Жастар • 23 Тамыз, 2024

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – жастарға сын

108 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде білім беру жүйесінде қазақ тілінің рөлін күшейтуге бағытталған бірқатар реформа жүргізіліп жатыр. Ашып айтсақ, орта білім беру мекемелерінде қазақ тілінде оқытудың сапасын арттыру, оқулықтарды жаңарту және мұғалімдердің біліктілігін көтеру шаралары қабылданды. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілдегі мамандықтар саны артып, ғылыми зерттеу жұмыстарының қазақ тілінде жүргізілуіне жағдай жасалып отыр.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – жастарға сын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Болашақ қоғамның әлеуметтік-тілдік ұстанымдары қазіргі жас­тар мен жасөспірімдердің білім беру саласындағы тілдік қажеттіліктер­мен байланысты. Елімізде жастар саны 6 млн-ға жуық, олардың негізгі институционал­дық әлеуметтену ортасы – білім беру жү­йе­сі, отбасы, түрлі саяси, мәдени, спорттық топтар, ұйымдар, ұжымдар, достары, туыстар, көршілер, жалпы социум.

Былтырғы деректерге сәйкес, ЖОО-да қазақ тілінде білім алып жатқан студенттер қатары жылдан-жылға артып жатыр. Бұл 65,3%-ды құрайды, ал орыс тілінде білім алып жатқандар үлесі – 27%. Өз кезегінде ағылшын тілінде 8% азамат оқиды.

Жүргізген зерттеулерге сәйкес, жас­тар­дың басым бөлігі – 67,6 пайызы қазақ тілінде жиі сөйлейді, жақындармен үнемі ана тілінде қарым-қатынас жасайды. Олар орыс тілін жақсы деңгейде меңгерген, қоғамдық жерде керек кезде қолданса, кейде орыстілді сөздер мен терминдерді пайдаланады. Сұралғандардың 30,2 пайызға жуығы қос тілде қарым-қатынас жасайды немесе коммуникант тілін пайдаланады, қазақ тілінде жауап беруге тырысқанымен орыс тілінде көбірек сөйлейді, яғни сабақта қазақша, сабақтан тыс жерлерде, достарымен орысша тілдеседі. Қазақ тілінде білім алып жатқан жастарды екі әлеуметтік-тілдік сипатына қарай топтастыруға болады. Басым бөлігі – қазақ ортасында қалыптасқан, әлеуметтік үдерістерде үнемі ана тілінде сөйлеп, ал қал­ған үштен бір бөлігі қос тілде еркін бай­ланысқа түсе алатын билингв-жастар. Алай­да жоғары оқу орнында білім алып жат­қан студенттердің барлығы кем дегенде екі тілді түсіну және қабылдау деңгейінде біледі.

Мемлекеттік тіл саясатының страте­гиясына сәйкес, қоғамдағы көптілділік жағ­дайындағы өзгерістер, білім жүйесіндегі өзгерістер нәтижесімен айқын­далған. Қазақ бөлімінде оқитын жас­тар саны орыс және ағылшын тілінде білім алатын оқушылардан жалпы алған­да басым. Сондықтан негізгі өзгерістер қазақ­тілді жас адамдарға бағытталады. Бұл мемлекеттік тілдегі білім беру үдерісін­­дегі оқулықтар мен қосымша материалдар­дың сан мен сапасының кемшіліктері­не байланысты, нәтижесінде қазақтілді жастардың орыс және ағылшын тіліндегі дереккөздерді пайдалануы әлеумет­тік-тілдік ұстанымдарына ықпал етеді. Сондай-ақ қазақ бөлімінде оқитындар, зерттеу объектісі ретінде, өңірлерден үлкен қалаларға шоғырланып, әлеумет­тік-тілдік ортаға бейімделу үдерісінен өтеді.

Анықталғандай, ана тілдің мәртебе­сін көтеру бағытындағы оң өзгерістер тек білім беру саласымен шектелмей, мәдениет және медиа салаларында да қарқын алды. Мәселен, қазақ тіліндегі телебағдарламалар, фильмдер, интернет контенттер және баспасөз материалдарын көбейту мақсатында бірқатар мемлекеттік және жеке жобалар іске асырылып келеді.

Биыл «Масс-медиа туралы» Заң қа­был­данып, қазақ тіліндегі контент көле­мін арттыру межесі де бекітілді. Бұл баста­малар қазақ тілін заманауи медиа арқы­лы насихаттауға және қазақ тілін үйре­ну­ді жеңілдету, оны күнделікті өмірде кеңі­нен қолдануға ықпал етуге бағытталған.

Президент Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында «Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бас­тады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмір­дегі қажеттілікті арттыру арқылы тілі­міздің тұғырын нығайта береміз. Мем­лекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек» дегені елдегі көп бастамаға серпін берді.

Бүгінде қазақ тілінің мәртебесін биік­тетіп, оның құзыретін іс жүзінде ны­ғайтуда негіз болған бастама – «Мемлекеттік тілді дамыту» бағдарламасы. Бағдарлама аясында мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйрету курстары ұйымдастырылып, қазақ тіліндегі ресми құжаттар айналымын ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар қазақ тілін үйрету үшін жаңа әдістемелер мен оқу құралдарын жасақтау жүйелі жүргізіледі.

Ал қазақ тілін оқытудың әдістеме­лік базасын жетілдіру, тіл саясатына қатыс­ты зерттеулерді жүзеге асыру және қазақ тілінің сөздігін, грамматикасын және ­терминологиясын жаңарту бойынша ­«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практи­ка­лық ор­талығы қарқынды жұмыс істеп келеді.

«Онлайн қазақ тілі курстары» атауымен қолжетімділікті арттыру мақсатында бірнеше онлайн платформа мен курс іске қосылды. Бұл платформалар мемлекеттік тілді еркін үйренуді қалаған барлық аза­матқа, әсіресе шетелдегі қазақ диаспо­ра­сына үлкен мүмкіндік болды. Өйткені ин­тер­активті әдістерді қолдану тіл үйренуді жеңілдетіп, мейлінше қызықты етеді.

Жоғарыда атап өткен бұл бағдар­ла­малар мен жобалар қазақ тілінің дамуына және оның қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі ғана.

Жалпы, «Ашық НҚА» порталының статистикасы бойынша Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша 5 жас­тағы және одан жоғары жастағы ха­лық 13 768 406 адам (80%-ы) мемлекет­тік тілді меңгерген, ал оның ішінде күнде­лікті өмірде қолданатындары 8 472 661 (49,3%-ы) адам санын құрайды. Бұл көр­сеткіш халықтың басым бөлігінің қазақ тілін ауызша түсінетінін, еркін оқитынын, еркін жазатынын көрсетті.

Сондай-ақ 2022 жылы жүргізілген еліміздегі тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және аналитикалық зерттеудің нәтижелері өзге этнос өкілдерінің 0,4%-ы қазақ тілін ана тілі ретінде көрсеткен ­(2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 1,2%). Деген­мен қазіргі таңда халықтың мемлекет­тік тілді меңгеру көрсеткіші бойынша өңір­лер арасында бірыңғайлылық жоқ. Бұл тиісті өңірдің географиялық орналасу ерекшелігі мен тұрғындардың этностық құрамына байланысты. Мысалы, зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қазақ тілін меңгерген респонденттердің көбі – Аты­рау (78,8%), Маңғыстау (76,1%), Жам­был (74,1%), Қызылорда (73,2%) облы­сының тұрғындары. Қазақ тілін тиісті дең­гейде меңгермегендердің үлесі – Солтүстік Қазақстан (8,2%), Қостанай (9,0%), Қарағанды (6,5%) облысының тұр­ғын­дарына тиесілі болды.

 

Айдар ХАМИТ,

әлеуметтанушы