Атап айтсақ, 20 тамызда Душанбе қаласының «Ватан» кинотеатрында қазақ кино күндерінің ашылуы режиссер Р.Әбдірашевтың қазақ хандарының ерлігі мен елдігін баяндайтын «Алмас қылыш» тарихи туындысымен бастау алды.
Ал келесі күні Т.Собиров атындағы кинотеатр сахнасында Р.Сүлейменовтің кеңес кезіндегі сындарлы саясат пен аумалы-төкпелі 1992 жылғы оқиғаны суреттейтін «Набат операциясы» ұсынылды. Сондай-ақ 70-80 жылдардағы халықтың сүйікті вокалдық-аспаптық ансамбльдердің бірі туралы сыр шертетін А.Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі де көрсетілді.
Айта кетейік, мәдениет күндерінің аясында Тәжікстан астанасының қақ ортасында, Фирдауси саябағында Абайдың бюсті ашылды. Қазақ ойшылының мүсіні – екі елдің тамыры терең тарихи-мәдени байланысының нышаны екені сөзсіз.
Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндері «Кохи Борбад» мемлекеттік кешені сахнасында өткен қазақ-тәжік өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланды. Бұл кеште Халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Димаш Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова, халықаралық конкурстардың лауреаттары Парвиз Назаров, Темірлан Бейсембай, Назым Сағынтай және «Астана Балет» театры мен «Hassak» тобы өнер көрсетті. Халық әндері мен күйлері, Абайдың шығармалары орындалды. Тәжікстанның өнер жұлдыздары да ұлттық мәдениетін көрсетіп, халық шығармаларын нақышына келтіре шырқады. Екі елдің күйшілері домбыра мен дутарда күй-тартыс жасап, көрерменнің рухын бір көтеріп тастады.
Мерекелік кеш «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен өтті. Бұдан бөлек, «Кохи Борбад» фойесінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорынан «Қазақ халқының қолданбалы-сәндік өнері» атты көрме ұсынылды. Көрменің негізін XVIII-XX ғасырлардағы қолданбалы өнердің бірегей заттары құрайды. Онда киіз бұйымдар, зергерлік бұйымдар мен атәбзелдері, музыкалық аспаптар қойылған.
Арғы-бергі тарихымен тамырласатын көршілес елдердің мәдени-рухани жақындығы әрқашан жаңғыра беретіні анық. Қос елдің іргесін, әдебиеті мен мәдениетін, тілі мен ділін, ұлттық өнерін жалғар мығым рухани байланыстар алдағы уақытта да жандана бермек.