда қазірдің өзінде таудай талабы бар Айдина болашақ мамандығын таңдап та қойған. «Ел тыныштығы жолында қызмет ету – арманым. Сол үшін осы орталыққа келіп жүрмін. Бұл жерде жүріп әскери саптық жүруді үйрендім. Полигондарға шығып жүрміз. Мысалы, 7 рет полигонға шықтық. «Айбын-2024» әскери жарысына қатысып келдім. Көлік жүргізудің теориялық білімдерін меңгеріп жатырмын. Осындай теориялық және тәжірибелік даярлықтардан өту оқу бітірген соң әскери академияға түскенде көп көмегін тигізеді деп сенемін», дейді А.Нұрғали.
Жалпы, әскери-патриоттық орталығының есігі кез келген балаға айқара ашық әрі беретін тәлім-тәрбиесі үшін ақы сұрамайды. Ең бастысы, сарбаз болып сапқа тұрғысы келетін жасөспірімдердің жауынгер болуға деген ықыласы ғана қажет. Ал орталық олардың әскери өмірге деген құлшынысын арттырып, дұрыс таңдау жасауына ерте бастан көмектеседі екен. Кез келген мемлекет шекарадан басталады. Олай болса оқу қалашығы өскелең ұрпақтың бойында бірінші кезекте еліміз үшін мақтаныш сезімін, азаматтығы мен патриотизмін, жоғары жауапкершілігін дамытуға жұмыс істеріне сенім мол.
Қалашықтың ашылуына орай ұйымдастырылған іс-шарада орталықтың тәрбиеленушілері тактикалық дайындығы мен жауынгерлік дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ ұйымдастырушылар келушілерге ел шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын ҰҚК Шекара қызметінің заманауи қару-жарақтары мен әскери техникасының көрмесін ұсынды. Бұдан кейін Шекара қызметі ансамблі солистері әннен шашу шашып, келушілер әскерилердің асханасында қонақ болып, сарбаз ботқасының дәмін татты.