Білім • 20 Тамыз, 2024

Түркі әлемінің жас ғалымдарына арналған жазғы мектеп басталды

81 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19 тамызда Түркістан қаласында түркі әлемінің жас ғалымдарына арналған жазғы мектептің ашылу салтанаты өтті. Игі шараны Түркі Академиясы Түркия Ғылым академиясы (TÜBA), Түрік тілі қоғамы (TDK) және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркі әлемінің жас ғалымдарына арналған жазғы мектеп басталды

Фото: Түркі Академиясы

Жазғы мектептердің ашылу салтанатына Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Түркия Ғылым академиясының президенті Мұзаффер Шекер, Түрік тілі қоғамы төрағасының орынбасары Харун Шаһин, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Ұлттық ғылым академиясының бөлім меңгерушісі Анар Мұхтарова, сондай-ақ бауырлас түркі елдерінен келген жетекші профессорлар мен оқытушылар қатысты.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Шаһин Мұстафаев түркі әлемінің жас ғалымдары арасындағы ғылыми байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Ол жазғы мектептердің негізгі мақсаты білім және тәжірибе алмасу, сонымен қатар өзара достық және кәсіби ынтымақтастығы бекем қабілетті жас зерттеушілер желісін құру екенін атап өтті.

Биылғы жазғы мектеп бағдарламаларының ерекшелігі – «Түркология» және «Жаңа энергетикалық технологиялар» атты қос мектептің алғаш рет қатар ашылуы. Академия басшысы аталған екі саланың қамтылуы түркі халықтарының мәдени және ғылыми байланыстарының маңыздылығын білдіретінін айтты.

«Түркітану» мектебіне Әзербайжан, Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Моңғолия, Түркия және Солтүстік Македониядан 28 жас ғалым қатысып жатыр. Сондай-ақ «Жаңа энергетикалық технологиялар» бойынша жазғы мектепте Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Албания және Түркиядан 21 қатысушы бар. Оларға түрлі түркі елдерінен танымал 37 ғалым дәріс оқиды.

«Түркітану» бойынша жазғы мектеп бағдарламасы түркі халықтарының тарихын, археологиясын, тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуға бағытталған. Жас ғалымдар мен зерттеушілер үшін арнайы әзірленген теориялық және практикалық сессиялар олардың білімдерін тереңдетіп қана қоймай, өз жобаларын ұсынуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Түркітану мектебінің өзекті тақырыптарының бірі түркі әлемі концепциясын қалыптастырған тұңғыш ғылыми еңбек «Диван лұғат ат-түркті» зерттеу болып табылады.

«Жаңа энергетикалық технологиялар» мектебінің мақсаты – қатысушыларға энергетика саласындағы соңғы жетістіктер, мәселелер мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты түсінік беру. Бағдарлама энергия өндірудің негізгі принциптері мен дәстүрлі әдістерімен қоса, болашақ энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін маңызды инновациялық және тұрақты шешімдерді қамтиды.

Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев жазғы мектептердегі апталық сабақтар қатысушылардың білімін тереңдетуге және олардың әртүрлі елдердегі әріптестерімен байланысын нығайтуға ықпал етеріне сенім білдіріп, алдағы оқу аптасына сәттілік тіледі.