Сена жағалауында өнер көрсететін отандастарымыздың арасындағы ең атақтысы – Зүлфия Габидуллина. Биыл күзде 59 жасқа толғалы отырған ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода болған Паралимпиадада еркін тәсіл бойынша 100 метрге жүзіп, алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Бұл – талай жылғы тарихы бар аталған жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына түскен алғашқы бас жүлде. Сондай-ақ Габидуллина 50 метрге еркін жүзуді төртінші және шалқалай жүзуде алтыншы орындарға табан тіреді.
Зүлфия Рахатқызының одан да басқа толып жатқан атақтары бар. Жерлесіміз бірнеше рет Германияның ашық біріншілігінде топ жарып, әлемдік рекордты жаңартты. 2014 жылы Инчхондағы Параазия ойындарында теңдессіз деп танылса, 2015 жылы Глазгодағы әлем чемпионатында қос қолаға қол жеткізді. 2017 жылы Мексикада Саттар Бейсембаевтың шәкірті әлем чемпионы атанып, Халықаралық Паралимпиада комитетінің «Дүниежүзілік жеңістер сериясы» аталымы бойынша арнайы сыйлығына ие болды.
Атбасарлық Давид Дегтярев 2021 жылы Токиодағы ойындарда топ жарды. Пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен ол қарсылас шақ келтірмеді. Чемпионның көрсеткіші – 174 кг. 29 жастағы спортшының да екі дүркін әлем чемпионы, Паразияда жеңімпазы деген атақтары бар. Сондай-ақ кейінгі екі Паралимпиадада жеңіс тұғырына көтерілген Раушан Қойшыбаева мен Нұрдәулет Жұмағали да Парижге аттанып барады. Олардың мақсаты – алтын алып, Қазақ елінің әнұранын шырқату. Рио-де-Жанейрода пауэрлифингтің қас шебері Раушан күміспен күптелсе, жүзуші Нұрдәулет қола медальды мойнында жарқыратты.
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы ең маңызды жарыста жоғарыда есімі аталған төрт саңлақтан бөлек, Әли Мақұлбеков (пара үстел теннисі), Жаңыл Балтабаева мен Бибарыс Спатай (параканоэ), Севда Әлиева мен Еркін Ғаббасов (пара нысана көздеу), Сиязбек Дәлиев пен Мұратбеков (пара жүзу), Дастан Мұқашбеков, Жоламан Еламан, Гүлбақыт Қайыржанова, Салтанат Әбілқасымқызы (пара жеңіл атлетика), Нышан Өмірәли, Нұрлан Домбаев, Кәмиля Досмалова, Милана Красавцева (пара таэквондо), Рахметжан Хамаев, Тұрсынай Қабыл, Станислав Шәкиев (пара пауэрлифтинг), Берік Ізмағанбетов, Пердебай Намұратов, Нұртау Мұқанбетқалиев, Жанғали Сүйеуов, Бауыржан Сартаев, Қуаныш Тәжіков, Ерлан Битеміров, Ерік Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов, Ерболат Алтаев, Ақылбек Шикібаев, Ерасыл Әбдібек (волейболды отырып ойнау), Бауыржан Арыстанбеков, Ақмарал Науатбек, Зарина Райфова, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Өтепов, Даяна Федосова, Ерғали Шәмей, Жұрқамырза Шүкірбеков, Аяла Мереке және Әлфия Тлеккабыл (парадзюдо) сынды спортшылар шеберлік байқасады.