Егемен Қазақстан • 19 Тамыз, 2024

«Хат қоржын»

75 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сөз ардақтысы – «әке» мен «ана»

Бала үйдегі үлкендерді, үлкендер өздерінен кейінгілерді қалай атағандары жөн. Бұрын қалай еді, қазіргі жағдай қалай? Орысша тәрбие көріп жүргендерді былай қойғанда, ауылдағы қазақ баласының өзі әке-шешесін, бауырлары мен туған-туысқандарын қалай атайды? Басым көпшілігінің әкесін – папа, шешесін мама дейтіндеріне кепілдік беремін.

«Хат қоржын»

 

Қазақша папа емес – әке, мама емес – ана, анашым, апа болуы керек. Өз әкесі мен анасын, бауыр еті – баласын, бірге туған бауырын өзге тіл арқылы атын атап, түсін түстейтін қандастарымды көрсем, намыстан жарылып кете жаздаймын. Олардың қазақша сөйлеп мандытпайтындарын да бірден түйсінемін.

Сонымен қатар ондайлар ана тілін білмегені, сөйлей алмағаны үшін ұялмайды, себепті сырттан іздейді, ешбір ойланбастан жазықсыз орыс пен үкіметті кінәлайды. Отыз жылдан асып барады, өз басым қазақша сөйлеме деп қазақтың төбесінен айбалтасын кезеп тұрған ешкімді көрген емеспін. Бұл – өз тілін ысырып қойып, өзгенің тілінде сайрағанда алдына жан салмайтын намыссыз, жігерсіз, қашанда жеңіл, таптаурын жолмен жүргенді қалайтын, қиындықтан айналып өткенді жөн көретін пенденің тірлігі.

Жақында көшеде келе жатып жүрекке жылы да жақын әке деген әдемі сөзді бар даусымен айқайлап айтып, құшағын айқара ашқан әкесіне қарай жүгіріп бара жатқан балдырғанды көріп, сөзбен айтып жеткізе алмайтын мүлдем бір өзгеше сезімге бөлендім. Сәбидің ата-анасына деген ризашылығым арнасынан асып, төгіліп жатты десем, артық айтқандығым емес. Өзімнің қазақ отбасындағы әрбір өскіннің тілі осылайша өз ана тілінде шықса ғой деген тәтті қиялға қалай беріліп кеткенімді де байқамай қалдым.

Иә, қазақ қоғамында тіл мәселесіне келгенде асығудың реті жоқ, бәрі де уақытымен болады дейтін ұстанымды көлденең тартатындар баршылық. Олармен келісуге де болар. Бірақ сол уақытымыз тым ұзап бара жатқан жоқ па, ағайын?

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

мемлекеттік қызметкер

АСТАНА

 

 

Атақты әншіге арналған кеш

Осы жыл басында күміс көмей әнші, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлесіміз Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толған еді. Атаулы датаны еліміздің басқа өңірлері сияқты Батыс Қазақстан облысының жұртшылығы да кең көлемде атап өтіп жатыр.

Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптар оркестрі «Ойна, шырқа, оркестр» атты концерттік бағдарлама дайындап, өңіріміздің барлық ауданында және облыс орталығында үлкен өнер кештерін ұйымдастырды. Алғашқы концерт Тасқала ауданынан басталды. Өнер кешінде аудандық демалыс-мәдениет үйінің ішіне халық лық толды.

Концерт Тайваньда өткен халықаралық фестивальдің лауреаты, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы мен дәулескер күйші Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауында «Серпер» күйімен ашылды. Әдемі өнер кешін Мәдениет саласының үздігі Дәулеткерей Құсайынов жүргізіп, ол әрбір музыкалық шығарманың тарихымен таныстырып отырды. Бұл орындалған әндердің мазмұнын аша түсті.

«Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов халық әні «Ақжайықты», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет қайраткері Сағадат Рахимов «Тілеуқабақты» нақышына келтіріп орындады. Оркестр Жантөренің «Шалқыма», Дәулеткерейдің «Құдаша», «Қызақжелең», Түркештің «Көңілашар», Құрманғазаның «Адай» күйлерін шебер орындап, көрермендердің зор ризашылығына бөленді. Оркестрдің бас директоры, «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Еркін Нарымбетовтің оркестрді басқарудағы шеберлігін де атап өткен орынды.

Концерт соңында сөз алған «Атамекен» өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған іс-шаралар облысымызда жалғаса беретінін айтты. Аудан әкімі Талғат Шәкіров Бауыржан Халиоллаға алғысхат, естелік сыйлық табыс етті. Өнер кешіне жиналған жұртшылық көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

 

Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,

зейнеткер, аудандық қоғамдық ұйым мүшесі 

Батыс Қазақстан облысы

 

 

Таным көкжиегін кеңейтеді

Кітап оқу – қашаннан қанымызға сіңген дағдымыз. Сол әдетімізден әлі күнге дейін қол үзген жоқпыз. Көз жанары әлсіресе де бірауық сөреден кітап алып, рухани әлем дүниесіне үңіліп қоятынымыз бар. Ондайда өзің де кейіпкерлермен бірге араласып, соларша «өмір сүресің».

Журналист, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек бауырымызды қарым­ды қаламгер ретінде бұрыннан да жақсы білуші едік. Әрәдік «Егеменнен» ойлы дүниелерін тұщынып оқимыз. «Мұқағали» фильмінің сценарийін жазғанынан да хабардармыз. Кейінгі кездері ол басқа да қырларынан көрініп жүр. Айтпағымыз, теледидар хабарын шебер жүргізетіні. Оған қоса әдебиеттанушылығы да оның бір артықшылығы ретінде аңғарылып тұрады.

Әр жексенбі сайын кешқұрым «ABAI» телеарнасынан жүргізетін «Үркер» бағдарламасын: «Кітап оқыңыздар, ағайын!» деп аяқтайтын әріптес ініміздің сол хабарының тұрақты көрерменінің біріміз.

Сондай кезекті хабардың бірі таяуда қазақтың белгілі ақын қызы Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты кітабын оқырмандарға таныстырып, талқылауға арналған екен. Бірден айта кетейік, хабар еш қоспасыз, табиғилығымен ұнады.

Әрине, әркімнің өз Абайы, өз Әуезові болуы – табиғи заңдылық. Мына жаңа шығарма да сол қағиданы еске салып тұрғандай. Мұны кітап авторы ескертіп өтті. Ақын да – пенде, ет пен сүйектен жаралған жан. Фариза ақын шын мәнінде өз бақытын өлеңнен тапты. Оның есімі ел есінде. Мұны хабарға қатысқан қонақтар да тілге тиек етті.

Жүргізуші сұхбаттасын әңгімеге тарта отырып, әдеттегідей бір тақырыптан екіншісіне шеберлікпен жетелей білді. Бұл да оның көрерменнің таным көкжиегін кеңейтіп, рухани нәр берудегі өзіндік ерекшелігі дер едік. Бағдарлама осынысымен де құнды.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы