Тағы 300 автобус сатып алынады
Кәсіпорын басшысы – басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатовтың айтуынша, өткен жылға қарағанда қоғамдық көлік жолаушыларының саны артты.
«Келесі жылы тағы 300 автобус алу жоспарда бар. Елордада билет бағасы 2012 жылы 90 теңге болып белгіленді, содан бері өзгерген жоқ. Осы уақыт ішінде жанар-жағармай құны өсті, ол кезде литрі 110 теңге болса, қазір дизель бағасы – 300 теңге. Автобустар аралығын жиілеттік. Бұрын жолаушылар кей автобустарды 20-25 минут күтсе, қазір аралық 12-15 минутқа дейін қысқарды. Келесі жылы 300 автобуспен толықсақ, 8-7 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндігіміз бар», дейді ол.
Автобус паркі қызмет көрсететін маршруттардың жалпы ұзындығы – 3 590,5 шақырым. Парк 76 маршрутқа қатынайды, оның ішінде 47-сі – қалалық, 3-еуі – түнгі, 27-сі – қала маңы бағыттары. Паркте жалпы саны 2 000-нан аса адам жұмыс істесе, соның 70%-ы – автобус жүргізушілері.
1974 жылы құрылған №1 автобус паркінің ғимараты ескі болғанмен, таза, жайлы орын екен. Ә дегеннен темірдей тәртіп райы байқалды. Жүргізуші жұмысқа қабылданбас бұрын жолдағы қауіпсіздік, түрлі жағдайдағы оқиғаларға психологиялық дайындық сияқты дәрістер оқылады. Қауіпсіздік бөлімінің инженері Ержан Амангелдіұлының айтуынша, көлік жүргізушісінің D санаты болуы міндетті. Жүргізуші куәлігін алғаннан кейін біліктілікті арттыруға қатысты арнайы оқу оқып, емтихан тапсырады. Бұдан соң болашақ қызметкер автобус паркінде тағылымдамадан өтеді. Тағылымдама 3 кезеңнен тұрады – 24 сағат, 42 сағат, 86 сағат. Бұл уақытта олардың теориялық және практикалық білімі тексеріледі. Жүргізушілер автобус паркінің жаттығып үйренуге арналған автобустарына отырып, автобус жүргізуге дағдыланады. Инженердің айтуынша, жаттығуға арналған автобустар қала бойынша тек осы автобус паркінде бар.
Автобус жүргізушісінің бір күні
Жүргізушілердің жұмыс күні таңмен таласа басталады. Сағат 04:00-де диспетчерлік қызмет бөліміне барып, маршруттар көрсетілген жол жүру парағын алып, әрі қарай медициналық тексерістен өтеді. Күнделікті қан қысымы мен алкогольдік күйі дұрыс болса жұмысқа бірден кіріседі. Медтексерістен өтпей қалған қызметкерлер міндетті түрде басқа жүргізушімен алмастырылады.
«Жүргізушілердің орташа жасы – шамамен 40-43 жас. 7 әйел жүргізуші бар. Бір автобусқа 2 жүргізушіден бекітіледі. Бір ауысым 14 сағатқа созылады. Ең алғашқы автобус таңғы сағат 5:30-да жолға шығады», деді №1 автобус паркі басшысының орынбасары Сәбит Болатов.
Оның айтуынша, қазір автобус паркіне 100-ге жуық жүргізуші жетіспейді. Жүргізушілер 23 жастан бастап қабылданады. Жүргізуші өтілі 3 жылдан кем болмауға тиіс. Соңғы кезде жалақы да көтерілген. Қазір ең төменгі жалақы – 680-700 мың теңге аралығында. Жоғарысы миллион теңгеден асады.
Сондай-ақ 3-5 жыл жұмыс өтілі бар қызметкерлерді емдік-сауықтыру орындарына жіберу мәселесі қарастырылған. Қиын жағдайда қалған қызметкерлерге кәсіподақ есебінен жәрдемақы беріледі. Жұмыстан тыс уақытта жүргізушілер футбол, волейбол алаңдарына барып тегін жаттығады. Автобус паркінің кәсіподақ ұйымын кәсіп жолын кондукторлықтан бастап әр жылдары түрлі қызмет атқарған Валерий Исаков басқарады.
Өндірістік нысандарға шолу
Бас инженер Бауыржан Тұяқұлының айтуынша, жөндеу жұмысын жүргізетін аумақ тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда 150-ге жуық маман бар. Түнгі ауысымда мамандар шамамен 30-50 автобусқа жөндеу жұмысын жүргізеді. Сөйтіп, автобустар таңда жолаушыларды діттеген жеріне жеткізуге қайта шығады. Мұндағы қызметкерлер жөндеу жұмысының барлық түріне машықтанған. Сырттан маман шақыртқан кезі жоқ. Автобус паркіндегі ең ескі автобус – 2017 жылғы көлік.
Техникалық жөндеу жұмыстарынан уақтылы өтетін көліктер ұзақ қызмет етіп, жаңа көліктерден еш қалыспайтын көрінеді. «Yutong» маркалы жаңа автобустар Қытайдан әкелініп, Қарағандыдағы зауытта жиналады. Соңғы алынған бір автобустың құны – 91,5 млн теңге. Ол жартылай жергілікті атқарушы органдар есебінен, жартылай автобус паркінің субсидиясы есебінен төленеді. Осылайша, автопарк жыл сайын лизинг арқылы автобустарын жаңартып отырады.
Парктің экологиялық бастамалары да көңілге қонымды. Автобусты жууға кеткен су қайта өңделіп, үлкен резервуарға жиналып, фильтр арқылы тазартылып, қайта қолданылады. Бұл бастама экологиялық жағынан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді. Егер әр қолданылған су тектен-текке кете берсе үлкен шығын әкелер еді.
«Күн сайын 350 көлік жуылады. Әр автобусты жууға 5-10 минут, шамамен 100 литр су кетеді», деді Б.Тұяқұлы.
Қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту мақсатында 2025 жылы 200 бірлік газ автобусы мен 100 бірлік электр автобусын сатып алу жоспарланып отыр. Биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтетін парк жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында парк қызметін цифрландырғысы келеді.
«Цифрлы автобус паркі жүйесін енгізу ресурстарды басқаруды жақсартуға, уақыт шығындарын қысқартуға және жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», деді басқарма төрағасының орынбасары Б.Молдахалықов.
8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтетіні белгілі. Жарысқа 90 ел қатысуға ниет білдірген. Екі мыңнан аса спортшы келмек. Осы ретте №1 автобус паркінің басшысы арнайы «Shuttle bus»-тар қатынайтынын мәлім етті.