Туризм • 20 Тамыз, 2024

Димаш Құдайберген Қазақстанның көрікті жерлерінде бейнебаян түсіріп жатыр

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге еліміздің туристік орындарында бейнебаян түсіруді бастады, деп жазады Egemen.kz.

Димаш Құдайберген Қазақстанның көрікті жерлерінде бейнебаян түсіріп жатыр

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Бейнебаян Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан қорық-музейі, сондай-ақ Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы және тағы да басқа еліміздегі танымал туристік орындарда түсірілген. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жаңа туындыда Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық парктерінің керемет көріністері көрсетілетінін хабарлады.

«Бұл жоба Қазақстанның бірегей сұлулығына назар аудартып қана қоймай, көрермендерге өнер туындысы арқылы елімізді жаңа қырынан көрсетуге жол ашады. Бейнебаян арқылы көрермендер Қазақстанды мәдени мұрасы бай, қайталанбас табиғаты бар ерекше мекен ретінде таниды деп үміттенеміз», деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Жоба Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерін еліміздің табиғи және мәдени мұрасымен таныстыруға, сол арқылы Қазақстанның туризмін дамытуға мүмкіндік береді.

«Димаш – Қазақстан туризмінің елшісі атануға лайықты тұлға. Көптеген адам Қазақстанды Димаш арқылы таниды», деп жазды әншінің Қытайдағы фанклубы.  

Айта кетейік, жоба аясында тыңдармандарға Қазақстанның табиғи және мәдени қазыналарына арналған жаңа музыкалық композиция да ұсынылады.