Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінің қатардағы қос жауынгері – Шымкент қаласының тумалары. Мектептен бері ажырамас достар жоғары оқу орнына да бірге түседі. «Әскери қызмет – әрбір ер-азаматтың Отан алдындағы борышы» деп санайтын олар он сегізге тола салысымен, оқуларын уақытша тоқтатып Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне түседі. Қызығы, қатардағы қос жауынгер бір уақытта бірінші жедел мақсаттағы батальонға бірінші ротаға тап болады. Қызмет кезінде де ең алғашқы жасаққа да бірге түскен. Бір қалада өсіп, бір әскери бөлімге түскен достардың еске алар қызықты сәттері көп.
– Біздің басымыздан өткен қызықтар ең алғашқы оқу-жаттығу кезінен бастау алды. Осы жерге келіп достығымыз одан сайын нығая түсті. Бір рота болғаннан кейін күн сайын уақытты бірге өткіземіз. Кәдімгі бір үйдің баласындай етене жақын араласып кеттік. Уақытты да өте пайдалы әрі қызықты өткізуге тырысып жүрміз. Әсіресе әскердегі естеліктер бізге өте қызық, өзімізге қатты ұнап жүр. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүргеннен кейін уақыттың қалай тез өтіп жатқанын аңғармай да қалдық. Әскерге келгенімізге де тоғыз айдан асыпты. Санаулы күндерден кейін үй-ішімізбен, ағайын-туғанмен қайта қауышамыз, – дейді қатардағы Рахат Усманалиев.
«Рахаттың адамгершілік қасиетіне әрқашан тәнтімін. Ол өте ақылды. Кез келген қадамды ақылға салып таразылайды. Ақкөңіл, жанашыр досымның барына мақтанамын. Сондықтан өз ортамызда абыройлы. Көңіліме ең жақын тартқан қасиеті – берген уәдесінде әрқашан тұратыны. Әскери өмірімізде де сенімге селкеу түсірмейтін қасиеті де көп көмегін тигізіп келеді. Достықтың дәнегі сенім мен сыйластықта жатыр. Ақтық демім қалғанша адал дос болуға, кез келген жағдайда көмек беруге дайынмын», деп ағынан жарылды Абылай Дінәсілов.
Әскери өмірде қосақтасып жүрген достар «сарбаз болу шыдамдылықты, төзімділікті үйретті» дейді. Отан алдындағы жауапкершілікті сезінген олар бұрын отбасының атына кір келтірмеуді ойласа, қазір халықтың баласы атанып, елдің атына сызат түсірмеуге серттескен. Сенім мен бірлікті ту ете білген қос сарбаздың серттерінде тұрып, сенімге селкеу түсірмесіне кепілдік мол. Біз де айнымас адал достықтары мәңгі болып, абыройлы қызмет атқаратын адал азамат болуын тіледік.