Қоғам • 20 Тамыз, 2024

Олжас Бектенов маймыл шешегі індетіне қатысты мәлімдеме жасады

95 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов әлемде таралып жатқан індетке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олжас Бектенов маймыл шешегі індетіне қатысты мәлімдеме жасады

Фото:Ашық дереккөз

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс жаңа маймыл шешегі вирусы мәселесі қаралды. 

Премьер-министр әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін, алайда арқаны кеңге салуға болмайтынын атап өтті.

«Көріп отырғанымыздай, әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты», деді Олжас Бектенов. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгінгі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.

«Қазақстан Республикасы аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Аталған инфекцияға күдікті науқастар әкелінген және анықталған жағдайда, жағдайдың ушығуының түрлі сценарийлері бойынша Медициналық қызметтердің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Дәрілік заттар қорының қажетті көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды. Медицина қызметкерлерін диагностика және емдеу әдістеріне оқытудың қайталама циклдері жергілікті жерлерде жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында», деді Ержан Нұрлыбаев.