24 Қаңтар, 2015

Тарихы терең тамырластық

340 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ERA_2936Бәсекеге қабілетті озық отыздыққа ілігіп, отандық өнімдеріміз тегеурінді әлемдік нарыққа шығып, өзінің ауқымды түрде үлесін алар күндерді жақындатуда ел аумағын сыртпен байланыстыратын трансшекаралық жолдың қай түрінің де өрістеуі аса маңызды. Осы ретте Парсы шығанағы арқылы мұхитқа құлаш сермейтін тұстың бірі – Иран Ислам Республикасымен арадағы жол қатынастарын жолға қою. Біздің тілшіміз Иран Ислам Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Можтаба ДАМИРЧИЛУГЕ жолығып, осы мәселеге қатысты бірнеше сауал қойған еді. – Құрметті елші мырза, Қазақстан мен Иран – Каспий теңізі арқылы жалғасқан, тарихи байланыстары тереңге кеткен көршілес елдер. Өткен жылы Астанада Мемлекет басшылары өз кездесулерінен соң бірлесе өткізген баспасөз мәс­лихатында Қазақстан-Иран байланысында тау-кен өн­ді­рісі, мұнай және газ, ауыл шаруашылығы салаларында, ғылым, жаңа технологиялар бағытында қарым-қатынасты қамтитын жол картасы жасалатыны турасында айтылған еді. Сол жолы Қазақстан мен Иран Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданып, екі елдің Сыртқы істер министрлері арасында ынтымақтастық туралы бесжылдық бағдарламаға қол қойылды. Қазіргі күні осы ауқымды жобаларды іске асыру барысы қалай жүруде? Туындап отырған қандай да бір кедергілер бар ма? – Өзіңіз айтып өткендей, өткен жылдың қыркүйек айында Иран Президенті Хасан Руханидің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары барысында екі ел үшін де маңызды тау-кен өндірісі, мұнай және газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдарды дамыту, көлік транзиті, ғылым, жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастық қарым-қатынас­ты қамтитын келісімдерге қол қойылды. Жақында ғана біздің елдеріміздің қарым-қатынастарын одан әрі өрістетіп, жақындата түсетін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының ашылуы жүзеге асты. Ал егер тарихқа көз салсақ, бұл көнедегі Ұлы Жібек жолының бүгінгі жалғасы іспетті. Біздің елдеріміз үшін ортақ айдын – Каспий теңізі арқылы жалғасқан араластық енді құрлықта теміржолмен және автокөлік жолдарымен тұтасуы қазақ-иран жұртының әлемдік нарықтан өздеріне тиесілі үлестерін алуы үшін қажет қадамдар. Ресми сапар уақытында Мем­лекет басшыларының кезде­суінен басқа, үкіметтік деңгейде министрлермен қатар, жеке сек­торлардағы бизнес өкілдері арасында да уағдаластықтарға қол жеткізілді. Аралас-құраластықтың осылайша өрбуінен екі елдің де халқы ұтады деп білемін. Екі ел басшыларының ерік-жігерінің арқасында уағдаластықтардың барлығының жүзеге асуы үшін қолайлы жағдайлар жасалуда, қандай бір қиындықтар бар деп айта алмаймын. Екі елдің жауапты тұлғаларының арадағы қарым-қатынастарды өзара тиімділік тұрғысынан өрістетуге деген пейі­лінің арқасында екі жақтан бірдей жасалған талпыныстар нәтижелі болады деуге толық негіз бар. – Біздің елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыс­тарды дамытып, тауар айналымын 5 есеге дейін арттыру мүм­кіндігінің барлығы да сол жол­ғы кездесуде айтылған болатын. Ал оның өрістеуінде кө­лік-транзит саласының ат­қарар рөлі айрықша емес пе? Осы орайда, үш елдің аума­ғынан өтетін «Жаңаөзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Гөрган» бағытындағы жа­ңа теміржол тар­мағының пай­далануға берілуі екі елдің ынтымақтастығын өріс­тетуге  және экономикаларын да­мы­туға оң әсер ететіні анық қой. – Егер біз екі арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар деңгейін қазіргіден жоғары са­тыға көтергіміз келсе, көлік сала­сындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуіміз айдан анық мәселе. Иран мемлекеті, Алла­ның берген сыйы болар, географиялық тұрғыдан өте бір қолайлы аймақта орналасқан. Иран арқылы Орталық Азиядағы мемлекеттердің ашық теңізге шығу мүмкіндігі бар. Және біздің еліміздің көлік саласындағы ірі әлеуетін, халықаралық тәжі­ри­бесін пайдаланудың да маңызы зор дер едім. Бұл Орталық Азия­да орын тепкен мемлекеттер үшін әлемдік нарыққа шығудың қысқа әрі тиімді жолы десек, біздің мемлекетіміз үшін де көрші жатқан елдермен арада жақсы байланыстар орнатудың, экономикалық өзара тиімді қаты­настарды дамытудың мәні өте зор. Иранның Каспий жағалауында әрі ірі әрі әлеуеті зор порттар орын тепкен. Ал олармен жалғасқан темір­жолдар да Қазақстанға пайда әкеле алады. Бұл ретте Ақтау портының тынысын кеңейтудің маңызы зор. Каспий теңізіндегі көлік қатынасын дамыту арқасында екі ел арасында қатынайтын кемелердің барыс-келісін және арадағы жүк тасымалдауды да ұлғайта түсеміз. Сондай-ақ, темір­жол қатынасы туралы айтып өтер болсақ, мұнда заңнамалық тұрғыда жасалатын жұмыстар әлі бар. Бұл жолға бірнеше мемлекеттің қатысы барлығынан заңнамалар үшжақты түрде қарастыралады ғой. Егер қажет заңдар өмірге келіп жатса, арадағы тауар тасымалы өрістей түсетіні анық. Бұл аймақтық қана емес, әлемдік нарықтық экономиканың құлашын тегеу­рінді түрде алысқа сермеуіне де септігін тигізеді деп ойлаймын. – Иранмен біздің ел ара­сын­дағы барыс-келісті тек Кас­пий теңізі мен теміржол арқылы жал­ғап қоюдан тыс, автокөлік жо­лымен байланыстырудың бола­шағы жайында не айтар едіңіз? – Әрине, қатынас түрлерін сөз еткенде, су мен теміржол ғана емес, тас жолдар мен әуе байланысын да есте тұтуымыз абзал. Сондықтан, бұл мәселелерге біздің елдеріміздің Мемлекет басшылары маңыз беруде. Олар­дың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері және тиімді қол­данылатын тұстары бар. Қарым-қатынастарды дамытуда олардың атқарар рөлін сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазіргідей теміржол саласын жолға қойып отырған күнде, біз қатынастың басқа түрлерін дамытуды да на­зарда ұстаймыз. Олар бір-бірін толықтырып отыратын болғандықтан, автокөлік жолдары мәселесінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Ирандық жол салушы компаниялар қазіргі таңда Қазақстанда өте белсенді түрде жұмыс істеуде. Өткен күзде мен жобалар жүзеге асырылып жатқан жерлерге әдейі атбасын бұрып, барып қайттым. Осы арада қазақ жерінде алғаш рет Шымкент пен Тараз арасындағы жолда тоннель салып жатқан ирандық жол салушылар екенін айтқым келеді. – Екі арадағы байланыс­тар­ды дамытуда Иран биз­не­сінің Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы жобаларына қатысып, инвестиция салуы­ның қандай мүмкіндіктері бар деп ойлайсыз? – Екі арадағы қарым-қаты­настарды өрістетуде бірнеше мәселеге басымдық берілген болса, соның бірі – ауыл шаруа­шылығы. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда осы саланы дамытуда көптеген жақсы істер бар. Оның ішінде инвесторлардың салған қаражатын өзіне тиімді қайтарыммен, өнімдерді сату арқылы алатын мүмкіндігін ескерсек, бұл ирандықтар үшін де пайдалы болмақ. Енді олар­дың тез арада нақтыланып, бе­кітілуін күтіп отырмыз, бұл істің көкжиегі мол және екіжақты қатынастардың жақсы бір жарқын беттері осы салада жатыр деп білемін. – Біздің халықта «Елдес­тірмек – елшіден» деген қанатты сөз бар. Ал екі жұрттың арасын жа­қындатуда сауда-саттық, эко­­номикалық байланыстардан өзге, мәдени-гуманитарлық қаты­настардың рөлі айрықша деп ойлаймын. Осы орайда қолға алынған қандай жобалар, келешекте іске асады дейтін қандай жоспарлар бар? иран – Қазақстанның өз тәуел­сіздігіне қол жеткізгеніне 23 жыл ғана болғанымен, біз оның тарихының сонау көнеде жатқанын, оның қадым замандардан бай мәдениеті барлығын, өркениетті ел екенін білеміз. Қазақ өркениетінің туындылары, қазақ жұртының мәдени мұралары қазақ жерінде кіндік қандары тамған, шығыстық қана емес, әлемдік ілім-білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосқан әл-Фараби сынды осы даланың көптеген перзенттерінің еңбектері сонау кездерден парсы тілдерінде жарық көріп, олар Иранның кітапханаларында, архивтерінде сақталған. Біз қазіргі күні Иран мен Қазақстан арасындағы ежелгі тарихи байланыстың қайта жандануына қуаныштымыз және қарым-қатынастардың күннен-күнге түрлі салаларды қамтып, дами түсуінің куәсіміз. Және сол ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне пейілдіміз. Мәдени-гуманитарлық қа­­ты­настарда біздің орасан зор әлеуетіміз барлығын айт­қым келеді. Өткен жылы мә­де­ни, ғылыми делегациялар ал­масуының куәсі болдық. Иран Ғылым академиясының басшысы Қазақстанға келіп кетті, ол кісінің Ирандағы ірі фараби­танушы екендігін сіздердің оқыр­мандардың да білгені жөн шығар. Ол – 55 жыл бұрын докторлық диссертациясын Фараби жөнінен қорғап, оның мұраларын зерттеп, 10-нан аса еңбек жазған адам. Біз, сондай-ақ, Алматы қаласында Иран фильмдерінің фестивалін өткіздік, жақын арада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Теһранға жол тартады, Иран университеттерінде ол кісімен кездесулер өтеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, студенттер алмасу жүріп жатыр, қазақстандық жас­тардың елімізде білім алуы, анығырақ айтқанда, магис­тра­тура мен докторантурада оқуы Иран үкіметі бөлген грант­­тар ар­қасында жүзеге асуда. Осын­дай гуманитарлық салада атқарылып жатқан байланыс­тар өзге де бағыттардағы ын­тымақтастықты дамытуға сеп­тігін тиізеді. Өйткені, өзіңіз айт­қандай, халықтар бір-бірінің ішкі әлеміне үңіліп, ұқсастықтар мен айырмашылықтарды екшеп, бір-бірінен жақсылықтарды жұқтырғанда ғана шын мәніндегі түсіністік орнап, жақындасуға жол ашылады. Елшілік алдағы жұмысында мәдени іс-шаралар, форумдар, ғылыми конференциялар, көрмелер өткізуді, зерттеу саласында алмасулар жүргізуді назарына алып отыр. Екі елдің ғылыми орталықтарындағы әлеуетті пайдалану арадағы байланысты дамытуға үлесін қосады. – Сіздің бірнеше тілді мең­гергеніңізден хабарымыз бар, бір сұхбатыңызда қазақ тілін де үйрену ниетіңіз барлығын айт­қан екенсіз, сол жайын біл­гіміз келіп еді. – Елшінің басты қызметі – екі арада жақсы байланыс орнату. Осы тұрғыдан алып қарағанда, елші үшін барған елінің тілін білуі өте көп көмегін тигізеді. Менің ойымша, тілге қарым-қатынас құралы тұрғысынан да жоғары мән беріп қарау керек. Қазақ тілін үйренемін деп шешім қабылдағанымда маған: «Неге сіз осыншама уақытыңызды бөлесіз, мүмкін ол қолданылмайтын шығар»,– деп кеңес берушілер де болды. Егер адам тіл үйренуге қы­зығушылық танытса, тіл үй­ренудің ар жағында сол елдің мәдениетіне, өркениетіне деген қызығу мен құрмет жатады деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай, мен қазақ халқының өткені мен бүгініне құрмет көрсетуімнің нәтижесінде осы тілді үйренуге бел будым. Осы бет бұрған аздаған уақыт ішінде Иран мен Қазақстан мәдениетінде қаншалықты ұқсастықтар бар екенін көрдім. Тіл үйрену барысында тілімізде бір мағына беретін, бірдей ай­тылатын сөздер барлығын аң­ғардым, тіпті, әдебиетте, дастандар мен түрлі әфсана, ертегілерде ортақтықтар бар. Егер оларға тереңірек үңілсек, тарихи бай­ланыстардың сонау ықылым замандарда орнағанын байқауға болады. Мақал-мәтелдеріміздегі ұқсастықтар қандай, тіпті, ғажап! Мен тіл үйрену арқылы осы ұқсас­­тықтарды білгеніме өте қуаныштымын. Мысалы, «самұрық» сөзін алғаш естігенде бұл біздердегі «Семрук» ертегісімен ұқсас емес пе екен деп елең еттім. Осы ұқ­састықты іздеу менің тіл үй­ренуге деген қызығушылығыма мықтап түрткі болды. Сіздердің «Самұрық құс» туралы ертегі­леріңіз бен біздегі «Семрук» арасында қан­ша­лықты жақындық бар екенін көрдім. Менің ойымша, біздің елдердің ғалымдары осындай тамырластықты әлде де жете зерттей түссе, көп­теген жаңалықтар ашып, ынты­мақтастықтың жаңа бір беттерінің жазылуына жол ашылар еді. – Елші мырза, уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».