Еңбек • 24 Тамыз, 2024

Көмір қазушылардың еңбегі орасан

80 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Көмір бар жерде өмір бар» дегендей, тіршілікті қам­тамасыз етуде маңы­зы зор шикізатты жеті қат жер астынан қопарып алып шығып, ел игілігіне ұсынатын шахтерлердің еңбегі орасан. Осы салада табан ақы, маңдай тері­мен нәпақасын тауып жүрген еңбекторы азаматтарға тамыз­дың соңғы жексенбісі – Шахтер­ күнінде ерекше құрмет көрсетіледі.

Көмір қазушылардың еңбегі орасан

Бұрыннан халықтың ықылас-пейіліне бөленіп келген мамандар мемлекет назарынан тыс қалған емес. Атаулы күн қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көмір өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүрген бір топ шахтерді мемлекеттік наградамен марапаттап, сала мамандарының көңілін тағы бір серпілтіп тастады.

«Шахтерлердің қауырт, қиын жұмысын шахтаға түсіп, жұмыс барысын өзі барып бақыламаған адам түсінбейді», дейді сала ардагерлері. Жер астында тыныс тарылып, қала берді қатпар-қатпар тау секілді тастар төбеңнен төніп тұрғанда жұмыс істеу былай тұрсын, жай төңіректі барлаудың өзі оңай соқпаса керек. Шахтерлердің әлеуметтік мәселесіне қатысты түйткілдерді қоғам белсенділері, депутаттар осыған дейін талай мәрте қозғап, сала мамандарына айрықша көңіл бөлуге шақырды. Қазір қолға алынып, іске аса бастаған игіліктер сол құрмет, қолдаудың басы болғай дейміз.

ап

Қоғамда еңбек адамының әлеуметтік мәртебесіне, хал-ахуа­лына қажетінше көңіл бөлінсе, онда өндіріске амалдың жоқ­тығынан емес, армандап ба­ра­тындар көбейер еді. Жастар ең­бекке ерте бастан қызығып, еңбек адамы болуға талпынса, одан қоғам, мемлекет еш зиян шекпейді. Сондықтан ең­бек адамының абырой-бе­де­лін көтеретін, әлеуметтік жағ­дайын тіктейтін бастамалар, бағдарламалар қажет-ақ. Мыса­лы, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең­бек құқығына, талаптарына, қауіп­сіздігіне қатысты бірнеше мәсе­леге тоқталып, Үкіметке зиян­ды еңбек жағдайында ұзақ жұмыс істеген мамандарды әлеуметтік қолдау шараларына тарту туралы тапсырма жүктеген еді. Көп ұзамай-ақ Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарды әлеу­меттік қолдау тетіктерін әзір­леп, нақтылады. Салада жылдар бойы табан аудармай еңбек еткен жұмысшылар зейнет жасына дейін әлеуметтік төлем алатынын білдік. Мұндай төлемдер зиянды еңбек жағдайында жұ­мыс істеп жүрген 55 жасқа толған азаматтарға ұсынылған. Әлеу­мет­тік төлем жайында бірер күн бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов бас­пасөз мәслихатында айтып берген еді.

– Жұмысшылардың құқығын қорғау біз үшін әркез өзекті мәсе­лелердің қатарында тұра­ды. Кейінгі жылдары бұл ба­ғыт­­та бірқатар заңнамалық өз­ге­­ріс енгізіліп, тиісті шаралар іске асты. Соның бірі – еңбек жағдайында зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға төленетін арнайы әлеуметтік төлем. Арнайы төлемді тағайын­дау үшін жұмысшының 55 жасқа толуы және Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы жар­на­­ларының болуы міндетті шарт саналады. Бүгінде зиянды ең­бек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9 145 азаматқа 1,7 млрд теңге сомасында арнайы әлеу­мет­тік төлем тағайындалды, – дейді А.Сарбасов.

Бұл – әрине, биыл жыл басынан тағайындалған әлеуметтік төлемдердің есебі. Яғни осы жыл­дың соңына дейін және келер жылдары мұндай төлем алатын жұмысшылардың саны еселеп көбеюі мүмкін деген сөз. Президент тапсырмасымен іске асып отырған бастамаға төлем 4 көзден қаралапты. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен, Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қо­ры­нан, жұмыс берушіден және өмірді сақ­тан­дыру компа­ния­сынан түсіп отырады. Ста­тистикаға үңілсек, арнайы төлем тағайын­дауға өтініш біл­дір­гендердің көбі Қарағанды облысында тіркеліпті. Онда 1 696 адам төлем алуға ниеттенген. Сол секілді Қостанай (1 180 адам), Шығыс Қазақстан (1 132 адам), Павлодар (1 015 адам), Ақтөбе (599 адам), Ақмола (566 адам), Абай облыстары (505 адам) да  өтініш көп түскен өңірлердің қатарында.

Тақырып төңірегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министр­лігінің Еңбекті қорғау басқарма­сы­ның басшысы Шалқар Оразбековпен байланысқа шы­ғып, пікір сұра­ған едік.

– Жыл сайын елде күнкөріс дең­гейі өзгеріп отырады ғой. Соған сәйкес әлеуметтік төлем­нің сома­сы да өзгереді. Ал жалпы төлемді есептеу тәртібі сол кү­йінде қалады, төрт көзден қара­жат тартылғанын білесіздер. Жұ­­мыс­шылардың өзге саланың ма­ман­дарынан ертерек зейнетке шығу тәжірибесі бізде ғана емес, Испания, Грекия, Хорватия, тағысын-тағы елдерде бар. Біздегі төлемнің де артықшылықтары бар деп айтуға болады. Мысалы, бізде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп әлеуметтік төлем алатындарға өзіндік жеңілдіктер бар. Біріншіден, олар жұмысын жалғастырса болады немесе басқа жеңілдеу жұмысқа ауыса алады. Жұмыс істегегісі келмесе, сол әлеуметтік төлемді зейнет жа­сы­на дейін еш жерде жұмыс істе­­мей-ақ тегін алып отырады, – дейді Ш.Оразбеков.

Басқарма басшысы жыл басынан бері үйлесіп келе жатқан шаруа өндіріске арты­қ салмақ салмайды деп есеп­тейді. Өйткені зиянды еңбек жағдайында күш-жіге­рін тежемей, адал еңбек еткен жұмысшыларды өндіріс басшылығы да жақсы түсінеді.

Арнайы төлемді жобалап есептесек, оның орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгенің шамасында екен. Мұнда жұмысшылар жалақыны да, арнайы төлемді де үзбей алып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауысса, өз еркі. Еш шектеу жоқ. Тіпті болмаса, олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады. Ескеретін жайт, арнайы төлем тек зейнет жасына дейін беріледі. Ал зейнетке шыққан жұмысшыға кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры­нан төленетін төлемдерге қо­сымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалады екен.