Тамыз кеңесінде сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев отандық білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізудің алғышарты қалыптасқанын атап өтті.
«Бүгінде мектептерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамту 89 пайызды құрайды, интернеттің орташа жылдамдығы өткен жылы 4 Мбит/с болса, биыл секундына 75 Мбит жылдамдыққа жетті. Еліміздің 1 731 мектебінде «Starlink» жерсеріктік интернеті орнатылды. Бүгінгі таңда оқулықтардың жүз пайызы цифрлық форматқа ауыстырылды. Олар қазір 11 платформада қолжетімді. Жасанды интеллект технологияларын білімге сауатты енгізу оқытудың тиімділігін қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазір цифрлық технологиялар информатика пәнінің шеңберінен әлдеқайда шығып кетті. Енді әрбір педагогтің ІТ-құзыреттілігі оның біліктілігінің ажырамас бөлігіне айналуы шарт. Бұл – жаһандық үдеріс, заманауи талап», деді министр.
Сонымен қатар жиын барысында «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар», «Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне интеграциялау», «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі цифрландырудың заманауи трендтері», «Ауыл мектептерінде оқыту үдерісін цифрландыру», «Цифрлық мектеп – цифрлық мұғалім», «Мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін дамыту», «Цифрландыру жағдайындағы инклюзивті білім беру», «Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы цифрландыру», «Біртұтас тәрбие және қосымша білім синергиясы», «Цифрландыру жағдайындағы білім беру мазмұнына тұрақты даму компонентін интеграциялау», «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің балаларға әсері» тақырыптары бойынша секциялық отырыстар өтті.
Алтыншы секцияда сөз сөйлеген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Атырау облысындағы Кәсіби даму институтының директоры Роза Дәулетованың айтуынша, жасанды интеллектіні мұғалім оқушыдан да артық меңгеруге тиіс.
«Біз болашақта бағдарламамызды жасанды зердеге негіздеп оқытамыз. Қазірдің өзінде бұл тәжірибеде бар. Жалпы орта білім беру ұйымдарында жасанды интеллектіні қолдану бойынша тұжырымдама әлі жасалған жоқ. Бүгінгі жиынның мақсаты да сол, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік педагогтер пен шетелдік ғалымдар жасанды интеллектінің игілігін көрудегі тәжірибелерін бөлісіп жатыр. Бір мұғалім алты сыныпқа сабақ беретін болса, олардың әрқайсысында отыз баладан болса, балалардың жұмыстарын аз уақытта тексеру мұғалімге үлкен күш екені айтпаса да түсінікті. Педагог олардың бәріне кері байланыс бере алады, бірақ 45 минут аздық етеді. Ал егер ұстаздар сабақ жоспарын жасаған кезде, емтихан жұмыстарын тексергенде жасанды зердені қолданса, жұмыстары едәуір жеңілдейді. Осылайша, мұғалім өзінің уақыты мен энергиясын үнемдейді әрі қазіргі заманауи оқушылардың талғамына сай болады. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұл жасанды зерденің қаупі де жоқ емес. Оқушылар мұны сапалы қолданатыны рас, сол себепті мұғалім олардың шынайы білімін анықтай алмауы мүмкін. Сондықтан педагог оқушыға жасанды интеллект орындай алмайтын, жекелей тапсырма беруге тиіс», дейді Р.Дәулетова.
«Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне интеграциялау» секциясында баяндама жасаған Кәрім Асхат – «Quantum TECH» мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімнің орнын ауыстырмайды, тек педагогтің жұмысын жеңілдететін қосымша құрал ғана.
«TECH» дегендегі «T» әрпі технологияны білдіреді, яғни технология – біздің басты бағыттарымыздың бірі және білім беру үдерісінің ажырамас бөлігі. Ол мұғалімдерге оқыту әдістерін жетілдіруге, оқушыларға жаңа білімді оңай әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік береді. Технологиялық құралдар оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, ақпаратты іздеу және талдау дағдыларын жетілдіруге септігін тигізеді. Сондай-ақ онлайн платформалар мен қосымшалар арқылы оқыту үдерісі анағұрлым икемді әрі қолжетімді бола түседі. Біз бүгінгі секциялық отырыста жасанды интеллектіні тиімді қолдану әдістерін мұғалімдерге үйретіп, пікір алмастық. Мәселен, «Magic School» жобасы – мұғалімдерге де, оқушыларға да ыңғайлы етіп жасалған платформа. Мұнда сабақты қызықты етіп өткізуге көмектесетін тоғыз түрлі қосымша бар. Оның жасанды интеллект құралдары креативті сұрақтар құрастыруға, әр оқушымен сараптама жүргізуге, сабақ жоспарлауға үлкен көмегін тигізеді. Бұл жерде айта кететін басты нәрсе – жасанды интеллект мұғалімнің орнын ауыстырмайды, тек педагогтің жұмысын жеңілдетеді. Тағы да айта кетерлігі, жасанды зерде құрастырған тапсырмаларды мұғалім міндетті түрде тексеруге тиіс. Өйткені ол бағдарлама болғандықтан, қателесіп, оқушыға артық әрі қауіпті ақпарат беруі әбден мүмкін», дейді ол.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуына қарағанда, жасанды интеллект әлемдік жүйе болғандықтан, ақпараттық қауіпсіздік басты назарда болуға тиіс.
«Біз биыл бірінші рет саммит форматын таңдап отырмыз. Оны таңдаудағы басты себебіміз – негізгі қаралатын тақырыптың өзектілігі. Әрине, жасанды зерденің пайдасы мол. Бүгінде өз бетінше ойланатын роботтар көбейіп, барлық салада басымдық алғанына куә болып отырмыз. Бірақ оның тәуекелдері де бар. Қазір әрбір мемлекет орта білімін қызғыштай қорып отыр. Өйткені әр елдің өз ұстанымы мен бағыты бар. Ал жасанды интеллект ғаламдық жүйе болғандықтан, оқыту үдерісінде әлемдік ақпаратты жинақтап жауап береді. Сондықтан біз жан-жақты дайындалғаннан кейін ғана осы технологияларды енгізуіміз керек. Жаратылыстану бағытында ондай тәуекелдер жоқ. Өйткені есеп-қисап бәріне ортақ. Оны тек қазақшаға аударып үлгерсек болды. Осы мақсатта біз қазір «Цифрлы ұстаз», «Тілге бойлау» жобаларын ұйымдастырып жатырмыз. Уақыт күтпейді. Бәлкім біз қазірдің өзінде кеш қалып бара жатқан шығармыз», дейді Қ. Жұмашев.
Сонымен қатар саммит аясында «Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» тақырыбында цифрлық көрме ұйымдастырылды. Білім беру саласын жетілдіру мен дамыту бойынша аталған көрмеге қырыққа жуық компания қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Мәселен, жасанды интеллект негізіндегі кәсіби бағдар мамандары мен психологтердің жұмысын жеңілдететін «WeGlobal» платформасы көптің көңілінен шықты.
«2022 жылдан бастап профориентатор мамандығы мектепке енді. Алайда оқушыға дұрыс кәсіби бағдар беру үшін сапалы қосымша мен құрылғы керек болды. Бір ғана маман мектептегі мыңдаған оқушымен жұмыс жасауға физикалық тұрғыдан үлгермейтіні анық. Осы мәселені шешу үшін біз «WeGlobal» қосымшасын ойлап таптық. Бұны әр оқушы 7-сыныптан бастап қолдана алады. Яғни білім алушылардың жастарына сәйкес арнайы сұрақтар құрастырылған. Сол арқылы баланың қай салаға икемі барын анықтаймыз. Екінші кезеңде осы мәліметті қолдана отырып, жасанды интеллект алгоритмі оған мамандықтар кестесін ұсынады. Оның өзін құр тізіп шықпайды, пайызбен мөлшерлеп береді. Бірақ бұл әлде де нақты шешім емес. Үшінші кезеңде оқушы әр мамандықты толық оқып, танысады. Яғни бұл салада қанша табыс табатыны, қандай қарым-қабілет керек екені, қай университеттерде оқытылатыны, оған қанша балл жинау керектігі, бәрі-бәрі қосымшада жеңіл түсіндірілген. Статистика бойынша қоғамдағы алпыс пайыз адам өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Оның бірнеше себебі бар. Солардың арасында ең көп кездесетін жағдай – баланың атынан ата-ананың шешім қабылдауы. Енді аталған қосымша арқылы мұғалімдер мен ата-аналар оқушының нәтижесін көріп, соған сай дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз», дейді «WeGlobal» жобасының жетекшісі Ақжол Замбаев.