Қазақстан • 22 Тамыз, 2024

Мақсаты биіктің қадамы нық

103 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында нағыз дамыған ел болу үшін саяси реформамен шектеліп қалмай, оны түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру міндетін алға қойғаны мәлім. «Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу. Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауымыз тиіс», деген еді Мемлекет басшысы.

Мақсаты биіктің қадамы нық

Осыған орай әлемде геосаяси ахуал ушы­ғып тұрған қазіргі аума­лы-төкпелі кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беріп, экономиканы үздіксіз қолдау шараларынан сапалы дамуға түбегейлі көшуге бағытталған батыл да табанды шешімдер қабылдау мақсатында биылғы ақпан айын­да бұрынғы Үкімет отставкаға жіберіліп, атқарушы билік басшылығы жаңартылды.

Жаңа Үкімет алғашқы батыл қадамын Президент алдағы эко­номикалық реформалардың басты басымдықтарының бірі ретінде атап көрсеткен үнем­шіл­діктен, яғни ысырапшыл­дықтан арылудан бастады. Премьер-ми­нистр Олжас Бектеновтің Қа­р­­жы министрлігіне берген тап­­сырмасына сәйкес респуб­ли­­калық және жергілікті бюд­жет­­тердің барлығына тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қаражат оңтай­ландыруға ұсынылды. Осын­шама қаржы мемлекеттік орган­дардың әртүрлі форумдар өткізуге, әлеуметтік зерттеулер жүргізуге, іссапарлар­ға шығуға арналған әкімшілік шығыстарын қысқарту, әкімшілік ғимараттар салу және оларды жөндеу жұмыстары сияқты аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау есебінен үнемделді. Абай және Солтүстік Қазақстан сияқты облыстардың жылдық бюджетіне жуық осы қаражат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және экономиканың негізгі секторларын қаржыландыруға жұм­салатын болды.

Әрине, бұл ретте әлі де ойла­нарлық жайлар бар. Мәселен, жұрт­шылық тарапынан жоғары жетістіктер спортына жыл са­йын бөлініп келе жатқан мол қар­жыны, соның ішінде сырттан шақырылатын легионерлерге төленетін қомақты жалақыны да қысқартып, үнемделген ақшаны бұқаралық және балалар спортына жұмсау туралы ұсыныс кейінгі жылдары жиі айтылып жүр. Бұл сын-ескертпе еліміздің спортшылар командасы мардымды нәтиже көрсете алмаған Токио және Париж Олимпиадаларынан кейін тіпті үдей түсті.

Жалпы алғанда, Біріккен Ұлт­тар Ұйымының (БҰҰ) Шешімдер қоғамдастығының 2024 жылғы Тұрақты даму туралы баяндама­сында Қазақстан мүмкін болған 100 ұпайдың 71,1-ін жинап, 167 елдің ішінде 66-орынды енші­легені, яғни өз позиция­сын өткен жылғы деңгейде сақ­тап отырғаны атап өтілді. Елі­міз күніне 2,15 доллардан аз кедей­лік шегінен төмен өмір сүре­тін адамдар саны (0,6 пайыз) және күніне 3,65 доллардан аз ке­дейлік шегінен төмен өмір сүре­тін адамдар саны (0,9 пайыз) жө­ніндегі көрсеткішті орын­дау ар­қылы «Кедейлікті жою» атты 1-мақсатқа қол жет­кізді. Осы­лайша, Мемлекет басшысы алға қойған басты міндет – ха­лықтың әл-ауқатын арттыру бағы­тында атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Бұл ретте Үкімет жуырда «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын әзірлегенін де айта кеткен жөн. Алдағы уақытта Парламент осы құжатты қабылдаған жағдайда еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері қазіргі 85 мың теңгеден 129 731 теңгеге дейін өсіріліп, одан әрі жүйелі түрде арттырыла беруі мүмкін.

Биыл мемлекетіміз кейінгі 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат – 10 өңірде төтенше жағдай жариялауға тура келген алапат су тасқынын бастан өткерді. Ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басып, 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз орынға көшірілді. Сол бір қиын-қыстау шақта халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы берік ел еке­нін көрсетті. Мемлекет басшы­сы­ның су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеуіне жауап ретінде еліміздің табысты компаниялары мен «Forbes» тізіміне кірген ірі кәсіпкерлері табиғи апат келтірген залалдың орнын толтыруға 250,5 млрд теңге бөлді. Осы қаржы есебінен суда қалған баспаналары апаттық жағдайда деп танылған 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Бұған қоса тұрғынжайы қираған отбасылар үшін 2 569 жаңа үй салынып жатыр. Бүлінген 9 189 нысанның 8 939-ы немесе 97 па­йызы қалпына келтірілді. 8 853 отбасы тұрғын үйлерін қалпына келтіруге жалпы сомасы 49,3 млрд теңге қаражат алды. 34 216 от­басыға 100 айлық есептік көр­сет­кіш мөлшерінде (АЕК) бір­жолғы өтемақы төленді, оның жал­пы сомасы – 12,6 млрд теңге. Жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 21 869 отбасыға 150 АЕК-ке дейінгі мөл­шерде қосымша төлем берілді, оның жалпы сомасы 9,9 млрд теңге болды. Су тасқынынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерінің 455 өтіні­мі қаралып, оларға келтірілген залалды өтеу үшін 7,9 млрд теңге бөлінді. Суға кеткен мал ие­леріне берілген мемлекеттік өтемақы көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Мемлекет басшысының биыл 1 млн-ға жуық отандасымыз­ды жұмысқа орналастыру жө­нін­дегі тапсырмасына сәйкес бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту карталарында жалпы саны 948 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Бірінші жартыжылдықта 353 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, оның 148 мыңы – жастар. Осы ретте бір айта кетерлік жаңалық – шет­елдерде жұмыс істеуге ниеттенген жастар үшін халықаралық келісімшарттарға сәйкес Шығыс Қазақстан, Түркістан және Ал­маты облыстарында даярлық курс­­тарын ұйымдастыру орта­лық­­тары ашылмақшы.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның мәліметіне қарағанда, биыл­ғы бірінші жартыжылдықта елі­міздің жалпы ішкі өнімінің өсі­мі 3,3 пайыз болды. Бұл көрсет­кіш былтырғы сәйкес кезең­де 5 пайызға жеткен еді. Өт­кен жылмен салыстырғанда эко­но­миканың өсу қарқыны баяу­лауының негізгі себептері – сау­да, көлік, логистика сияқты сала­лар­дың дамуына теріс әсерін тигіз­ген алапат су тасқынының сал­дары және мұнай өндірудің 1,6 пайызға азайғандығы. Бірақ жағ­дай біртіндеп жақсарып келе­ді. Өңдеу өнеркәсібінде 5,1 па­йыз өсім сақталып отыр. Соның ішін­де машина жасау өндірісінің 9,4 пайызға, металлургияның 8,3 пайызға, химия өнеркәсібінің 5,3 пайызға, фармацевтикалық өнімдердің 14,8 пайызға және жиһаз өндірісінің 28,3 пайызға өсуі қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 8,6 пайызға өсті. Өткен 6 айда жалпы алаңы 4,6 млн шар­шы метр көппәтерлі үйлер пай­­далануға берілді, бұл өткен жыл­­дың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 5,9 пайыз көп.

Ауыл шаруашылығының биылға жоспарланған өсімі – 11,6 пайыз. Өткен 6 айда осы сала­ның жалпы өнімінің көлемі 3,4 пайызға артып, 1,6 трлн теңге болды. Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында: «Жоспарланған көрсеткішке егін жинау науқа­ны аяқталғаннан кейін осы жыл­­­дың екінші жартысында қол жет­кізілетін болады», деп мә­­лім­деді. Биыл республика бойынша егіс алқаптарын әрта­рап­тандыру жос­пары орында­лып, бидай алқабы 450,3 мың гек­тарға қысқартылды. Есе­сіне майлы дақылдар мен қант қызылшасының егістігі сәйке­сінше 608 мың және 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін күріш алқабы – 6,9 мың гектарға, мақтанікі 16 мың гектарға азайтылды. Осы жылы алғаш рет көктемгі егіс жұмысына арналған жеңілдетілген кредит көлемі жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Өткен жылдары бұл сома 180 млрд теңгеден аспаған болатын. Жылдық мөлшерлеме­сі 5 пайызбен отандық өнді­ріс­тегі ауыл шаруашылығы техника­сының жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да іске қосылды. Бұйыртса, биыл ат­қарылған аг­ротехникалық іс-шаралар мен жаздың қолайлы ауа райына байланысты егіннен жақсы өнім алынады деген үміт бар.

Мал шаруашылығында импортты алмастыру міндетіне сәйкес осы жылы 65 тауарлы сүт фермасын құру жоспарланып отыр. Оның 16-сы биылғы бірінші жартыжылдықта іске қосылды. Осы мақсатқа республикалық бюд­жеттен 100 млрд теңге бө­лінді. Құс фабрикаларын құру және кеңейту бойынша биыл 10 жоба жоспарланған. Алматы және Қызылорда облыстарында осын­дай 2 жоба іске асырылды.

Биылғы бірінші жартыжыл­дықта елімізде алғаш рет әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы арзандай бас­тады. Нақты айтқанда, 9 тауар – сәбіз, қарақұмық жармасы, ұн, сүт, тауық еті, күріш, сиыр еті, тұз және қант бағасы жыл басынан бері орта есеппен 0,2 пайызға төмендеді.

Өткен жылы ел тұрғындары­ның 60 пайызы немесе шамамен 12 млн адам газға қол жеткізді. Биыл газдандыруды жалғастыру үшін республикалық бюджеттен 194,7 млрд теңге бөлінді. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жылдың екінші жартысында 276 мыңнан астам адам тұратын 68 елді мекенге газ жеткізілмекші.

Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына қарай респуб­ликалық жолдардың барлығын нормативтік жағдайға келтіру жө­ніндегі тапсырмасына сәй­кес бүгінде елімізде жалпы ұзын­­­­дығы 12 мың шақырым ав­то­мо­биль жолдарын күрделі жөн­­деу және жаңғырту жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Соның ішінде 20 жылдан бері жөндеу көрмеген «Жезқазған – Петропавл», «Шалқар – Қан­дыағаш», «Қарағанды – Қарқа­ралы», «Семей – Қайнар» және «Семей – Барнауыл» автожолдарын қалпына келтіру басталды.

БҰҰ Шешімдер қоғамдасты­ғының 2024 жылғы Тұрақты даму туралы баяндамасында еліміз денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мақсаттарға қол жеткізе алмағандығы сыналған. Осы салалардағы жағдайды жақ­сар­ту үшін былтырдан бері «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары жүзеге асы­рыла бастады. «Ауылда денсау­лық сақтауды жаңғырту» Ұлт­тық жобасының аясында биыл 556 медициналық және фельд­шерлік пункт, дәрігерлік амбулатория салу көзделген. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында осы жылы 536 мың оқушыға арналған 302 мектептің құрылысы аяқталуға тиіс. Бұл 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептің мұқтаждығын шешуге мүмкіндік береді.

Түйіндей айтқанда, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін берді. Атақты философ Сенеканың «Кеме қай портқа баратынын білмесе, желі оңы­нан тұрмайды» дегеніндей, Пре­зидент айқындаған биік мақсат халқымыздың рухын көтеріп, алға жетелейтіні анық.