12 Маусым, 2015

Батыс Қазақстанда полицияға пара ұсынған азаматқа үкім шықты

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
12-06-2015-para 01ОРАЛ. 12 маусым. Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында полицейлерге 40 мың теңге көлемінде пара ұсынған браконьерге қатысты сот үкімі шықты. Соған сәйкес, заңсыз балық аулаған азамат 800 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Оқиғаның мән-жайын қысқаша айтар болсақ, сәуір айының 18-інен 19-ына қараған түні Бөрлі ауданының тәртіп сақшылары А.Сливной есімді азаматты ұстайды. Оның көлігін тінту барысында балық аулайтын ау мен 130 кг. мөңке балық (карась) тәркіленеді. Осы іске байланысты Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінде хаттама толтыру кезінде ұсталған азамат полиция қызметкерлеріне пара ұсынған. Прокуратураның хабарлауынша, полицейлер А.Сливнойға пара берудің қылмыс екенін ескерткен. Соған қарамастан, ол өзінің қылмыстық әрекетін тоқтатпай, қызметтік үстел үстіне 40 000 теңге қойған. Нәтижесінде браконьер қылмыс үстінде ұсталды. Соттың үкімімен Сливной Қылмыстық кодекстің 367-бабы, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған берген парасынан 20 есе көп мөлшерде, яғни, 800 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, өмір бойына мемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқынан айырылды. Алайда, кінәлінің мүлкі тәркіленген жоқ. Темір Құсайын. Дерек: egemen.kz. Сурет: softcraze.com.