Тәркіленген есірткінің үштен екісі синтетика болып отыр. Нақтырақ айтқанда, жыл басынан бері анықталған 149 есірткі фактісінің 97-сі синтетикалық есірткі сатуға қатысты болса, 73-і осы есірткі заттарын сату фактісі. Мәселен, мамыр айында Петропавл қаласында ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «BMW» көлігіне мінген үш күдіктіні ұстады. Кейін анықталғанындай, 23 жастағы жүргізуші Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ол полиция қызметкерлерінің тоқта деген белгісіне бағынбай, көлігімен қашып, жасырынуға тырысқан. Соңынан қуған кезде көліктің ішінде отырғандар терезеден қара түсті барсетканы сыртқа лақтырып жіберген. Алайда тәртіп сақшылары түйіншекті тауып алғанда ішінен шамамен салмағы 1 кило болатын ұнтақ зат шыққан. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл α-PvP деп аталатын синтетикалық есірткі екені анықталды.
Күдіктілердің өздері де алысқа ұзамады, олардың көлігі «Жұмысшы» кентінен шыға берістегі айналма жолда тоқтатылды. Салонда жүргізушіден басқа 35 жастағы тағы бір алматылық және Астана қаласында тұратын 24 жастағы қыз болған. Бұлардың тұрағы Көкшетау қаласында екені анықталған соң солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер олардың қаладағы жалдамалы пәтерінен синтетикалық есірткі салынған түйіншектер, электрондық таразы, буып-түю материалы, 1 кило синтетикалық есірткі, сондай-ақ 20 гр гашиш тәркіледі.
«Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 1,5 кило α-PvP және 0,5 кило «мефедрон» болғанын анықтадық», дейді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полиция майоры Руслан Үмбетов. Қазір күдіктілердің үстінен қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал үштіктен тәркіленген есірткінің көлемі бұрын-соңды болмаған аса үлкені болып есептеледі.
Аймақта есірткіге қарсы күресте түрлі акция мен конкурс, кездесулер өткізіледі. Осы жылдың 7 айында нашақорлықтың алдын алу бойынша 563 іс-шара ұйымдастырылып, оған 35 мыңнан аса оқушы мен студент, сондай-ақ 6637 әскери қызметші қатысқан. Бұл жұмыстың барлығы жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған. Жасөспiрiмдерге есiрткiнi, әсiресе синтетикалық есірткілерді пайдаланудың орны толмас салдары туралы айтылды.
«Есірткінің таралуына қарсы күрес – полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі. Жедел уәкілдер есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге ғана емес, есірткі жарнамасын, тыйым салынған заттарды сататын интернет дүкендерді, есірткі курьерлерін тартатын ресурстарды анықтауға және бұғаттауға назар аударады. Қаңтар айынан бері осындай 48 ресурс бұғатталды. Өңіріміздің белсенді азаматтары күмәнді адамдар туралы ақпаратты t.me/sko_narkohelp_bot есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының Telegram-ботына хабарлайды. Қазір облыс тұрғындарының полицияға хабарлаған екі өткізу фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», дейді Руслан Үмбетов.
Солтүстік Қазақстан облысы