Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда еліміздің сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажеттігін баса айтып келеді. Оған дәлел Президенттің: «Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы», – деп еліміздегі соттардың беделіне айрықша баға беруі дейміз.
Мұндай аса жоғары бағаны иелену еліміз егеменді ел атанып, тәуелсіздігімізді баянды еткен ширек ғасырға жуық уақыттан бері құқықтық жүйені, соның ішінде ең өзектісі – сот төрелігін заман талабына сай жаңғырту жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқандығынан дейміз. Және жасыратыны жоқ, оны үнемі дамыту – осы соңғы жылдар ішінде ілгері басты. Оған дәлел ретінде Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық индексіне жүгінгеніміз жөн. Бұл көрсеткіш бойынша еліміздің ұлттық сот жүйесі рейтингі 2014 жылы екінші позицияға көтерілді. Яғни, Елбасы тапсырмаларының орындалуы тыңғылықты жүзеге асып келеді деген сөз.
Міне, сондықтан да, яғни Жоғарғы Сот барлық құқық қорғау органдарының арасында төрелік ету тағында тұрғандықтан да, ол елдегі заңға қайшы әрекеттерге, келеңсіздіктерге, кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тосқауыл қоюда да ерекше орын алады. Бұған нақты дәлел ретінде кеше Жоғарғы Сотта Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын» іске асыру аясында сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі бағыттары» атты Жоғарғы Сот судьяларының кеңейтілген кеңесі өтті. Оған Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен бөлім меңгерушілері, облыстық және оған теңестірілген соттардың кеңсе меңгерушілері қатысты.
Кеңестің ашылу салтанатында Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын» бекітті. Онда сот және құқық қорғау органдарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізгі шаралары мен басымдықтары айқындалды. Президенттің тікелей қолдауымен «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз бағдарламасын қабылдады. Республика соттарының сот әділдігін іске асыру қорытындысы және алдын алу барысы алдын ала талқыланып отырады. Онда бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды дер кезінде жою жолдары қарастырылады. Өйткені, сыбайлас жемқорлық мемлекет үшін ең қауіпті дерт болып табылады. Сондықтан да Елбасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партиялық бағдарламаны бекіте отырып, жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген жойқын қатер екендігін айта келе, қоғам назарын осы мәселеге аударған болатын. Жемқорлықпен күрес – барша Қазақстан қоғамының маңызды міндеті. Сот төрелігінің мінсіз жүйесі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясатының шешуші құралы – құқық үстемдігін қамтамасыз ету жүйесінің негізгі діңгегі болып табылады», – деп атап өтті.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында сот корпусы қол жеткізген жетістіктер аз емес. Соның ең бастысы, қазақстандықтардың сотқа жүгінуге деген сұраныстарының тұрақты түрде қарқын алуына сай, республика соттары сот төрелігін жүзеге асыруда құқық үстемдігін кәсіби лайықты деңгейде сақтауды қамтамасыз етіп келеді. Айталық, өткен жылы соттар 1 млн. 200 мыңнан астам істі қараған екен. Осы ретте шығарылған сот актілерінің 98,7 пайызы заңды әрі негізді болып саналыпты. Сол сияқты өткен жылы судьялардың қызметіне қатысты азаматтар тарапынан түскен шағымдардың саны 253-ке немесе 5 пайызға азайған. Сот жюриінің судьяларға қатысты қараған істер саны 20 пайызға, ал тәртіптік шара қолдану жөнінде іс қозғау жағдайларының саны 14,3 пайызға кеміген.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді қарау мәселелері туралы Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А. Қасымов айтып өтті. Жалпы Елбасы еліміздің сот жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруде көптеген көшелі міндеттерді алға қойғаны белгілі. «Қазақстан-2050» Стратегиясында жарияланған жаңа саяси бағыттың барлық векторы үшін басымдықтар мен міндеттер айқындалғаны мәлім. Соттар үшін мұның ең маңыздысы – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі екені даусыз. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі десек, әлемдік үлгі көрсеткендей, ең дамыған мемлекеттердің алтын арқауы – қолайлы инвестициялық ахуал туғызу және азаматтардың әл-ауқатын жоғары деңгейге жеткізу. Осындай берік тұғырдың арқасында елімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу үшін, Елбасы айтқандай, сот жүйесінің барлық міндеттері мен атқарар жұмыстарын соған сәйкестендіріп, жүйелі түрде жүргізу – соттың басты мақсаты. Міне, бұл орайда баяндамашының айтуына қарағанда, 2014 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша бірқатар үкім шығарыла отырып, 807 іс немесе қылмыстық істердің жалпы санының 4 пайызы қаралған (2013 жылы – 886). Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның басты себептері мен жағдайларын болдырмау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жіктеу мәселелері бойынша құқық қорғау және арнайы органдармен өзара іс-қимылды жетілдіруге айрықша көңіл аударылып келеді екен.
Сот билігінің тәуелсіздігі мен оның тиімділігін арттыруда қазіргі таңдағы ауқымды жұмыстардың бірі де, бірегейі де сот әділдігін жүзеге асыру болмақ. Бұл – тәуелсіз еліміздің Конституциясында бекітілген, судьялардың ар-ұжданы, адамгершілігімен айқындалатын ең бір қасиетті міндет. Осыған байланысты судьялардың адамгершілік болмысы мен моральдық-әдеп нормаларын сақтауы, сондай-ақ судьялық әдеп жөніндегі комиссия қызметін жаңғырту туралы Жоғарғы Сот судьясы, Судьялық әдеп жөніндегі комиссия төрағасы Н. Қайыпжан баяндама жасады. Ал Сот жюриі жұмысының сот жүйесіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алуының негізгі бағыттары мен нәтижелерімен Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төрағасы М. Шегенов таныстырды.
Сыбайлас жемқорлық пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған сот жүйесіндегі инновациялар туралы Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы І. Испанов баяндады. Атап айтқанда, ол қазіргі таңда «Төрелік» деп аталатын сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жаңа жүйесін құру жұмыстарының аяқталғанына тоқталды. Орталықтандырылған саладан тұратын бұл жүйе ақпараттық деректермен алмасуға жылдам қол жеткізуді, сенімділіктің жоғары деңгейін, статистикалық және талдамалық есептерді қалыптастыруда автоматтандырудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Жалпы өткен жылы Президент Жарлығымен аудандық соттардың саны 450 бірлікке дейін көбейтілді. Сонымен қатар, судьялардың қоғамдағы мәртебесін одан әрі айқындауда, кәсіби медициналық қызмет көрсетуде, олардың әл-ауқатын жыл өткен сайын жақсарту үшін көптеген іс-шара атқарылып келеді. Әсіресе, жергілікті соттарды соңғы заманауи озық үлгідегі құрал-жабдықтар және компьютерлермен жарақтандыру тың-ғылықты жүргізілуде. Сондай-ақ, лауазымына жаңадан кіріскен судьяларды жайлы үй-жаймен уақтылы қамтамасыз етуге үнемі назар аударылатындығы көңіл қуантады.
Осылайша Жоғарғы Сот сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру аясында сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015 жылға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірлепті. Осы кеңесте айтылған барлық ұсыныстар аталған жоспарға енгізілмек. Өйткені, кеңесте баяндамашылар айтып өткендей, барлық көзделген шаралардың іске асуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыруға республика соттарының өз үлестерін қосуына, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуға және оның кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік жағдайын құруға мүмкіндік береді деп үміт артуда.
Сөйтіп, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қатысушылардың кеңейтілген құрамында талқыланғандықтан бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру шараларын айқындап алу жөнінде арнайы шешім қабылданды. Ал аталған айтулы кеңеске Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, Бас Прокурор А.Дауылбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Р.Түсіпбеков, Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы С.Ақылбай, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Р.Мұқашев және т.б. қатысып отырды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».