фото: gov.kz
Жалпы бала саны – 12 029. Жоғары сыныптардағы 44 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Сондай-ақ қазір модификацияланған кабинеттердің саны 32 болса, жаңа оқу жылында қосымша 8 кабинетті ашу көзделуде. Бұған дейін білім ошақтарында 2 STEM кабинеттері болған, биыл оның саны 4-ке жетеді.
Қала аумағындағы оқу ордаларына 21 жас маман жұмысқа қабылданды. Жалпы ұстаздар саны – 1417. Бұдан бөлек, білім бөлімінің басшысы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы қалай өткені туралы айтып берді. Сөзінше, 1002 баланың ата-анасының шотына 43 493 теңгеден аударылған.
«Жергілікті демеушілер тарапынан 142 оқушы мектеп формасымен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Жалпы сомасы – 3 915 000 теңге», деген бөлім басшысы жаңа оқу жылында ыстық тамақпен 6151 бала қамтылатынын да атап өтті. Оның ішінде 5636-сы бастауыш сыныпта оқитындар.
«Оқу жылында балалардың қауіпсіздігі де маңызды мәселе. Қаладағы оқу ордаларының барлығында бейнебақылау камералары, прокуратураның QR-коды, турникеттер қойылған», деді ол.
Бөлім басшысы жұрт көкейінде жүрген қаладағы Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің күрделі жөндеуі туралы сауалына да жауап берді.
«Мектеп 30 тамызда қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда жұмыс уақтылы жүргізілмей, күрделі жөндеу аяқталмады. Биыл бұл мектептің оқушылары үшін 10-ықшам ауданда орналасқан мектеп-лицейге тасымал ұйымдастырылып, бастауыш, 5 және «Жас полицей» сынып оқушылары екі ауысымда оқытылады. Қалған 6-11 сынып оқушылары орта мектеп-гимназияда екі ауысыммен білім алады», деді Қаламқас Сәрсенбаева.
2023-2024 оқу жылында білім сапасының деңгейі 64,1 пайыз болды. Биыл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр. Қуантарлық тағы бір дерек – 2024 жылы 443 түлек мектеп бітіріп, оның 223-і ЖОО-ның грантын ұтып алды. Сонымен қоса Ресей университеттерінің грантын 25 түлек, алыс-жақын шетелдегі білім ордаларының грантын 20 түлек иеленді.