Қазір төртінші революция таяп қалды. Әуелде теміржол сынды қозғалтқыштардың жасалуы адамзат өмірін күрт өзгертті. Кейін автоматтандыру дәл сондай жаңалық болды. Үшінші революция – интернеттің пайда болуы. Ал төртіншісі осы машиналық оқыту, жасанды интеллектінің өмірімізге дендеп енуі. Әуелде адамдар ұшаққа отыруға қорқатын. Бірақ қазір қалыпты ғой. Сол секілді біз жасанды зердені жатырқамауымыз керек.
Қазіргі таңда ақпаратқа қолжетімділік жағынан, заманауи құралдан ешқандай мәселе жоқ. Бастысы, біз сол құрылғыларды, қолдағы бар мүмкіндікті дұрыс қолдана білуіміз керек. Негізі цифрландыру бұрын да өз қарқынымен келе жатқан еді. Бірақ пандемия бұл үдерісті одан әрі тездетті. Жалпы, білім саласы бір орында тұрмауы керек. Жақында еліміздің әр өңірінде Тамыз кеңесі өтті. Сол кезде жасанды интеллектінің игілігін көретіндей бірнеше жоба таныстырылды. Бұйырса, екі-үш жылдың ішінде тәжірибеге енеді деп ойлаймын. Біздің колледжде былтырдан бері жасанды интеллект тақырыбы жиі айтылып келе жатыр. Биылдан бастап қанатқақты жобаларды жасап көреміз. Егерде жақсы нәтиже берсе, басқа да білім ошақтарына ұсына бастаймыз.
Әлишер ЖҮНІСОВ,
Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің мұғалімі