Түгіскен – Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданындағы ауыл. Іргесі өткен ғасырдың 30-жылдары қаланып, оның қарамағына Коммунар, Түгіскен, Қаражартас, Жиделі, Жарық ұжымшарлары ұйымдастырылған. 1962 жылы біріктіріліп, «Жеңіс» кеңшары атанды.
Бала кезімізде әр үйде болып тұратын қарттардың басқосуында айтылған әңгімелерге еріксіз құлақ түретінбіз. Өйткені ақсақалдың бірі бірнеше жыл бойы жазықсыз Магаданға айдалғаны туралы әңгімелесе, екіншісі ел арасындағы тарихи тұлғаларды тізбектеп айтқанда ауыз үйде құлақ құрышымызды қандыратынбыз. Қазір білгені мол, өмірден түйгені көп қарттарымызды еске алып, ғибратты оқиғаларды әңгімелейтіндерді сағынамыз.
Шамамен 90 жыл бұрын осы түгі өскен, шүйгін шөбі тізеге жететін жерде алғашқы ұжымдастырудың ошағы құрылып, ел болып бірігіп еңбек ету үрдісі басталған. Сол серіктестік «Жеңіс» ұжымшары, одан кейін одаққа танымал асыл тұқымды ірі қой кеңшары (1962 жыл) болып тіршілік еткен. Ауылда 6-7 сыныптық қана шағын мектеп болатын. Ол кейін қойшылардың балалары жатып оқитын интернатқа айналды. Мектептің кірпішін Мұхамбетжан Сейтмағамбетов ақсақал құйдырды. Әлі есте, мектептің ұзыннан-ұзақ дәлізі болатын. Әр сыныпта қыста жағатын пеші бар-тұғын. Сол мектеп 20 жылға жуық, нақтыласам, 1970 жылға дейін ауыл халқына қызмет етті. Сол ескі мектепте сауат ашып, білім алған оқушының бірі болдық.
1960 жылы осы ескі мектепті 21 бала бітірдік. Оқуды жалғадық, филология ғылымдарының кандидаты болдық. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университетте (ҚазҰПУ) 2016 жылға дейін дәріс бердім. Қатарластарымыз Маухан Дауылбаев, Әбдікәрім Әбдірайымов, Дамыл Ысқақов, Әмірбек Есетов сияқты ұстаздарды әлі күнге дейін айтып отырады. Басқа сыныпты былай қойғанда, бір сыныпта оқыған Әбсаттар Әбдіғұлов медицина ғылымдарының докторы, Бақыт Кәрібаева филология ғылымдарының докторы болды.
Одаққа танымал асыл тұқымды қой кеңшарының еңбеккерлері арасынан Социалистік Еңбек Ері шықты. Сатан Ысқақов пен Ыдырыс Жұмабековтің еңбегін жұрт жақсы біледі. Сатан әкеміз тек адал еңбегімен көзге түскен жоқ. Ел ішінде 16 перзент тәрбиелеп өсірген құрметті азамат болатын. Ал Ыдырыс Жұмабеков Еңбек Ері атағынан бөлек, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ауылының мәдениетін, экономикасын көтерді. Соңғы кезде Жаңаарқа ауданының басшылық қызметтеріне де араласты. Осылайша, ауыл, аудан тарихында есімі қалды.
Түгіскен тарихындағы тұлғалардың тізбегін жалғасақ, ҚазЦИК-ті басқарғандардың бірі Жанайдар Садуақасовтан айналып өте алмаймыз. Ол 1937 жылдың құрбаны болып кеткенмен, өнегелі істерін түгіскендіктер ұмытпайды. Жыл сайын еске алу кештерін өткізіп тұрады. Ұжымшар кезінде көзі ашық қариялардың бірі Ықыш Ақмақанов ел ісіне араласып, малға баз салу ісін қолға алған. Көп ұзамай бала-шағасымен қолдан кірпіш құйып, қой базын салдырды. Бұл іс ұжымшарға да, кісінің өзіне де пайда әкелді. Содан былай қарай өсірген малы мен көл-көсір еңбегінің арқасында ауылда жеңіл көліктер саны көбейді. Ауылдықтар одақтық көрмеге салмағы 100 кило тартатын қошқарларын апарып көрсете бастады.
Түгіскен еңбеккеш тұрғындарымен ғана аты шыққан жоқ. Игілік Омаров әншілігімен республикаға танылды. Қазақ радиосына үнтаспалары көптеп жазылды. Қой бағып жүріп өз қолымен ағаштан қобыз ойып тартқан Сматай Үмбетбаевты қалай мақтан тұтпайсың? Қобызды ыңырантып отырып, ән айтуды қазіргі өнерпаздар арасына таратқан ең бірінші дарын еді. Қоңыр үнімен айтқан әндері, қолдан жасаған қобызымен тартқан күйлері әлі күнге дейін ел жадында. Болашақта Сматайдың сарынын музыка өнерін зерттеушілер зерделей берер.
Ел ішінде есім-сойы көпке мәлім болыс, би, батырлар да көп болған. Түгіскендегі «Арап» төбесі де атақты Арап батырдың есімімен аталады ғой. Жолдыаяқ, Танаш батыр, Мама, Мыңжасар (Бәйсейіт пен Дінмұхаммедтің бабалары), Баян, Бердіқожа, Амантай сынды батырлар да – осы өңірдің тумалары. Сапалай әнші де кезінде осы өлкеде өмір сүрген. Ол ел аузында «Сапалайдың әні» деген шығармаларымен аты қалып қойды. Төбел деген күйші атамыз, Балабек сынды ақын бабамыз да – Түгіскеннің тумасы. Олардың өлеңдерін, ән-жырларын көпшілік аузынан жиі еститінбіз. Бәйтілеу ұлы Мұсайып әншіні Мәжит Сейфуллин: «Сәкен аға оның әндерін естігенде өзгеше бір хәл кешетін еді... Мақпалдай қоңыр үніне ұйып отырып, өзіне құдыретті бір күш алатын. Ойға тұнған көзі қыранның көзіндей жарқылдап кететін», деп еске алады. Оның Арқа мен Қаратауды дүбірлеткен «Жалпы әлем» әнін композитор Е.Брусиловский «Ер Тарғын» операсында шалқыған би көрінісі ретінде пайдаланса, Мыңжасар Маңғытаев «Мәңгі махаббат» атты 8 бөлімді ораториясының соңғы патетикалық асқақ финалы «Миллиондар қол ұстаңдар» деген бөліміне негіз етіп
алған.
Түгіскендіктер мақтан тұтатын ақынның бірі – Ғалым Жайлыбайұлы. Ол Түгіскен мектебінде ұстаздық еткен жылдарда оқушым болды. Алғаш Жаңаарқа аудандық газетіне мақала жаза бастағаны күні кешегідей есте. Осындай озат түлектердің жолы әрдайым ашық болсын, халыққа абыройлы қызмет ете берсін дейміз.
Аманкеш ЗЕКЕНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, ардагер ұстаз