13 Маусым, 2015

Ықсанов көшесі қашан жөнделмек?

473 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың есімі тек Орал өңіріне ғана емес, сонымен бірге, барша қазақстандықтарға жақсы белгілі. Ол 1975-1986 жылдары сол кездегі Орал, бүгінгі Батыс Қазақстан облысына басшылық жасаған кезде бұған дейін «үлкен деревня» аталып келген қаланың адам танымастай өзгеруіне, оның қазіргі заманғы сәнді де көрікті қалаға айналуына үлкен күш-жігерін жұмсады. Бұл жөнінде қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиевтің Мұсекеңе жазып берген кітабына: «Мұстахим, мәңгі ұйқыда жатқан көне Теке қаласын тірілткенің үшін», деген қолтаңбасында үлкен шындықтың сәулесі бар екені анық. Белгілі тұлға өмірден өткен соң Орал қаласында ұзақ уақытқа дейін оның атына көше атауы берілмей келді. Ерен еңбек пен қажымас қайрат иесі жобасын өз қолымен жасап тұрғызған бұрынғы Дзержинский көшесін іскер ұйымдастырушының атына беру жөніндегі бастама мен іс-әрекеттер де тиісті нәтиже бере алмады. Тек бұдан алты-жеті жыл бұрын Орал қаласындағы шағын орталық көшелердің бірі Мұстақым Ықсанов атауын иеленді. Айтайын дегеніміз бүгінде осы көшенің сұрқы қашып, ажары тайып жетімсіреп тұрғаны еді. Көшенің ұзын бойы ойдым-ойдым шұңқырлар мен шұрық тесікке толы. Бұл көшенің бойындағы өзге инфрақұрылымдық жүйелер де көзге оттай басылмайды. Мұндағы барлық нысандардың еңселері бір түрлі түсіңкі көрінеді. Көше бойынан иесіздік пен бейберекетсіздіктің, жауапсыздық пен немкеттіліктің көрінісі атойлап тұр. Қалай десек те, Орал қаласының орталығындағы Мұстақым Ықсанов көшесі өзімен өзі жатқан, еш жермен қиылыспайтын томаға-тұйық көше емес. Керісінше бұл көше қаладағы көлік козғалысына кәдімгідей әсер ете алатын аумақ. Сондықтан да осы тұс өзге көшелерге түсетін көліктердің жүру салмағын біршама жеңілдете алатыны да талас туғызбайды. Соған қарамастан, бүгінгі көрініс жоғарыда айтылғандай түрден өзгерер емес. Алдағы жылдың басында мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 90 жыл толмақ. Осы мерейлі датаны сыны да, сыры да кеткен, мүжілген, қисайған Мұстақым Ықсанов атындағы аты бар да заты жоқ, жаңғыртылмаған көшемен қарсы алып жатсақ бұл Жайықтың бойын жайлаған қалың елге бір сын болып жүрмегей. Рас, соңғы жылдары Орал қаласындағы көптеген көшелерге күрделі жөндеулер жүргізілді. Биыл да осы оң үрдіс одан әрі жалғасуда. Мұны айтып та, жазып та жүрміз. Соның ішінде Орал қаласын өз қолымен қайтадан жаңғыртуға бар қажыр-қайратын сарп еткен тұлға атындағы көшеге кезек келмеуі қалай? Біз осы ойымызды Орал қалалық әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рүстем Закаринге білдірген едік. – Ықсанов көшесі тасада қалмайды. Оған биыл күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған деді ол. – Әрине, жақсы хабар екен. Бірақ бұл көше өзімен өзі томсырайып жатыр. Оның бойында күрделі жөндеу жүргізуге әзірлік белгілері байқалмайды. Сонда қалай болғаны? Біз оған өз ойымыздағы күмәнді осылай жеткіздік. – Жоқ, Ықсанов көшесіне алдағы шілде айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Бұл үшін шетелдік КПО б.в. компаниясы тендерлік үдерістерді аяқтады, – деп Орал қалалық әкімдігінің бөлім басшысы біздің көңіліміздегі күдіктің бұлтын сейілте жауап қайтарды. Осы арада айта кетер тағы бір жайт, жоғарыда аталған КПО б.в. компаниясы тендерлік үдерістерді тым ұзаққа созып алатыны жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Бүгінгі әңгімемізге желі болып отырған Мұстақым Ықсанов көшесіне қатысты тендердің жәй-күйі де осы әңгімелердің тектен-тек емес екенін айғақтап тұрғандай. Жылдың басында, әрі салғанда көктемде өтуге немесе аяқталуға тиісті тендердің жаз ортасы ауғанға дейін созылуы әрине, қол соғуға тұратындай нышан емес. Шіркін-ай, кезінде жүрегі елім деп, жерім деп соғып өткен, «қорамсаққа қол салған, қол салғанда мол салған» Мұстақым Ықсановтай қайраткердің көшесі өзінің 90 жылдығы тұсында айнадай жарқырайтын күн туса өшпес тұлға рухы разы болғандай күй кешер едік-ау. Қайран, Мұсекең?! Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.