АҚШ-тың Солтүстік Аризона университетінің ғалымдары адамның есте сақтау қабілетін арттырып, зейінін жақсартатын шоколад ойлап тауыпты.
Қазір тәжірибеден өткізіліп жатқан шоколад қан қысымын төмендете алатын көрінеді. Мұны олар экспериментке өз еріктерімен келген 18 бен 25 жас аралығындағы 122 кісіні тексеру барысында анықтаған.
Қатысушылар екі топқа бөлініп, біріншілеріне дене салмағының әрбір килоға зейін арттырғыш шоколадтан 1 грамнан есептеліп берілген. Мысалы, егер адам салмағы 75 кило тартатын болса, оған тиісінше 75 грамм шоколад ұсынылды. Ал екінші топ мүшелері дүкендердегі кәдуілгі көп шоколадтардың бірін жеп көреді.
Соңынан сынаққа қатысушылар жады мен зейіндерін байқап көруге мүмкіндік беретін тест тапсырған. Сол сәтте олардың ми жұмысының қандай дәрежеде екендерін ғалымдар электрлі энцефалограф көмегімен тексеріп отырған.
Нәтижесінде емдік қасиеті бар жаңа шоколадты жегендер екінші топпен салыстырғанда, анағұрлым зерек болып шығып, тест сұрақтарын өте жақсы тапсырғандары белгілі болған. Соңынан тексере келгенде, зерттеушілердің өз өнімдеріне әдетте көк шайда болатын L-теанин амин қышқылын қосқандары да анықталды.
Мұрат АЙТҚОЖА.