Егемен Қазақстан • 23 Тамыз, 2024

«Хат қоржын»

56 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қандастарды сандалтқан бұйрық

Осы №468 бұйрықты 2010 жылғы 28 қыркүйекте сол кездегі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бекіткен. Осы құжатты көлденең тартып, қалалық білім басқармасынан бастап мектепке дейін шетелден келген қазақ баласын оқуға қабылдамай отыр. Сонда талап етіліп отырғаны – «Қандас куәлігі».

«Хат қоржын»

 

Ал Астана қаласына келген кез келген шетелдік қазаққа бұл мәртебе бұйыра бермейді. Оның бірнеше шарты бар. Соның бірі – өз атыңда немесе жақын туысының атында үйінің болуы.

Біріншіден, екінің бірі келе салып үй ала алмайды. Өйткені ықтиярхаты немесе азаматтығы болуы керек. Екіншіден, кәмелетке толмаған балалар тек ата-анасына немесе ата-анасының біріне тіркеліп қана бұл мәртебеге қол жеткізе алады. Үшіншіден, қазір бірде-бір тіке туысы немесе тіпті жамағайын туысы да жоқ, ата-анасының сыныптасы, досы, жақын танысы, тағы басқа сенімді адамына сенімхат арқылы ертіп жіберумен келіп жатқан мектеп оқушылары өте көп. Өйткені олардың ата-анасы тұрып жатқан еліндегі жағдайға байланысты шетелге шыға алмайды. Осы себепті баласы қазақ болсын деген мақсатпен атажұртқа келіп оқысын деп тәуекелге барып жатыр.

Міне, осыдан 14 жыл бұрын қабылданып, содан туындайтын жоғарыда айтылған сол үш мәселеге байланысты жатжұрттан жеткен балалар «Қандас куәлігін» ала алмай отыр. Ол аздай, осының алдында Білім басқармасының «Мектептер «Қандас куәлігіне» өткізді деген қағазбен қабылдай береді» дегені жалған ақпарат болып шықты. Ондай қағаз да есепке алынбай, балалар «Куәлік дайын болғанда келесің» деп қайтарылып жатыр. Ал «Қандас куәлігі» 35 жұмыс күні ішінде дайын болады. Оқу жылы болса, әне-міне басталғалы тұр.

Бала атамекеніне келіп оқимын десе, осындай кедергілер алдын кес-кестейді. Ал үлкені жұмысын, атағын, мал-мүлкін, кіндік қаны тамған туған жерін, туыстарын қиып көшіп келіп, азаматтық алайын десе, тағы алдынан түрлі кедергі шығады. Мысалы, Қарағандыда бір жігіт ықтиярхатпен жүрген моңғолиялық қазақ қызына үйленіпті. Енді ана жас келінге атыңда үйің жоқ деп азаматтық бермей жатыр екен. Үй күйеуінің әкесі – атасының атында көрінеді. Бәрі бірге тұрады екен. Неке куәліктері бар. Сонда туған ұлының әйелін, өз келінін атасы азаматтыққа басында үйі болса да қабылдата алмай отыр.

Жоғарыда аталған бұйрықтың қандас деген бөлігі шетелден келгендердің ұлты қазақ деп өзгермейінше, балаларымыз мектепке кіре алмайды. Сондықтан бұйрыққа тиісті құзырлы орган – салалық министрлік тарапынан тез арада өзгеріс енгізілуге тиіс.

 

Майгүл СҰЛТАН,

ата-аналар атынан хат жолдаушы

 

АСТАНА

 

 

Шәмшінің туған күніндегі қуаныш

15 тамызда тума талант, қазақ ән өнеріндегі айрықша тұлға Шәмші Қалдаяқов 94 жасқа толды. Бұл күн еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтті. Со­лардың ішінде Ақтөбе облысының Қарғалы ауданына қарасты Шәм­ші Қалдаяқов атындағы ауылдағы кездесу өзінің мән-мазмұнымен есте қалды.

Оны ұйымдастырған – осы өлкеге кеңінен танымал іскер азамат, өнер жанашыры, меценат Қайрош Арыстанғалиев. Ауылдың көрнекті орнында, орта мектептің жанындағы алыстан менмұндалап көз тартатын жерде орнатылған Шәмші ескерткіші алдына тұрғындар таңертеңнен жинала бас­тады. Ақтөбеден ат арытып бір топ елге сыйлы, халық композиторының кезекті туған күніне арналған іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар да келіп жетті. Ал арнайы іс-шараны бастан-аяқ жүргізіп, ойдағыдай өтуіне үлкен үлес қосқан жергілікті мәдениет ошағының жетекшісі Гауһар Есетқызына жиналғандар атынан мың алғыс.

Ресми құттықтаулар қатарында облыстың құрметті азаматы Бақыт Ғизатов пен үздік өлкетанушы Баянғали Құлтаев естеліктерімен бөлісіп, халықтың сүйікті композиторы Ш.Қалдаяқовтың өмірінен өте қызықты деректерді жария етті.

Ауылда өткен іс-шара барысында Шәмшінің әнін жасы келген зейнеткер апа орындаса да, мектептің орта буын оқушы баласы шырқаса да, жиынға қатысушы барша жұрт қосыла шырқап, қызу қолдау көрсетіп жатты. Шәмші феномені үлкенді де, жасы кіші өскелең ұрпақты да өнерге ұмтылдырып, өмірді нұрландырып, шат көңілге бөлеуімен де айшықталады.

Маңызды мәдени іс-шара Ақтөбе қаласының төріндегі ағайынды Жұбановтор көшесінде одан әрі жалғасын тапты. Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған бұл өнер кеші де орындаушылар мен табиғат аясында тегін концерт тамашалаған көпшіліктің көңілінен шықты. «Тамды аруын» тамылжыта шырқаған орындаушы мен баян аспабының сүйемелдеуімен трио орындаған әндерді еліте тыңдаған ересектер мен жастар да үлкен қуанышқа бөленді.

Осылайша, халықтың қалаулы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні мәнді де әрлі әсерге бөлеп, көпшілік рухани нәр алған маңызды іс-шара ретінде есте қалды.

 

Исатай ҚАМБАРОВ,

өнерсүйер топ өкілі

 

АҚТӨБЕ