Қазақ неге кедей деген әңгіме төңірегіндегі ой
Бұл әркімді де ойлантатын мәселе. Біздің елімізде кім кедей, деп сұрай қалсаң, әрине, қазақ, дейді көпшілік жұрт. Ешкім бұған дау айта қоймас. Ал өзге ұлт өкілдері ауқатты ғұмыр кешіп, сәнді өмірдің қызығына кенелуде. Қазақ жұпыны тіршілігіне қанағат етеді, «Алла, бергеніңе шүкір, тәубе», деп отырғаны. Міне, осы «тәубе» қазақты етектен тартып, алға ұмтылуға, алдымызға үлкен мақсат қойып, сол жолда ерінбей-жалықпай еңбек етуге қолбайлау жасайды.
Ел ішінде «қазақ жалқау» деген пікір қалыптасқан. Біз жалқау халықпыз ғой дегенді қазақтың өздері де айтып жатады. Несіне жасырамыз, қосымша қаражат табу үшін жұмыс істеуге көбіміз икемсізбіз. Ал іздеген адамға қалада жұмыс көп-ақ. Әттең, мойын жар бермейді. Атам қазақ дөрекілеу болса да «Есектің артын жуып мал тап» демеп пе еді? Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген нақыл бүгінгі өмірден алынған. «Еңбек етсең емерсің» деген мәтелді де еш естен шығармаған абзал. Қазақтың кедей болатын жөні бар деп те қаласың кейде. Өйткені, ақшаның қадірін білмейміз. Ретті-ретсіз, оңды-солды шашамыз сол аз ақшаның өзін. Тойымыз көп: сәбидің дүниеге келуі, сүндет тойы, мектепке баруы, жоғары оқу орнына түсуі және оны бітіруі. Оған болса-болмаса үйлену, қыз ұзату тойлары мен мерейтойлар қосылады. Қазақ осының бәріне шабылып қалады. Егер осы тойларды дүрілдетіп өткізбесе ішкен асы бойына сіңбейді. Күміс, алтын, гауһар тойларды қайда қоярсың? Бұған кімдер шақырылмайды десеңші. Көлденеңді көк аттыдан бастап, ағайын-туманы айтпағанда, құда-жекжат, көрші-көлем, дос-жарандар... түгел шақырылады.
Біздің соғымымыздың өзі шағын тойға бергісіз. Тәжік тойы біздің тойлардың қасында бір қонақасы берген сынды дегенді газеттен оқығаным бар. Алыс-жақындағы ілік-жұрағаттың, құдалардың, ағайын-туманың қуанышы мен қайғысын бөлісіп, ат ізін салу да міндетті шаруа қазақ үшін. Дәулет жетсе шашыла берсін. Қолы қысқалар намысқа басып, банктен несие алып жатқанын қалай айтпасқа. «Қарыздар болу, жарлы болудан да жаман» деген нақылды еске алмаймыз-ау осындайда. Ислам дінін ұстанатын араб, түрік, ұйғыр, көршілеріміз – өзбек пен қырғыз, анау тәжіктер біздегідей ас та төк, ұлан-асыр той жасамайды. Осы дарақылықтан қашан құтыламыз? Осыдан екі-үш жыл бұрын Қырғыз үкіметі той өткізгенде шашылып-төгілмеуді көздеген заң қабылдапты. Онда тойға қатысты жайттар санамалап көрсетіліп, нақты шектеулер қойылған. Осындай бір заң біздің елге де қажет-ақ.
Ертеңгі күнге, болашаққа көз тастап, ой жүгіртіп, өмір сүруге, қаржы жинауға үйренетін кез келді. Өзге ұлт өкілдері екі-үш пәтер ұстап, жалға беріп ақша табуда. Бұл қазекемнің ойына да кірмейді. Нарықтың алғашқы жылдарында, тіпті 2000-жылдарға дейін орыс, неміс, т.б. пәтерлерін арзан-қымбатына қарамай сатып, дүркірей көшті емес пе? Екі бөлмелі пәтерді – 4000, ал үш бөлмеліні 8000-10000 долларға сатқан ғой кейде. «Сол кезде пәтер алатын ақшамыз болып еді, бірақ ол есімізге кірмепті ғой,» деп өкініш білдіреді бір туысымыз. Кейін солар удай қымбатқа алды пәтерді.
Өз елінде, өз жерінде отырып жалақысы аз, бейнеті көп қара жұмысқа да негізінен қазақтар жегілетін. Ал басқа халық табысы мол, тиімді жерде еңбек етеді. Қызмет құлағын ұстаған, өзге жұртқа бейім тұратын кейбір қандастарымыздың қазақты бауырына тартып, қол ұшын бермейтінін қайтерсің. Қолдау көрсетіп, демеп жатса қолынан іс келетін, қызмет атқара алатын жігіттер бар ғой. Бірақ олардың жігері құм болып, күйбең тіршіліктен әрі аса алмай жүр. Қойбағар деген жігіт қарызданып-қауғаланып қаладан шағын екі бөлмелі пәтер алды. Құрылысқа жұмысқа кіріп, күн көрерлік қаржы тапты. Баласы да күзетке жұмысқа тұрды. Араға жыл салып баласы үйленетін ойы барын айтты. Әке-шеше байғұс жақсы хабарға қуанып қалды. Алайда, қолдары қысқа екенін (баласы өзі де біледі ғой) той-домалақ жасап, құдаларға кит кигізетін жағдайы жоғын жасырған жоқ. Бұл жайлы естіген құдалар (қыздары арқылы) «Баласына той жасап бере алмаса, онда қызымызды бермейміз», депті. Содан не болды дейсіз ғой? Не болушы еді, амалы таусылған жігіттің ата-анасы банктен несиеге қаржы алып, тойын өткізіпті. Бүгінде жастар ата-анасымен тұрып жатыр, екі кішкентайы бар. Жағдайларын мақтарлық деу қиын. Бір таңданарлығы, міншіл құдалар әлі қызының жасауын әкелмепті... Ал мұндай кедейшілікте күн кешкен қазақ отбасылары көп-ақ. Бұлар қашан екі аяғынан тік тұрып, ел қатарына қосылар?
Қалада пәтер, жатақхана жалдап тұрғандардың дені қазақтар. Ақшаға құныққандар обал-сауапты білмесе керек, пәтерақыны қымбат сұрайды. Елден келген ағайынды Елдос пен Ернар деген жігіттер пәтер жалдап отыр. Біреуі үй қожасының ауласындағы ескі баспанада тұрады. Міне, қазақтың көрген күні.
Ел қазағының да тіршілігі мәз емес. Жұмыссыз жастар қалаға ағылуда. Шал-шауқанның күнкөрісі – қолындағы азын-аулақ малы. Соның өзін ұстау жыл өткен сайын қиынға соғуда. Олардың зейнетақылары да мардымсыз – 25-30 мың теңге шамасында. Қаладағы балалары әлі осылардың мойнында. Жазда май-қаймағын, күзде қаз-үйрегін тасымалдап жатқаны. Соғым болса-болмаса ата-ана мойнында. Байқайсың ба, бүгінде ата-ана баласын немересімен қоса асырап отыр.
Қазаққа жалқаулықпен қоса жабысқан дерт арақ дер едік. Бүгінде екінің бірі араққа бой алдырып, маскүнемдік жолына түскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жылына сегіз литр арақ ішкен адам маскүнемдер қатарына жатады екен. Ал бізде, Қазақстанда адам басына шаққанда арақ ішу 33,5 литрден келеді. Міне, араққа қатысты шындық осындай. 8 литр мен 33,5 литрді салыстырып көріңіз. Осылай кете берсек, түбі не болар. Тапқан-таянғанын араққа салып отырған отағасынан не күтуге болады. Бүгінде арақ ішпейтін қазақты табу қиын. Рас, біреулер көп ішсе, біреулер азырақ ішеді. Айырма сол ғана. «Ағайын тату болса арақ көп, абысын тату болса шарап көп», деген сатирик-ақын Сейіт Кенжеахметовтің мысқыл мақалы өмір шындығынан туған ғой. Республикалық «Атамекен» газетінің дерегіне сүйенсек, қазақ елі көп ішетін елдердің рейтингінде «мәртебелі» 8-орынға жайғасыпты. Ал Ресей 22-орында. Міне, жеткен жетістігіміз осындай. Мұнымен қалай ел, қалай жұрт боламыз?
Рас, бүгінде аузынан ақ майы ағып, қағанағы қарық, сағанағы сарық болып отырған ағайындар да жоқ емес. Бұлардың қолы байлыққа түрлі жолмен жетті. Кешегі өтпелі кезеңде қолында билігі барлар халық игілігіне қол салып, жіліктің майлы басын иеленді. Сол тұста « Пайғамбар сынды жігіттер бар мінерге есегі жоқ, есек сияқты жігіттер бар байлығының есебі жоқ», деген қағытпа ел аузында жүрді емес пе. Бұлар аса қымбат шетелдік автокөлік мініп, хан сарайындай ғимарат салдырып, ішін алтынмен аптап, күміспен қаптап, келген меймандарын тамсандырып жатты. Қонақтардың да сөздің майын тамызып, үй қожасын мақтауға сөз таппай қиналғанына куә болғанымыз бар.
Сән-салтанатымен ақбоз үйде тұрып жатқандарды күндеп отырғанымыз жоқ. Лайым, қазақтың айы оңынан туып, байлығы асып-тасып, мәртебесі арта берсін. Түптеп келгенде, қазақ кедей болуға тиіс емес. Жерінің түгін тартсаң майы шығады. Ал жерасты байлығымыз ұшан-теңіз. Тек сол байлықтың өзімізге толықтай бұйырмай тұрғаны болмаса.
Бай болған жақсы ғой. Алайда, бүгінде байда қанағат, ынсап деген жоқ. Олар қолқайыр дегенді ұмытқан. Кем-кетік ағайындарына, жерлестеріне қарайласып жатса сауап емес пе? Сауаптың ондайларға қажеті жоқ. Біле-білгенге, ешкім о дүниеге байлығын арқалап әкетпейді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұр-Астана» мешітінде сөйлеген сөзінде «Дүниенің бар байлығын жинап, бар қызығын тауысатын адам жоқ. Бәріміз бұл дүниеге жалаңаш келіп, жалаңаш кетеміз. Бір Алладан басқаның бәрі – бұл өмірдің қонағы. Ендеше, сол тірлігімізді ынсап, қанағатпен өткізіп, Жаратушымыздан өзімізге, отбасымызға, алыс-жақын ағайынға жалпы, барша адамзат қауымына тек жақсылық тілейік», деген еді.
Аталы сөз, жадымызда ұстайық, жамағат!
Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
АСТАНА.