Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 20 ақпанда өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында: «Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметшілер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн», деген еді.
Осы мәселемен Парламент Мәжілісінің депутаты Қарақат Абденнің былтыр 27 қыркүйекте Үкіметке жолдаған депутаттық сауалына төменгі Палатадағы төрт партиялық фракцияның барлығының өкілі қол қойып, толық қолдау білдірген болатын. Онда Қазақстан гендерлік теңдік индексі бойынша әлемнің 146 елінің ішінде 62-орынды місе тұтып отырғаны сыналған-ды.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қала бойынша жинаған мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысы әкімінің 5 орынбасарының ішінде бірде-бір әйел жоқ, осы өңірдегі 17 аудан әкімінің 1-еуі ғана әйел, 21 басқарманың 1-еуіне ғана әйел жетекшілік етеді. Бұл кемшілік басқа өңірлерге де тән. Өңірлік әкімдіктердегі басшы әйелдердің жалпы үлесі 17,8 пайыз ғана. Тіпті ең мықты кадрлар шоғырланған Астана қаласының өзінде әкімнің бірде-бір әйел орынбасары жоқ, сондай-ақ 5 қалалық ауданның ешқайсысына әйел әкім тағайындалмаған. Егер арамызда «Әйел бастаған көш оңбайды», «Шашы ұзынның – ақылы қысқа» деген архаикалық, патриархалдық ұстанымдағылар болса, олар келесі фактілерді ескерулері қажет. «Әлемдегі ең бақытты елдер» рейтингінде көш бастап тұрған Финляндияның 18 адамнан құралған министрлер кабинетінің 10-ы – әйелдер. Ал министрлер кабинетінің тең жартысы қыз-келіншектерден тұратын әл-ауқаты мықты Исландия үкіметін әйел басқарады. Керек десеңіз, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мектептер мен жоғары оқу орындарында ұлдарға қарағанда, үздік оқитын қыздар көп. Саясат сахнасы білек емес, білім сыналар майдан емес пе? Орынбасарлық қара жұмыстың бәрін істейтін әйелдер болса, атақтың бәрін алатын бірінші басшы – ер-азаматтар. Осы әділетті ме?», деген болатын Қ.Абден.
Аталған депутаттыққа сауалға Үкіметтің берген ресми жауабында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат туралы тұжырымдамада атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторлардағы әйелдердің шешім қабылдау деңгейіндегі үлесіне қатысты нысаналы индикатор 2027 жылға қарай – 27 пайыз, 2030 жылға қарай 30 пайыз болып белгіленгендігі айтылған. Ал 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 726 саяси қызметшінің 59-ы (немесе 8,1 пайызы), «А» әкімшілік корпусындағы 92 мемлекеттік қызметшінің 9-ы (9,8 пайызы), «Б» корпусындағы 83 145 мемлекеттік қызметшінің 46 478-і (55,9 пайызы) әйелдер болған.
Алайда депутат Қ.Абденнің депутаттық сауал жасағанына бір жылға жуық уақыт өтсе де, әділ сынға іліккен Түркістан облысы мен Астана қаласындағы жағдай еш өзгерген жоқ. Бұрынғыша Түркістан облысының Арыс қаласы мен Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын ғана әйел шенеуніктер басқарып жүр. Елордадағы жағдай одан да төмен күйінде қалып отыр. Қала әкімінің 4 орынбасары мен 5 қалалық аудан әкімінің бәрі де – ер-азаматтар. Сондай-ақ 23 қалалық басқарманың басшыларының ішінде 1-ақ әйел бар. Қай мәселеде болсын елге үлгі болуға тиіс Астана қаласы басшылығының гендерлік теңдік мәселесіне назар аудармай отырғандығы қайран қалдырады.
Бұл ретте «оңтүстік астанада» біршама ілгерілеу бар. Алматы қаласы әкімінің 5 орынбасарының 1-еуі – әйел. Бұған қоса, 8 қалалық ауданның 2-еуін басқару нәзік жандарға жүктелген.
Өңірлердің ішінде Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай біршама тәуір. Нақты айтсақ, Павлодарда облыс әкімінің 4 орынбасарының 2-еуі – әйел. Ақмола облысы әкімінің 1 орынбасары және 1 аудан әкімі – қыз-келіншектер. Солтүстік Қазақстандағы 2 ауданды әйел әкімдер басқарып жүр. Маңғыстау және Қостанай облыстары әкімдері орынбасарларының ішінде бір әйелден бар. Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстанның әрқайсысында бір ауданды басқару міндеті әйел әкімдерге жүктелген.
Өкінішке қарай, өзге өңірлерде әйелдерге әзірге облыстық басқарма басшысынан жоғары қызмет бұйырмай тұр. Әсіресе Жетісу, Қызылорда облыстарының басшылары қыз-келіншектерге қырын қарайтын сияқты. Себебі олар қарамағындағы жиырма шақты облыстық басқарманың біреуін ғана әйел адамға сеніп тапсырыпты.
Бірақ бүгінгі өмір шындығы әйел басшылардың көбі өздеріне жүктелген сенім үдесінен шыққандығын көрсетіп отыр. Солардың бірі – Түркістан облысындағы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова. Ол осы қызметін 2021 жылдан бері абыроймен атқарып келеді. Оған дейін сегіз жыл бойы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған. Тәжірибелі әйел басшыға 2019 жылы жақын орналасқан әскери бөлімнің қоймаларындағы оқ-дәрі жарылысымен аты шыққан шаһарды басқару сеніп тапсырылғандығы бекерден-бекер емес.
Г.Құрманбекова жаңа да жауапты қызметін Арыс қаласы мен оған қарасты 6 ауылдық округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдаудан бастап, бір ай бойы олардың мұң-мұқтажын таң атқаннан күн батқанға дейін тыңдаған екен. Нәтижесінде, жарылыстан зақымданған 20 үйдің иелері мен бизнес нысандары бүлінген 42 кәсіпкерге өтемақы төлеудің бюрократиялық созбаққа салынған мәселесін дереу шешіп берген. Тоқсаныншы жылдары жабылып қалған қоғамдық көлік бағыттарын жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қайтадан ашқызған. Ең бастысы – өңірде газдандырылмай қалған жалғыз қалаға көгілдір отын тарту проблемасының да шешімін тапқан. Қазір Арыс қаласы мен Байырқұм және Жиделі ауылдық округтерін газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқа округтер кезегін күтулі.
Бір айта кетерлігі, арыстықтар Г.Құрманбекова қала әкімі болып тағайындалғанда «Әйелдің қолынан не келуші еді?..» десіп, оның іскерлігіне шүбә келтірген көрінеді. Уақыт өте келе олардың қала басшысына көзқарастары мүлдем өзгерген. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған әйел әкім, шынында да, ерен еңбек үлгісін көрсетіп жүр.
Ақмола облысындағы Жақсы ауданының әкімі Алмагүл Қадыралина да осы қызметін 2021 жылдан бері ойдағыдай атқарып жүр. Жүрек қалауымен агроном мамандығын таңдап, кәсібін жетік меңгерген ол қазіргі қызметіне дейін сегіз жыл бойы облыстық жер қатынастары басқармасын басқарған. Былтыр күзде өткен аудан әкімдерінің эксперименттік сайлауында А.Қадыралинаға аудан тұрғындарының 83 пайызы дауыс беріп, зор сенім көрсеткен.
Шынтуайтында, қазір өңір әкімінің орынбасары, аудан әкімі сияқты саяси қызметшілердің арасында әйелдер аз болғанымен, осындай жауапты лауазымдарға лайықты нәзік жандар жеткілікті екені анық. Алайда олардың мансап баспалдағымен өрлеп-өсуіне басты кедергі өңір әкімдерінің «командасына кірудің» оңай еместігі болса керек. Оның үстіне, кей әкімге, Мемлекет басшысы айтқандай, әйелдердің «жемқорлық әрекеттерге бейім еместігі» де ұнай қоймауы мүмкін. Сондықтан да бүгінде жергілікті атқарушы органдарда әртүрлі басшылық қызметтерді мінсіз атқарып жүрген қыз-келіншектердің одан әрі жоғарылауы үшін арнайы басшы әйел кадрлар резервін жасақтауға, олардың кәсіби деңгейін арттыруға жете көңіл бөлген жөн. Бұған қоса, әйелдерді басшылық қызметтерге жоғарылату көрсеткішін өңірлер әкімдерінің рейтингісіне енгізу қажет.