Іргесі ертеде қаланған Ұзынбұлақ ауылы маңындағы тау бөктеріндегі топырақты сонау кеңестік заманнан бері өңір тұрғындары түрлі қажеттілікке пайдаланып келеді. Құрылыс қарқын алған соңғы жылдары топырақ алу жедел қарқынмен жүзеге асып, оның аумағы бірнеше гектар жерді қамтыды. Әлі күнге дейін жергілікті халық бульдозер, экскаватор, тағы басқа техниканы жалдап, топырақ әкетіп жатыр. Топырақ алған кезде жергілікті халық кей жерлерден үнемі адам мен мал сүйектерін тауып алатын. Өткен жылы жоғарыда аты аталған орган өкілдері осындай ақпаратты алған соң қазба жұмыстарына қаражат бөлу туралы шешім шығарып, оны экспедиция мүшелері жүзеге асырды.
«Мұндағы қорым апаттық жағдайдағы бірнеше қорғандардан тұрады. Кейбір қорғандар түгелдей жойылып кеткен, бірқатары жартылай бұзылған, тағы да сол сияқты. Кейбір мүдделі адамдардың тарапынан жасалынуы мүмкін апаттық жайттарды болдырмау үшін ең алдымен бүтін обалар қазылып, түрлі артефактілер (қыш, ағаш қалдықтары, жылқы үзеңгілері, темірден және қоладан жасалған тоғалар), адам қаңқасы мен жан-жануарлардың сүйек қалдықтары қазып алынды. Табылған олжаға қарағанда, қорғандардың басым бөлігі түркі дәуіріне тән. Қорымнан табылған екі азу тісі сақталған қабанның төменгі жақ сүйегі мамандардың қызығушылығын тудырып отыр. Бәлкім бұл жылқының жақ сүйегі де болуы мүмкін, егер қабанның жақ сүйегі болса, онда ол өте сирек кездесетін құбылыс. Мұның культтік сипаты болғандығы анық», дейді экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байқонақов.
Еуразия аймағында қабанның азу тісінен жасалған құралдар мен әшекейлер неолит дәуірінен бастап кеңінен кездесе бастайды. Жануардың бейнесі еліміздегі жартас суреттерінде жиі ұшырасады. Қола дәуірі мен ерте темір ғасырында қабан аулауға шығу жауынгерлер үшін көзсіз ерлік болған еді. Көптеген халықтардың дәстүрлі дүниетанымында қабан тотем ретінде белгілі болды немесе ол ерлерге тән күш-қуатты сипаттады, сондай-ақ өнімді түрде көбеюдің рәміздік мәніне айналды.
Ұзынбұлақ қорымы мамандарға Оңтүстік-Шығыс Қазақстанды мекендеген ежелгі түркілердің материалдық және рухани мәдениеті тұрғысында негіздемелік дереккөз ұсынып отыр.
Алматы облысы,
Кеген ауданы