Оқиға • 20 Тамыз, 2024

Есірткі сататын 55 telegram-арнаның қызметі жойылды

91 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде 50 мыңнан астам адамды тарта отырып, есірткі сату жөніндегі 55 telegram-арнаның заңсыз қызметі жойылды. Олардың жалпы айналымы 48 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Есірткі сататын 55 telegram-арнаның қызметі жойылды

Фото:ife.ru

Айта кетейік, жыл басынан бері ҚМА материалдары бойынша елдің құқық қорғау органдарымен (ҰҚК, БП, ІІМ, СЖҚІҚА) есірткінің заңсыз айналымына байланысты 60 қылмыстық іс қозғалып, оның жартысы контрабанда фактілері бойынша болған. Онлайн наркошоптарға қатысты тағы 29 материал бойынша тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

«Айналымнан шамамен 100 кг ауыр есірткі – кокаин, кетамин, мефедрон және марихуана, сондай-ақ оларды жасау үшін 1 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді», делінген ҚМА хабарламасында.

Сонымен қатар қылмыстардың әлеуетті қатысушылары болып табылатын 30 мыңға жуық «дроптардың» банктік карталары бұғатталған. Сондай-ақ Шымкентте Қазақстандағы ең ірі мефедрон өндіру және тарату арнасы тоқтатылған. Есірткі лабораториясы құрылып, онда синтетикалық есірткі өндіруге арналған 1 тоннадан астам қышқыл тәркіленген. Оның өндірістік қуаты ай сайын 50 мың доза есірткі өндіруге мүмкіндік беретіні анықталған.

Бұл ретте халықаралық ынтымақтастық аясында ҚМА аналитикалық мәліметтер негізінде ТМД кеңістігінде есірткі таратқан трансұлттық интернет-дүкендерді жою бойынша Қазақстан, Беларусь және Ресей қаржы барлаушыларының қатысуымен арнайы операция жүргізілген.

«Үш елдің аумағында үш ауқымды есірткі дүкені жабылды, 35 наркодилер ұсталды, 1 тоннадан астам психотроптық заттар және клиенттерге сатуға дайын 3,5 мың дозаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді», делінген хабарламада.

Халықаралық «есірткі сатушылардың» жалпы табысы шамамен 30 миллион АҚШ долларын құраған, оның 12 миллионы криптовалютада шығарылған. ҚМА бастамасы бойынша Ұлттық Банктің және ҚНРДА қаулыларына өзгерістер енгізіліп, бір клиентке бірнеше банк картасын шығару бойынша шектеулер белгіленді және онлайн режимде олардың мониторингі қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар резидент емес және кәмелетке толмағандарға төлем карточкаларын беру кезінде қосымша бақылау және шектеу шаралары белгіленді. Ал, жаңа клиентті тіркеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді жүргізе отырып, төлем карталарын шығару бойынша банктердің ішкі бақылау шаралары күшейтілген.

Айта кетейік, есірткінің таралу белгілері мен критерийлері барлық банктерге жіберілген. Бұл есірткі саудасының фактілерін одан әрі анықтауға мүмкіндік береді. Аталған нормалардың қолданылу мерзімінен бастап бірнеше карта ұстаушылар саны 9,5 мыңнан 3,6 мың клиентке дейін қысқарып, 1,5 мың клиентке қашықтан қызмет көрсету қолжетімсіз болғаны белгілі болды.