Қоғам • 13 Маусым, 2015

Көрдемше

1612 рет
көрсетілді
49 мин
оқу үшін

– Атың кім?

– «Пәленше».

– Кімнің баласысың?

– Мамамның?

– Әкеңнің есімі кім?

... Шын мәнінде, оның әкесі кім? Бұл біреулер үшін ғана емес, бүкіл қоғамға қойылуы тиіс сұрақ. Ал бұған лайықты жауап берер мүмкіндігіміз бар ма? Меніңше, осы мәселеде айтар уәжіміз мардымсыз... Әлемде Тәңірден берілген рухани асыл дүниелерінен, өзгеден ерекшелеп тұрар қасиеттері мен салт-дәстүрлерінен түрлі себептермен көз жазып қалған, келе­шегі күмәнді ұлттар баршылық. Бұлар­дың қатарында біз жоқпыз, әрине. Алайда, осы орайда қарға тамырлы қазақ­тың ойланатын жағдаяттары жет­кілікті. Бұл түйткілдердің арасын­да­ғы ең сорақыларының бірі ретінде қоғамымызда некесіз бала туудың үйрен­шікті, қалыпты, қысылып-қымтырылмай іске асырылатын дағдыға айналып отырғанын, соның салдарынан көрдемшелердің көбейіп бара жатқанын айтуға болар, бәлкім. Жалпы, осы тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде телеарналарда азды-көпті қозғалып, ел талқысына ұсынылып жүр.

Көрдемше

Бұл талқылаулар барысында некесіз бала табуды қолдайтындардың да көптеп кездескені байқалды. Некесіз перзент сүюдің ұлттық ұстанымдарымызға, не­ке­лі жарын ақ шымылдық ішінде құшқан бабалар талғамына, дінімізге мүлде қайшы екенін біле тұра көрдемше­лер­дің көбейе беруін жөн санайтындарға қарап, қарадай қыжалат боласың. Ал қойын-қонышы әкесі белгілі-белгісіз тірі жетімдерге толы, некесіз бала сүю­шілерге қабақ шыта қоймайтын қоғамымыз бұл орайда, жұмған аузын ашар емес.

Қазақтың өзегіне нәр беріп, бітім-болмысын сомдауда Табиғат-ана таршылық жасамаған ғой. Сондықтан да ұлт болып қалыптасуға не қажеттің барлығын аямай беріп, бұл тұрғыда молшылыққа кенелткен Жаратушы Иемізге алғысымыз шексіз. Алайда, осынау баға жетпес байлығымыздың қадірін білуге, оның өміріміздегі мән-маңызының аса жоғары екенін түйсінуге мойынымыз жар бермей жүргені жасырын емес. Адалдық үшін айтуымыз керек, бізді басқадан ерекшелер, ғасырлар бойында небір зұлматтарға кезіксек те өзіміздің ұлттық сипатымызды жоғалтпай, өркениет көшіне ілесуімізге мүмкіндік берген, елдік санамыздың сақталуына тікелей ықпал еткен рухани құндылықтарымыздың рөліне жүрдім-бардым қарау үрдісі, тіпті, қазақы орта саналатын ауылдардың өзінде де аңғарылады. Ал осының салдарынан, дұрысы, кесірінен туындаған кінәраттарға, келеңсіздіктерге, жантүр­шіктірер оқиғаларға етіміз үйреніп кеткені сонша, қандай да сүреңсіз жағдаяттарға самарқау қарап жүре бере­тін болдық. Бұл өз ортамызда жан күйзелтер, адам­шылыққа жат дүние­лердің өте көп бой көрсе­тетінін мең­зейді. Өйткені, жұртшылық жаға ұста­тар жайттардың қайсысына көңіл аудара берсін?

Бүгінде некесіз бала туып, онысынан қымсын­бай, алыс-жақын ағайыннан сүйінші сұрап, мәре-сәре күй кешетін қандастарымыздың қата­ры­ның қалыңдай түскенін ешкім жоққа шығар­майды. Көрдемше дүниеге келсе, бүкіл жұрт­шы­лық намыстан жарылып, сол күнәлі істің басты себепкерлерін елден аластап немесе өлімге бұйыратын, қыздың оң жақта отырып босануын­ мүлде қабылдай қоймайтын, осы іспеттес жағ­дай­ларды қара жерден жік шыққандай көріп шошынатын атам қазақтың бүгінгі ұрпағы осындай халде. Мұны «қалыптасқан үрдіске амалсыздан мойын­сұну, көндігу» деп жақауратудан басқа лажымыз қалмағандай. Осы бір сүреңсіздіктің емін-еркін көрініс беруіне намыссыздықтың тікелей жол ашып беріп отырғанын да мойындауымыз керек.

Біз бұл арада мына мәселені қатаң түрде ескергеніміз жөн. Некесіз бала­ларды өмірге әкелген пенделерді жазғырсақ та, көрдемшелерді кінәлауға, оларды күстаналап, кемсітуге құқымыз жоқ. Бұған басқасын білмеймін, өзіміз тұтынатын Ислам дінінде де рұқсат берілмеген. Өйткені, көрдемше де Алланың жаратқаны. Оның өмірге келуі осылай нәсіп етілген. Ал Жара­тушының құзыре­тіндегі істерден кемші­лік іздеу мұсылманшы­лыққа жатпайды. Оның үстіне, бүкіл адамзат (жа­ратылыс) секілді, көрдемшелер де өзінің кімнен, қалай пайда болаты­нына таңдау жасай алмайтыны түсінікті. Тек, біздің айтпағымыз, әрбір нәрестенің өмірге келуі мүмкіндігінше ата-бабала­рымыздың ұстанымдарына, дініміздің талаптарына сай болса деген тілек. Ал бұл тілектің астарында өте ауқымды, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт болашағына, елдік санаға, тіпті, барша адамзатқа ортақ игіліктерге қатысты мәселелер жатқанын түсінуіміз қажет-ақ.

Қазақ некесіз туған баланы шеттетіп, көрдемше екенін бетіне басып, намысына тимеген. Егер әлдекім осындай әдепсіздік жасаса, ол айыпталып, жазаланған, жазықсыз жанның жүрегін жаралаған жан ретінде ақсақалдар талқысына түскен. Ал ақсақалдар құзыретіндегі ар сотының санасында саңлауы бар адамды есеңгіретіп тастайтыны белгілі. Дегенмен, өткен қоғамда көрдемшеге деген іштей жақтырмаушылық, күдікті көзқарас қылаң бермей қоймаған. Себебі, әкесінің нақты кім екені белгісіз бейбақтың жеме-жемге келгенде, ел басына ауыртпалық түскен сын сағаттарда сырт айналып кетпесіне ешкім кепіл бола алмайтыны қауымдасып өмір сүрген халайықтың оларға іштей сенімсіздігін тудырып, бір саусағын бүгіп жүрулеріне мәжбүр еткендей. Бұған қоса, көрдемшелерге деген сол қоғамдағы бөтен көзқарастың туындауына оларды ұлт, ру атына кір келтіріп, ел абыройына дақ түсіріп, қысқасы, ата жолдан аттап дүниеге әкелген (қандай себеппен болса да) ұзынетектілер мен арсыз әкесымақтарға деген халықтың жеккөрінішті пиғылы да үлкен ықпал еткен. Оның үстіне, шыққан тегі бұлыңғыр немесе белгісіз адамдардың ұрпағы кесірінен дәстүрлі шежіре шатасатыны және жамағатқа жеті атадан аспай қыз алысуға, құдандалы болуға тыйым салатын, яғни, ұлт қанының таза сақталуына тікелей әсер ететін, қазақтың өзгеден ең басты артықшылықтары саналатын салтымызға нұқсан келетіні де бабаларымызды алаңдатқан.

Осы жерде мына мысалдарды да келтіре кетудің реті келіп тұрғандай. Бірде атақты Ислам ғұламасы Әбу Ханифа бірнеше адаммен әңгімелесіп тұрады. Сол маңда бір топ бала доп ойнап жүреді. Кенет доптары тура әлгі кеңесіп тұрған жандардың ортасына түседі. Балалар үлкендерден именіп, әдеп сақтап тұрып қалады. Сол кезде араларындағы біреуі ештеңеге қарамастан, допты алып жүгіре жөнеледі. Ғұлама Әбу Ханифа: «Бұл балада некесіз, Аллаһтың қаһарына ұшыраған жатырдан туған сипат бар екен», – депті. Өзгелері мұның рас-өтірігін анықтамаққа баланың үйіне дейін ілесіп барса, ол шынымен де Бағдаттағы жалғыз басты әйелдің некесіз туған баласы болып шығыпты. Осы іспеттес көріністерден шатаның шатағы оңай болмасы байқалады. Тағы бір мысал. Моңғолияның экономикасы құлдыраған 90-жылдары аталған елде мыңдаған бала некесіз дүниеге келген. Бұлар Ұлан-Батыр көшелерінде тентіреп жүрді. Қоғам оларды «траншей балалары» деп атаған. Кейіннен фамилиясы, есімі жоқ көрдемшелерді шетелдік ұйымдар алып кетеді. Ақырында сыртқы күштер оларды 2007 жылдың 1 шілдесінде Ұлан-Батырда орын алған, компартия ғимараты өртенген, көптеген адам қаза тапқан қанды оқиғаны ұйымдастыруда пайдаланған көрінеді. Мәселе қайда жатыр!

Әлемдік масштабта ат төбеліндей, ал еліміздің шеңберінде қалың қазақ деп айдар тағыла аталатын ұлтымыздың ұнжырғасын түсіретін берекесіз, болмысымызға жат бейәдеп жайттардың алдын алу мақсатында қолдануға өте қолайлы әрі ұтымды, тәрбиелі тәмсіл, тиімді амал-тәсілдермен құнарланып, маңызы арттырылған жасампаз әдет-ғұрыптарымыз, түрлі тыйымдарымыз, жөн-жоралғыларымыз, жүректі шымырлатар нақыл сөздеріміз, бұлардан да ең бастысы асыл дініміз бола тұра көп жағдайда «әттеген-айлап» қала беретінімізге қарынымыз ашады. Осынау ұлттық иммунитетіміздің әлеуетін орнымен пайдалана алмауымыздың салдарынан рухани әлеміміздің шекарасын ашық-шашық қалдыруымыз бізді әлі талай опық жегізеді. Мәселен, бүгін сөз етіліп отырған некесіз бала туғандар санының артуы, көрдемшелердің қаптауы ұлтымыздың талмау тұсынан соққы беретін қандай зауал алып келетінін әлі ешкім болжай алмайды. Бір білетініміз, қауіпті құбылыстың ұсқынсыз пішіні, рәпәтсіз нобайы сомдалу үстінде.

Біз некесіз туған балалардың көпшілігінің дұрыс тәрбие, оңды білім ала алмайтынын, әлеуметтік жағдайлары төмен болатынын да ескергеніміз дұрыс. Бұл да өз кезегінде қоғамымыздағы қылмыс және басқа да қауіпті жағдаяттардың жиі-жиі орын алуына, дәлірегі, әлеуметтік күрделі мәселелердің ушыға түсуіне көп «жәрдемдеседі», қоғамдық дертті асқындырады. Айналып келгенде, мұның барлығы мемлекеттің қоғамды сауықтыруға бағыттайтын күш-қуатын арттыруға мәжбүрлейді, нақтылай айтқанда, экономикалық тұрғыда үлкен шығындарға соқтырады.

Соңғы кездерде халқымыздың саны біршама артқаны белгілі. Мұнда некесіз туылған балалар­дың да үлесі бар. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда елімізде дүние есігін ашатын бес баланың бірі некесіз туылатын көрінеді. Деректерге қарасақ, 1999 жылы 51 900, 2004 жылы 68 000, 2009 жылы 75 400 бала некесіз өмірге келіпті. Бұл жағымсыз көрсеткіш кейінгі жылдарда да осы кө­лемде сақталып отыр. Жинақтай сөйлесек, соңғы 10 жылда елімізде туған 3 397 652 сәбидің 682 987-сі көрдемше. Бұл – Қазақстандағы әрбір бес баланың біреуі некесіз туылады деген сөзіміздің дәлелі. Яғни, жыл сайын елде 68 мыңнан астам сәби «әкесіз» туылады. Бұлардың барлығы да әкесіз балалар мен тастандыларға жатады.

Жалпы, көрдемшелерді дүниеге әкелетіндердің едәуір бөлігін 15-19 жас аралығындағы қыздар құрайды деген дерек бар. Мәселен, 2009 жылы өткен халық санағы көрсетіп бергендей, Қазақстанда 15-19 жас аралығындағы 678 500 қыз некесіз бала көтерген. Бұл есепке алынғаны ғана. Ал оның сыртында қаншасы барын Алладан басқа ешкім білмейді. Бұдан бөлек, кінәсіз балаға «ойнастан туған, шата» деген теңеулерді таңып беріп, шалыс басқандар, яғни, жасы келгенде қараусыз қалудан қорқатын кәрі қыздар тарапынан көбейіп жатқан көрдемшелер де аз емес. Бұлардың дені – «байға тиіп ми ашытпай-ақ, қартайғанда өзіңді күтетін бала туып ал», «бай таппа, бала тап», «Қайт­сеңдағы айла тап, «күлге ауна да», бала тап» деп, мәселенің арғы-бергі жағына үңілмей, арзан ақыл, кемтар кеңес берушілердің айтағына арандаған әрі «данышпандардың» әлгіндей пікірі әсерінен мұны ешқандай ерсілігі жоқ іс деп есептейтін кәрі қыздар.

Түсінеміз. Қазіргі кезде көптеген қыздар білім алуды, біреудің қолына қарап қалмау үшін ақша табуды, қызметтік дәрежесін өсіруді басты мақсаты санайды. Өстіп жүргенде, уақыт зулап өте шығады. Мұны бұрыс деп те айта алмайсыз, әрине. Бірақ бойжеткеннің отбасы құруда қолын байлайтын нақ осылар.

Біздің қоғамда «Материалдық тұр­ғыда ешкімге кіріптар емеспін, әсі­ре­се, еркекке күнім қарап тұрған жоқ», деп шіренетін, осындай көзқарастағы бойжеткендер баршылық. Бірақ олар барлық жаратылыс өз жұбымен жарасымды болатынын, сондықтан дені сау еркек әйелсіз, дені сау әйел ер азаматсыз өмір сүруі қиын екенін ескермейді. Бір бала туып алған соң әйел табиғатына қажеттің барлығы өтеле қалады деу жансақтық. Жаратылыс заңдылығы талабының жөні бөлек қой.

Не десек те, қартайғанда қос тізесін құшақтап жалғыз қалу қаупі көптеген кәрі қыздардың күнәлі іске баруына басты сылтау болып тұр. Олардан дер кезінде тұрмыс құрмауының себебін сұрасаң, айтар жауабы – «жөні түзу жігіт жоқ».

Негізгі тақырыпқа қатысты жайт­тардың белең алуына елімізге келіп, түрлі салаларда уа­қытша еңбек етіп, кері қайтып кететін гастербайтерлердің де «үлесі» бар екенін ішіміз сезеді. Бұл ұлтымыздың таза қанын бүлдірер, тегі бел­гісіз, өңі өзгеше шаталардың да қаптап келе жатқанын аңғартса керек. Ойланатын мәселе!

Сонымен қатар, некесіз туатын бала­лардың санын көбейтуге меди­циналық жолмен ұрықтандыру әдісі де өзіндік септігін тигізуде. Еуропадан бастау алған осы тәсіл бүгінде елімізде де кеңі­нен қолданылып отыр. Осылайша, ер адамның шауһатын сату бизнесі ішінара пайда болды. Мұны Ислам діні құптар, құптамасына көңіл аударып жатқан біреуді көрмейсің.

Осы арада біз ер кісінің шауһатын сату мәселесіне тоқтала кетейік. Әлемде алғаш рет 1973 жылы Францияда адамның ұрығын сақтау және оны зерттеу орталығы ашылыпты. Мұның ізін ала медициналық осындай мекемелер көптеп құрыла бастапты. Тіпті, АҚШ-та 1980 жылы жаһанда бірінші рет адам ұрығын сатумен айналысатын арнайы компания өз қызметін ұсынған. Әлемдегі айтулы тұлғалардың, кіл атақтылардың шауһатын сатып алу және оны өзгеге пұлдау ісімен шұғылданатын құрылым көп өтпей жарнамасыз-ақ көп клиент жинап алады. Компания ұрық иесінің кім екенін сатып алушыларға жария етпейді екен. Сірә, келешекте пайда болуы мүмкін ықтимал мәселелердің алдын алғаны болар. Құрылым тек, шауһат сатып алуға өтініш білдірген әйелдерге аздаған мәлімет ұсынумен шектеледі. Онда ұрық иелерінің қай салаға қатысты адам екені көрсетіледі-міс. Осылайша мол табысқа кенелуге болатыны дәлелденген соң, мұндай компанияларды ашушылар қатары көбейген. Қазіргі таңда дамыған көптеген мемлекеттерде аталған салада қызмет көрсететін орталықтар жеткілікті. Оған ешкім таңғалмайды да.

Бір қызығы әрі шыжығы, еркектен бір рет алынған шауһат 100-ге тарта әйелдің бала көтеруіне жетеді екен. Бұл осынша әйелдің бір аталықтың ұрығынан бала тууына мүмкіндік береді дегенді білдіреді. Қазіргі таңдағы деректерде әлемде 2 миллионға жуық адам жасанды ұрықтандыру жолымен өмірге келіп, жер басып жүргені айтылады. Ал осылардың ішінен кейбіреулері отбасылық жұп құрай қалса, не болмақ? Әкесі бір, туған бауырлар ерлі-зайыпты ғұмыр кеше бере ме?.. Оның ата жолына, шариғатқа мүлде қайшы екені айтпаса да түсінікті. Ислам дінінің білгірлері адамның ұрығын сату дінімізде харам саналатынын айтады. Асыл дініміз келмей тұрған кезде арабтарда ер кісі өз әйелін қуатты, ақылгөй, түрлі қасиеттерімен ерекшеленіп тұратын адаммен төсектес болуға жұмсайтын ғұрып болыпты. Сондағы мақсат – әлгі ерекше адамнан перзент көру. Дініміз әлемге шуағын шашқан кезден бастап мұндай анайы іске тоқтау салынған. Демек, шауһат сату – харам іс. Шын мәнінде, бір әйелдің бөтен еркектің ұрығын жатырына салуы некесіз бала табудың дәл өзі емес пе? Тіпті, мұны зинақорлық деп те қарастыруға болатын шығар, бәлкім.

Біздің дініміз Құдай жаратқан тәнімізден бір нәрсені сатуға тыйым салатынын айтып жатудың өзі артық. Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) малдың ұрығын сатуға тыйым салды», – деп жазылыпты. Малдың ұрығын сатуды Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тыйым салса, ендеше, адамның ұрығын саудаға салу да харам болатыны басы ашық жайт.

Айта кетейік, ананы медициналық жолмен ұрықтандыру ісін дініміздің қолдайтын тұстары да бар. Ол үшін әйел мен ұрық иесі некелі жұп болуы шарт.

Көбіне біз Батысқа қарап бой түзеп жатамыз. Десек те, кейінгі уақытта олардың осал тұс­тарын айтып, сынап, жаман әдеттерінен жиреніп, іштей мысқылдайтын болып жүрміз. Дұрыс-ақ. Өзгенің жақсысын үйреніп, жаманын жанымызға жуытпауға тырысуымыз құптарлық іс. Әсіресе, Батыстағы жағымсыз адами қарым-қатынастар жөнінде, дәстүрлі отбасылардың мүлде азайып бара жатқаны, халық санының кеми түскені және рухани құлдыраудан, «шексіз еркіндіктен» туындаған әлеуметтік күрделі түйткілдер тұрғысында көп мысалдар келтіруден ешкімнен кенде емеспіз. Бірақ, өкініштісі сол, кей жағдаяттарда «оларға қарағанда бізде тәуір, Құдайға шүкір» деп айтуға кей-кездерде аузың бара бермейді. Өйткені, өзіміздегі тіршілік ырғақтары да солардікіне ұқсап барады. Тіпті, жан күйзелтер кейбір түйткілдер бойынша оларды өкшелеп келеміз. Мәселен, осы қозғалып отырған тақырыпты алып қарасақ, біреуге күлер жайымыз да жоқ.

Енді, Батыс елдерінде некесіз туылатын балалар санына және оларға қатысты көңіл жабырқатар бірқатар деректерді алға тартайық. Себебі, олардың бастарындағы жағдайлардан сабақ алуымызға керек болар.

АҚШ-та әрбір үшінші бала некесіз өмірге келеді деген дерек ақпарат құралдарында жиі кездеседі. Мұнда, әсіресе, ақ нәсілді заңсыз туған балалардың саны өте көп. Дәлірегі, өмірге келген осы санаттағы балалардың 57 пайызы жалғыз басты аналарға тиесілі. Көрдемшелерді дүниеге әкелуді ар санамайтын бұл елде некесіз туатындарға мүмкіндігінше жақсы жағдай жасалатын көрінеді. Солай-ақ, болсын. Алайда, осы ұсқынсыз үрдістің кең етек жаюы бүгінгі АҚШ қоғамына ой сала бастады. Себебі, аталған елде әйелдердің өзгеден туған қызын ертіп барып, екінші бір ер кісімен отбасы құруы себебінің ауыр салдары жиі байқалуда. Мәселен, кішкентай қыздардың зорлану фактілері соңғы 5 жылда 33 есеге артып кетіпті. Ал бүлдіршіндерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлейтіндердің басым бөлігі өгей әкелер болып шыққан.

2012 жылғы деректерге қарағанда, Еуропалық одақ елдерінің арасында некесіз туған балалардың ең жоғары көрсеткіші Эстонияға тиесілі екен (59%). Сол сияқты, ресми түрде үйленбеген жұптардан заңсыз туған нәрестелер Францияда – 53, Британияда – 46, Италияда 24 пайызды құраған. Германияда да әр үш нәрестенің бірі некесіз туылатыны белгілі болып отыр. Осы елдің кейбір штаттарында некесіз туған балалар саны 60 пайыздан асып жығылады. Ал Еуропа елдерінде жасалған 2007 жылғы статистикалық зерттеулер бойынша, Францияда – 39, Британияда – 37, Германияда – 18, Италияда 8 пайыз бала некесіз туылыпты. Сандарға көз жүгіртсек, 2007-2012 жылдар аралығында аталмыш мемлекеттерде көрдемшелер саны шапшаң көбейгенін аңғарамыз. Бұл тұрғыда Грекия ең төменгі көрсеткішке ие. Бірақ, мұнда да көрдемшелер саны ұлғая түсіпті (2007 жылы – 3, 2012 жылы – 7 пайыз). Сол сияқты, Швеция, Дания, Ирландия, Португалия, Голландия, Белгия, Испания сынды елдердің де осы мәселеде жетісіп тұрғаны шамалы.

Әрине, Батыс қоғамы жоғарыдағы көрсеткіш­­терді бізден жақсы біледі. Сондықтан да, бұ­ған қарсы өздерінің жасап жатқан қам-қарекет­тері бар. Ғалымдары, әлеуметтанушылары биік мін­бе­лер­де осыған қатысты тұщымды ұсыныс-пікір­­лерін айтып та жүр. Осы арада олар мен біз­дің жағ­дайға байланысты көзқарастарымыздың әр қилы және ұқсас тұстарын аңғару оңай. Енді соған тоқталайық.

Негізінен, біздің қоғам жалпы көрдемшелердің қандай себеппен туылғанына қарамастан, олардың қатарының өсуін қалай қоймайды. Ал Батыс ел­дері болса, некесіз туылғандардың артуына үрке қарамайды. Бұл – екі тараптың мәселеге қатыс­ты көзқарасының алшақтығын білдіреді. Бұған ұлттық менталитеттер мен діни наным-сенімдердің өзгешелігі тікелей әсер ететіні дау тудырмайды. Ал тараптардың тақырыпқа орай ұстанымдарының ұқсас келетін тұсы, ол – екі жақтың да көрдемшелердің көбеюіне «пер­зентті балалардың» араласып отырғанын қолдамайтыны. Өйткені, басқаны былай қойғанда, жас қыздардың балиғатқа толсын, толмасын некесіз бала тууының қоғамға тигізіп келе жатқан орасан зор зардабын Батыс та, біздің қоғам да қатты сезініп отыр. Олардың дүниеге әкелген балалары жетімдер санын күрт ұлғайтуда, отбасы мейірімін көрмей өскен жеткіншектер легін арттыра түсуде. Мұның соңы әлеуметтік мәселелерді одан сайын қордаландыра береді. Ал бұлардың сыртында некесіз бала көтеріп, одан құтылу үшін түсік жасатып жатқан жас қыздар қаншама. Бұл жан жабырқатар өмір үрдістері біз секілді демографиялық ­проблемаларын шешуге мүдделі, халық санын өсіруге ниетті елдерге ауыр соққы. Тұтас ұлттың тамырын балталағанмен бірдей. Өйткені, жас қыздың түсік жасатуы оның денсаулығына өте зиян. Соның нәтижесінде ол болашақта ана болу бақытына, құқығына ие бола алмай қалуы бек мүмкін.

Қазіргі таңда жас ата-аналардың – «перзентті балалардың» саны өсіп келеді. Орта мектеп қабырғасында жүріп те екіқабат болып, ішіндегі шарананы алдырып немесе босанып алатындар баршылық. Басында мұндай оқиғалар құлағымызға түрпідей тиетін еді, қазір етіміз үйреніп кетті. Жасөспірімдердің еркін жыныстық қатынасқа түсуі жаңа сипатты дағдарысты алдымызға көлденең тарта бастады. Жүгенсіз төсек қатынастарының өршуіне, оның әсіресе, жасөсіпірімдердің ішінде кең етек жаю­ына қарсы қандай да бір қатаң шара қабылдау қажеттігі сұранып тұрғандай. Батыс «перзентті балалардың» көбеюіне байланысты дабыл қаққалы қашан. Біз де өз әрекетімізді жасағанымыз абзал.

Қалай дегенде де некесіз балалар санының өсуіне тағы бір «күнаһар» жыныстық жүгенсіз қатынас екені анық. Бірақ, біз басқа сылтауларды алға тартып, шындыққа тура қараудан тайсақтай беретіндейміз... Көрдемшелерді туған бүгінгі замандастарымызға да түсі­ністікпен қарап, жалпақшешейлік танытатынымыз да бар. Осал тұсымыз да осы. Қазақ қоғамы сырттан жасалған рухани экспансиядан аз зардап шеккен жоқ. Бұл тұрғыда Батыс қоғамы соққысының қуатын ешкім өлшеп бере алмайды. Біз қаласақ та, қаламасақ та осылай болды. Біз енді тек, «Өзіңе өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа», деп басқаны кінәлаудан бұрын, өзіміз сақ болуымыз қажет. Бұған қоса, «Егер терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң да ішке кіреді», – деген Шығыс даналығын да қаперден шығармағанымыз ләзім. Республикамызда көрдемшелердің көбеюіне не түрткі? Бұл сауалдың жауабы көпшілігімізге ішінара белгілі болса да, аз-кем тоқтала кетейік. Сол үшін әңгімені сәл әріректен басталық. Көне түрік заманында зинадан туған адамды бөлек жерлейтін салт болған екен. Яғни, ойнастан өнгенді бөлектеп, жақтыра қоймаған. Алайда, ата-баба ұстанымына берік қазақ ХХ ғасырдың орта шенінде аздап жолынан жаңыла бастады. Себеп шаш-етектен. Бұған дейін даламыздан шыққан Құнанбай сынды еркін ойлы тұлғалар, олардың сөзіне ұйыған, түркілік дәстүр мен Ислам діні қағидаларын берік, жымын білдірмей қа­быстыра білген халық жаман әдетке бой алдырған пәт­ша­ғарларды ел алдында масқаралай отырып, қатаң жазалаған – өлімге бұйырған. Оны көр­ген адам­дар бұл мәселеде аяғын аңдап басқан. Біз әлгін­дей қылықты сол кездегі бабаларымыз жазадан қорқып жасамаған деп ой түймеуіміз керек. Олар мұны өте ұят, мұсылманшылыққа жат, адам баласы жасамауы тиіс іс деп ұққан. Әрине, ел болғандықтан оның ішінен мұндай арсыздыққа баратындар кездесіп қалады. Ал ондайларға халық кешіріммен қарамаған. «Абай жолы» эпопеясындағы Қодар мен Қамқа оқиғасы соның бір ғана көрінісі. Кезінде Шортанбай ақынның: «Арам сідік болған соң, Атасы бермес батасын. Қазы, болыс қойыпты, Некесіз туған шатасын...», деп ашына жыр­лағаны да тегін емес. Осындайда «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Ақырзаман боларда көрдемше көбейеді» дейтін қазаққа тән дала заң­дары санада жаңғырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде некесіз туылғандар саны тез өсті. Сол тұстарда дүниеге келген 10 баланың 8-і көрдемше болған деген сөз бар. Мұндай жағдай Қазақстанда да белең алды. Оның басты себебін елімізде соғыс салдарынан ер азаматтардың азайып кетуімен, жүз мыңдаған отбасылар ойрандалып, нәтижесінде көптеген әйелдердің жесір қалуымен түсіндіріп жүрміз. Алайда, біз мұны басты себеп деп айтқымыз келмейді. Өйткені, талай соғысты, талай қырғынды бастан өткерген қазақтың ер азаматтары мен әйелдері бастары кетсе де арсыздыққа жоламаған, «өлімнен ұятты күшті», деп некесіз бала көтергеннен гөрі қу тізесін құшақтап өтуді жөн көрген. Әрине, бұл жесір қалған әйелдердің, оң жақта отырып қалған қыздардың еркектердің аздығынан бүкіл ғұмырын жалғыздан-жалғыз өткізді дегенді ұқтырмайды. Жесір қалғандар әмеңгерлік жолмен қайта түтін түтеткен, жасы келіңкіреп қалған қыздар біреудің тоқалы болса да тұрмысқа шыққан. Әйтеуір, дала заңымен жолын тауып, некелі жарымен бірге ұрпақ өсірген. Ал енді осындай арлы ұлттың өкілдері қалайша екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, яғни, ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап осалдық танытып шыға келді? Бұл сауалға жау­ап ретінде, қайталап айтамыз, тек еркектердің азайып, жесір әйелдердің көбейіп кеткендігін айту көңілге қонымсыз. Оның басты себебін 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін билікке келген коммунистердің қоғамымызға ұлттық қалпымызға кереғар, табиғи болмысымызға жат, Батысқа тән өмір сүру салтын күштеп енгізуінен, атеистік тәрбие жолға қойы­лып, дініміздің кейінге ысырылуынан іздеуіміз керек. Қызыл идеология өз жұмысын бастаған қарсаңдарда аяғын тапұл-тұпыл басатын немесе өмір есігін ашқан нәрестелер бойына аздап болса да кеңестік тәрбие дарыды. Молда-ишанның басын жұтқан, тірілерінің үнін өшірген, Құнанбай сынды тұлғаларды тұқыртып, колхоздың қойын бақтырып, қоймасын күзеттіріп, оған көнбегенін атып-асып тауысқан қоғамда коммунистік «рухпен» жігерлендіріле тәрбиеленген, жастық шағын отты жылдар шарпыған олардың бір бөлігінің жан-жағына қарауына мұршасы келмеді. Әсіресе, даладан қалаға келіп тұрақтап қалған сол кездің жастары еуропалық үлгіде өмір сүру дағдысына бейімделе бастады. Қазақы таным-түсініктерімізді, діни наным сенімдерімізді ескіліктің қалдығы санатып, құдайсыздықты насихаттаған қызыл идеологияның тегеуріні сол кездегі жас буынның едәуір бөлігін дегеніне көндіріп алды, содан көрдемшелердің аналары мен әкесымақтары өсіп шықты. Олар ненің адал, ненің харам екенін айырып жатпастан, қазақтың болмысына кереғар тіршілік ырғағымен «билеп» кете барды. Бірнеше ондаған жылдардың ішінде өмірге ұрпағын адал жолмен әкелудің қаншалықты маңызды екенін сезіне алмайтындар қатары қалыңдай түсті. Міне, осындай себептермен ата жолы бұзылды. Бұл жағдаяттар көрдемшелер санының өсуіне әсер етпей қоймағаны анық (ел тұрмысы түзеліңкіреген 80-жылдары КСРО бойынша бір жылда туған барлық баланың 10 пайызы көрдемше болыпты). Содан келіп, жағымсыз әдет жалғасып кете барды, дағдыға айналды, «некесіз бала туу айып емес» деген мазмұндағы ұғым санаға сіңді, оны бұрыс көрмейтіндер еселене өсті. Тіпті, ондайлар «жалғыз ілікті» аналар қатарында құрметтеліп, мемлекет тарапынан материалдық көмек алып тұрды. Мәселен Кеңес Одағы тұсында осы санаттағылардың үйсіздеріне үй беріліп, бос жүргендері жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Сондай-ақ, балалары 14 жасқа толғанша жұмыстан шығаруға тыйым салынған. Бұған қоса, коммуналдық төлемдеріне жеңілдіктер қарастырылған әрі тұрақты түрде ай сайын жәрдемақы тағайындалған. Мұның өзін де некесіз туған балалардың артуының елеулі себебі дей аламыз. Осыларды саралай келе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көрдемшелердің артуына тек, ер азаматтардың азайып, жесір қалған әйелдердің көбейіп кеткенін басты себеп деп қарастыруымыздың дұрыс еместігі айқындалады. Яғни, елімізде сол кезеңдерде некесіз туған балалардың еселенуінде мемлекеттік ішкі саясат, халқымыздың менталитетін бұзған идеология шешуші рөл ойнағанын айтуымыз керек. Осылайша, халықтың бір бөлігі азғана уақыттың ішінде аярлыққа арандап, өзегін рухани тұрғыдан улап алды, ұлт болмысына қара дақ түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезі және одан кейінгі жылдар адамзат тарихында түрлі оқиға­лары­­мен ерекшеленеді. Солардың бірі ретінде, сол қарсаңдарда некесіз туған балалар санының басқа кезеңдермен салыстырғанда өте көп болуын айта аламыз. Мына бір мысалды айта кетейік. Белгілі академик Иван Майский 1945 жылдың сәуірін­де Сталинге хат жолдапты. Ол өз хатында елде некесіз туған балалардың көбейіп кетке­нін, әсіресе, неміс сарбаздарынан жүкті болған әйелдердің перзенттері басым екенін айта келіп: «Сталин мырза, тез арада олардың аттарын өзгер­тіп, фамилияларын орысша қойып, жетімдер үйін­де тәрбиелегеніміз жөн», деп жазыпты. Бұдан біз академиктің неміс сарбаздары кіндігінен тараған балалардың келешекте қауіпті күшке айналуы мүм­кін екенін ескертіп, оның алдын алу жолдарын ұсынғанын анық көреміз. Осыған ұқсас жағ­дай, яғни, өзге ұлт өкілдерінен көрдемше туған немесе басқаның бауырында баласы кеткен біз­дің жерлестеріміз де аз болмағанын ішіміз аздап сезеді. Жалпы, ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі адамзат тарихына үңілсек, тұр­мыста, отбасы құрылымында әйелдерді еркектерден жоғары санап, ұрпақ тегін аналық генмен шежірелейтін кейбір ұлттарды есепке алмағанда, басқалардың барлығы да некесіз бала тууды жат қылық, жабайы әрекет, жиркенішті дағды деп есептеген, оның орын алуына өре түргеле қарсы болған. Мәселен, орта ғасырларда кейбір монахтар көрдемшелерді өртеп жіберу жөнінде үкім де шығарған. Өйткені, олардың діні шатаны «шайтанның төлі» деп түсіндіретін көрінеді. Ал Францияда кезінде неке­сіз бала тапқан әйелді ел азаматтығынан айырып, бір жылға соттап жіберетін пәрмен болыпты. Қазіргі қарсаңда осы елде, жоғарыда айтып өткеніміздей, бір жылда туылатын жалпы бала санының 40-қа жуық пайызын көрдемшелер құрайды. Әлемде некесіз бала туу үрдісі нелік­тен кең етек алып кетті? Адамзат оған қалайша жол беріп алды? Бұл сауал­дардың жауабы өте көп. Өйт­кені, дәлелді, бірінен-бірі өтетін, анық, келіспеске лажың жоқ себептер жеткілікті. Бұлар­дың бірқатарын жоғарыда жанамалай болса да айтып кеттік. Дегенмен, осылардың ішіндегі ең «төресіне», «айдарлысына» ат шалдырмай өтсек, сөзіміз дәйексіздеу болар. Негізінде, некесіз бала туудың әлем бойынша кең өріс алуының бастауында алғаш рет Еуропада пайда болған құдайсыздандыру саясаты тұр дегіміз келеді. Аталған саясат басты екі сілем, қос тарам – Батыс демократиясы мен коммунистік идеяның өзегінде бүр жарып, «жеміс салды». Коммунистік бағыт халықты дінсіздендіруді ғылыми-теориялық тұрғыда ашық насихаттады, дін тақырыбын бірден мүлде жау­ып, «Құдай жоқ» деп кесіп тастады. Бүлдірді. Енді қайтып түзелмейтіндей зардаптар әкелді. Бірақ, бір қуанарлығы олардың бұл ісі уақыты жеткенде айыпталып, бөтен ойлары әшкереленді. Алайда, мұның жоқтан тәуір, аздаған пайдасы да болды. Өйткені, жолдан кесе-көлденеңдеген атеистік идея халықтың көкейінде «Бұл дұрыс емес» деген қарсылықты ойдың туындауына із ашты. Осы тұрғыдағы «Неге?» деген сұраққа халық іштей жиі-жиі жау­ап іздеумен болды. Бұл ел-жұрттың тарихи санасында Аллаға сенімінің, ата-бабалары тұтынған діндеріне ілтипатының өшпеуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде, КСРО-да біз жоғарыда сөз еткен елдердегі жағдайлар дәлме-дәл қайталанған жоқ. Ал Батыс демократиясы құдайсыздандыру майданында «жан алысып, жан беріскені» соншалықты, коммунистерді жолда қалдырды. Олардың мұндай «табысқа» жетуінің сыры, адамзатты дінсіздендіру ісін жасырын, нақтылай айтқанда, өздерінің шынайы құндылықтары мен сырттай қарағанда әдемі көрінетін, бірақ іші қуыс, тамырсыз, пенденің нәп­сісін өршітетін, адам еркіндігін жеңіл-желпі ұстанымсымақтармен бай­ланыстыра қарастыратын, халықты нағыз демократиялық бағыт деп ой­лауға мәжбүрлейтін әрекеттерімен бүрке­мелей білді. Ал жамандықты ашық жүр­гізгеннен гөрі құпия түрде білдірмей іске асыру қауіптірек. Өйткені, жасырын жасалған әрекет кімді де болса қапы қалдырады, опық жегізеді. Ашық әре­кеттен өйтіп-бүйтіп сақтанып, соған сай қам-қарекет жасауға мүмкіндік береді. Батыс демократиясының адамзат өркениетіне қосқан орасан зор үлесін жоққа шығара алмаймыз, алайда, онымен біте қайнасып, зиянды дәнін сепкен құдайсыздандыру саясаты тәрізді бағыттарды ақтауға келмейді. Еуропада халықты дінсіздендіруді мақсат еткен мектептер ХХ ғасыр басында бой көтере бастады. Кезінде ресми билік оларды жауып, басында тұрған тұлғаларды қуғындаған-ды. Дегенмен, бұл мектептер түбегейлі жойыл­мады. Амалдап, АҚШ-қа тұрақ­тап, қайтадан істерін жалғастырды. Олардың өз қызметтерін жандандыруына, міндеттерін емін-еркін атқаруына адам құқығының Батыс демократиясы ұстанымдарына сай қорғалуының күн тәртібіне шығарылуы даңғыл жол ашып берді. Қит еткенге «адам құқы­ғы тапталды» деп шыға келетін мем­лекеттік және үкіметтік емес ұйым­дар әлгі мектептердің заңды жалға­сындай болып кетті. Қысқасы, аталған мектептердің ішкі ниеті уақыт, заман талабымен туындаған ахуалмен көмкерілді. Римдік шешен Марк Фабий Квинтилианның: «Бостандық пен бетімен кетушілік – біріне-бірі мүлде қарама-қарсы ұғымдар», – деген сөзі теріске шығарылды. Осылайша, құдайсыздандыру мектептері, олардың өкілдері биік мінбелерден сөйлеп, қоғамның қозғаушы күштерінің бірі ретінде танылып, адам құқығы мәселелерін алға тарта отырып, бастапқыдағы бөтен ниеттерін іске асыруға мүмкіндік алды. Дін – адамды көп жөнсіздіктерден шектейтін құрал. Ал осы шек­теулерді адам құқығын аяқ-асты ету, қорлау деп түсіндіретіндердің үні өктем шықса, амал қайсы? Қазіргі Батыс қоғамының оқымысты­лары мұны соңғы жылдарда байқап, әлемді жаңғырта айқайлауда. Бір ғасыр­дан астам уақыт жүргізілген христиансыздандыру саясатының зардаптары анық көрінсе, ойбайламағанда қайтпек?.. Осынау келеңсіздіктер салдарынан бүгінде АҚШ пен Батыс Еуропа елдері және олардан әлгіндей «дертті» жұқтырған мемлекеттерде дәстүрлі отбасылар азайып, керісінше, жалғызбасты адамдар, көрдемшелер, қарттар мен балалар үйі көбейді. Жат қылыққа, қылмыс пен нашақорлыққа үйір буын өніп шықты. Мемлекет бюджетіне масыл әлеуметтік топтар қатары артты. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрынғы дерекке сүйенсек, АҚШ халқының 26 пайызы жеке басты көрінеді (қазір бұл көрсеткіш өспесе, кемімегеніне сеніміміз мол). Бұлардың ішінде өмір бойы тұрмыс құрмаймын деп шешкен бойжеткендердің пайыздық көрсеткіші де өсе түскен. 1993 жылғы есеп бойынша, 20-24 жастағы қыздардың 68 пайызы отбасы құрмаған. Батыс Еуропада да осы іспеттес жағдай орын алып отыр. Бұларда демографиялық мәселе өте күрделі. Бала туу көрсеткішін жоғарылату мақсатында жасалып жатқан әлеуметтік-экономикалық қолдауларға қарамастан, проблема өзекті күйінде қалып отыр. Өйткені, христиансызданған, өзінен басқаны ойламайтын эгоистер қаптаған, рухани дүниелер кейінге ысырылып, материалдық қажеттіліктер алға озған қоғам өкілдері бала туып, отбасы құрып миын «ашытқаннан» гөрі, жалғанды жалпағынан басып, «еркін өмірдің ерке баласындай» күн өт­кізіп, қартайғанда барлық жағдай жасалған қарттар үйіне зып бере кіріп алғанды қолай кө­реді. Бұл топтағылар, «шексіз еркіндікпен» уланған осындай қоғамда ұрпақ өсіруден қорқуы да мүмкін. Өйткені, мұндай ортада өскен баласы қартайғанда өзіне қарайтын қайырымды жан боларына сене алмас. Бүгінде елімізде баласын некесіз туатындар санын азайтудың жолдарын нақты көрсетіп берген ешкім жоқ. Бұған қоғамдағы қалыптасқан жағдай мұрша да бермейтіндей көрінеді. Дегенмен, ойнастан жүкті болатындар қатарын сиретудің бір тәсілі ретінде еркектерге көп әйел алуға барынша мүмкіндік беру қажеттігін айтатындар арагідік болса да кездесіп жүр. Олар көп әйел алу үрдісі ата-бабаларымызда Исламға дейін де болғанын, өзін-өзі ақтаған далалық институт екенін алға тартады. Қарсы емеспіз. Жөн делік. Бірақ, ол қалып­тасқан қиын ахуалды оңтайландыруда негіз­гі рөлде ойнай ала ма? Біздіңше, бұл тәсіл­дің жанама, өнімсіз әсері ғана болуы мүмкін. Өйт­кені, бүгінгі адам бойында орныққан менталитет, өмір сүру дағдысы көп әйел алушылыққа еркін бет бұрғыза қоймайды. Мұндай қадамға бар­ғандардың бір бөлігі өзінің бұрынғы отбасын ойрандағандай көрінеді. Осылайша, жаңадан бір отба­сы құрылғанымен, екіншісі бұзылып жатуы ықтимал. Бұл да ескеретін мәселе. Бүгінгі бәй­бішелер бүлік шығарса, мен деген еркегіңді қаң­ғыртып жіберетіні қаперден шықпауы тиіс. Әрине, бәрі емес, бірақ, көпшілігінің жылдар бойы жанталаса жүріп жиған-тергенін, өйтүп-бүйтіп «адам қылған» ерін жолдан қосылған «бөтен иіспен» бөлісуі оңай шаруа емес. Оның үстіне, үйінің төрінде бұзау тіс қамшысы ілініп тұрар баяғы бабаларымыз секілді әрекет етер кесек бітімді, өр мінезді еркектер қазір де көп болғанымен, заман басқа, заң қатал, жан тәтті. Еркектен гөрі әйелдің қабағына көбірек қарағыштайтын қоғамда бала-шаға да өзіндік дауысқа ие. Ал олар үшін шеше сөзі маңызды. Енді қайттік? Мұндай жағдай қоғамда бола береді деген енжар көзқарастың шырмауында жүре береміз бе? Біздіңше, біріншіден, ең дұрысы – әйелдің қоғамдағы, мемлекеттегі, отбасындағы басты мін­деті – адал жолмен таза қанды ұрпақ әкелу екенін кеңінен насихаттауға және заңды неке негізінде перзент сүю мен ойнастықпен бала табудың арасындағы айырмашылықты баршаға ұқтыруға баса назар аударғанымыз абзал. Сол үшін де шешелері өз қыздарына отбасы құндылықтарын түсіндіре отырып, өмірдегі негізгі міндеттерін, соның ішінде біріншіден, болашақта ана болуы тиіс екенін ұқтыруы тиіс. Бұл арқылы ана өзінің қызын келешекте жалғыз қалу қаупінен құтқарады. Бойжетіп, буыны қатып, не істерін өзі білген, аяғын шалыс басқан бүгінгі кейбір қыздардың қылығын қайталауы ықтимал нәзікжандылардың қатарын, алдағы уақытта өмірге келуі мүмкін көрдемшелердің санын азайтудың сенімді жолы, меніңше, осы. Екіншіден, жадымыздан «қасиетті қарашаңырақ» ұғымын өшіріп алмаудың әрекетін қазірден бастан жасап, дәстүрлі отбасылардың артықшылықтарын ұрпақ санасына сіңіруді күн тәртібінен ешқашан түсірмеуіміз керек. Дәстүрлі отбасылар қатары селдіреуге бет алса, біткеніміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр өткен «Мерейлі отбасы» республикалық байқауына аса маңыз беруінің астарында үлкен мән жатқанын ұқпау елдігімізге сын. Президент халыққа дәстүрлі отбасылардың мемлекетіміз үшін аса маңызды екенін меңзеді. Демек, ұлттық иммунитетті көтерер, қоғамдағы жағымсыз көріністерге қарсы тұрар негізгі күш – дәстүрлі отбасылар және ондағы жарасымды өмір салты. Бұл өз кезегінде көрдемшелердің кемуіне тікелей әсер ете алады.

Үшіншіден, қоғамның дамуына кері әсер ететін, түрлі жөнсіздіктерді қолдап, бұра тартатын, соның ішінде некенің қиылуы адамға Алла, қоғам, әулет және отбасы алдында үлкен жауапкершілік жүктейтінін, берекелі шаңырақ құрып, бала тәрбиелеуге үндейтінін біле бермейтін жандардың ақылсымақтарына, жаныашығансып айтқан кемтар кеңестеріне қарсы тосқауыл қойылатын уақыт өтіп барады. Мұның өзі де некесіз бала туатындар санын мейлінше кеміте түсуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Осы мәселеде теріс пікір айту­шылардың кесірінен қазіргі кезде қазақтың көптеген қыз-жігіттері ұрпақ өрбітудің заңды әрі табиғи жолдарынан адасып, аяқтарын шалыс басуда.

Төртіншіден, некесіз туған балалардың көбеюі себебінен ұлтымызға қасірет қамыты киілетінін ескерместен, пешенесіне тексіздік таңбасы басылған көрдемшелер болса да олар қазақ санының өсуіне ықпал етіп отыр деп арқаны кеңге салып, тоқмейілсуді санамыздан аластатуымыз қажет. Ол уақыт өте келе ұлттың сапасыздануына алып келеді. Осы арада айтпағымыз, бүкіл қоғамды көрдемшелердің көбею үрдісіне тіксіне, үрке қарайтындай деңгейге жеткізген жөн. Бұл да өз кезегінде талайға ой салар деп үміттенеміз.

ТҮЙІН СӨЗ:

Жоғарыда айтып өткеніміздей, некесіз туылған балаларды «көрдемше», «шата» деп атап жүрміз. Үлкендерден естуімізше, негізінде бұл екі сөздің мағыналары бір-бірінен өзгешелеу. Көрдемше – бір ұлттың өкілдерінен некесіз туылған бала. Ал шата дегеніміз, екі ұлт өкілінен пайда болған нәресте. Бәлкім, атам қазақ қанды бұзғанына, шежірені шатастырғанына байланысты бұған «шата» деп айдар таққан болар. Негізінде, қазақ ұғымы бойынша, көрдемше, шатаға таза жан қонбайды. Бұл некесіз еркек пен әйелден туған балаға жан көрден бұйырады деген түсінікті береді. Сондықтан да мұндай балалар көрдемше аталған. Ал жаны көрден бұйырған адамды қазақтың жақтырмасы анық. Сол себепті, ата-бабаларымыз ұрпағының баталы, некелі жұптан тарауына ерекше мән берген. Ендеше, біз де болашақ ұрпағымыздың өз ортамызда көзтүрткі болмауын қаласақ, өмірге перзент әкелместен бұрын ойланып алғанымыз дұрыс-ақ. Сөзіміздің соңын Ислам дінінің аясындағы мына мысалмен аяқтасақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Зайд ибн Хариса есімді баланы құлдықтан азат еткен соң, көпшілікке: «Бұдан былай бұл баланы Зайд ибн Мұхаммед деп біліңдер» деп жариялайды. Содан көп ұзамай Алладан: «Оларды өз (туған) әкесінің атымен атаңдар. Алланың назарында дұрысы да – осы. Әкесінің кім екенін білмесеңдер, оларды діндес бауыр немесе дос деп санаңдар» (Ахзаб, 5-аят), деген аят түседі. Содан бастап Зайдты қайта өз әкесінің атымен атаған. Бұл әрбір мұсылман баласына үлгі-өнеге болуы тиіс.

 

Жолдыбай БАЗАР