Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Маңызы жоғары V Дүниежүзілік көшпелілер ойыны іс-шарасының елімізде өтуі туралы алғашқылардың бірі болып Вьетнамның «Communist Party Of Vietnam» электрондық газеті ақпарат жариялады. Кейінірек Еуропаның «Commonspace.eu» сайты Қазақстанның көшпелілер ойынын өткізетінін, бұл бағытта жеткен жетістіктерімізді хабарлады. Қытайда «Young Pioneer Tours» атты қоғамдық ұйым бар. Ұйымның ақпараттық ресурсы дүбірлі доданың аңдатпасы, әлем елдері іс-шарадан не алатыны туралы, неліктен бұл ойындарға қатысу керек екенін талдап, сараптамалық материал ұсынса, Ұлыбританияның кейбір басылымдары ойынға қатысты sold-out (сатылым болжамы) зерттеу жүргізген. Британдық танымал «Wanderlust» рейтингтік журналы еліміздегі ойынды тамашалауға тиіс іс-шаралар тізіміне қосқаннан бері айтулы додалар билеттерінің сатылымы ұлғайған.
Шетелдік сайттарда («Responsible Travel», «YellowWood Adventures», «Wild Frontiers» т.б.) Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын тамашалауға келушілер үшін саяхат құны 2 399-2 999 фунт стерлинг аралығында екенін жазған. «Wild Frontiers» туристік агенттінің блогінде көшпелілер ойындары мен еліміздің көрікті жерлеріне жоғары баға берілген бірнеше пікір жарияланды. Хейли Клитер «The unique nomadic sports you’ll see at the world nomads games» атты мақаласында: «Әлем қазір жазғы Олимпия ойындарына қызу дайындалып жатыр, алайда биыл біздің бойымыздағы қанымызды ойнататын нағыз спорттық оқиға – V Дүниежүзілік көшпелілер ойыны» деп жазып, этноспорт ойындарын тамашалауға шақырды.
Саяси ғылымдар докторы Стюарт Мюррей «Georgetown Journal of International Affairs» атты сұхбатында аталған жарыстың мемлекеттер достастығын нығайтып, дипломатиялық қарым-қатынасты жақсартудың жарқын үлгісі екенін тілге тиек еткен. Астананың көшпелілер ойындарын өткізу елдегі туризмді өрістетіп, өзіндік имиджді қалыптастыруға оң әсер ететінін айтады.
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 4-курс студенті